Basty bet
Тарихы терең Тараз қаласына танымдық саяхат
Тараз қаласындағы тарихи орындарға саяхат жасау көптен бері ойымызда жүрген жоспар еді. Бірақ әртүрлі жағдайларға байланысты бара алмай жүрдік. Соның сәті енді түскендей. Теріс, Бақалы және Қосбөлтек ауылдарының азаматтарымен бірге жақында Тараз қаласындағы тарихи орындарды аралап қайттық. Топтың құрамында еңбек ардагерлері, қоғамдық кеңестің мүшелері, мәдениет қызметкерлері және әкімшілік қызметкерлері бар.
Бір округтің адамдары бір-біріне бұрыннан таныс, етене жақын. Сондықтан жолға шыға салысымен әзіл-қалжың, жұмбақ айтып, әндетіп Айша бибі ауылында орналасқан Айша бибі кесенесіне тез жетіп қалдық. Үлкеніміз Бердіқұл қарияның жасы 83 жаста болса, ең жасы медбикеміз Эсьмира Ғалымжанқызы болды.
Айша бибі кесенесіне келген сайын әртүрлі әсерде болатынымыз анық. Себебі адам есейген сайын оның таным-түсінігі де өзгереді емес пе?! Айша апамыздың кесенесіне кіріп, қабірінің басында отырмыз. Имам Құран аяттарын оқып жатыр. Біз қиялмен өткен ғасырларға барып қайтқандаймыз.
Айша апамыз қандай қайсар кісі болған. Өзінің сүйген жігітін іздеп жолға шыққан. Оған біздің салт-дәстүріміз, ислам діні қарсы. Осыларды басшылыққа алған әкесі де оған қарсы. Бірақ, қайсар қыз алған бетінен қайтпайды. Қасына қырық қыз ерткен Айша қыз жолға шығады. Бірақ, Аса өзеніне келгенде жылан шағып қайтыс болады. Қандай өкініш. Құранның сарынымен бойыңа өкініш мен өксік жас келеді. Жан-жағыма қараймын, бәрі қалың ойдың құшағында отыр.
Кесененің айналасы көп өзгерген. Жағалай киіз үйлер орын теуіп, қасиетті орыннан тәбәрік ретінде естелік сатып алуға болады. Дәрілік шөптер, тәспінің небір түрлері, Құран кітаптар, тақиялар мен ұлттық тамақ түрлері жайнап тұр. Бұл кесенені көру үшін тек қазақстандықтар емес, алыс-жақын шет елдерден арнайы ат арылтып келетіндердің қатары көп.
Келесі аялдамамыз «Тектұрмас» мәдени-демалыс орталығында жалғасты. Әулие-Ата кесенесіне көтерілгенімізде облыстың орталығы Тараз қаласы түгелге жуық көрінеді. Кесене биік жерде орналасқан. Төмен қарай Талас өзеніне дейін бірнеше тарихи көрініс. Тектұрмасты қорғайтын қамалдың үстімен жүріп келе жатырмыз. Сарқырама судан салқын леп келіп тұр. Төменде Талас өзені. Тектұрмастың төмен түсетін қақпасына келіп жеттік. Әртүрлі жануарлардың мүсіні қойылған.
Тарихқа қызығушылық танытқан адамға қасиетті Жамбыл облысында тарихи орындар көп. Мысалы Тараздан ары 40 шақырым жерде Ақыртас кесенесі, одан Құлан қазба жұмысы, одан ары Баласағұн, Суяб қаласы, Ұлбике ақын жатқан жер, Таласта Тұрар Рысқұловтың әкесі жатыр, одан ары Ықылас Дүкеновтың мұражайы, тағы басқа киелі орындар бар. Келер ұрпақ сұрап қалса, біздің «білмеймін» дегеніміз өте ұят. Сондықтан өңір тарихын білгеніміз өзімізге жақсы.
Рухани-танымдық сапарымыз Қарахан мазарында жалғасты. Ішіне кіріп Құран бағыштадық. Көптен бері кірмеген Дәуіт бабаның қасындағы мешіт еді. Оған да кіріп Құран бағыштадық. Біз барғанда республикалық мұражай жөндеуде болғандықтан, біз ашық аспан астындағы қазба жұмыстармен таныстық. Қазба жұмысын мұқият қарасаңыз, қаланың бірнеше рет талқандалып, қайта соғылғанын көруге болады. Ол жердегі су құбырлары мен ескі монша, күйдірілген кірпіштерден бастап қазіргі кезде қолдантын кірпіштерді де көруге болады.
Облыстық өлкетану мұражайының бөлмелері кең әрі жарық, безендірілуі қазіргі талапқа сай. Әр бөлме кезең-кезеңге бөлінген, барлық бөлменің таныстырушы қыздары бөлек. Тас дәуірінен бастап, қола, темір дәуірін айтып, ғұндар кезеңін түсіндіріп бірден түркі әлемі туралы да ақпараттар берді.
Қайтар жолда Жәнібек пен Керей ханның кесенесіне тоқтадық. Керей мен Жәнібек – қазақ хандығының негізін қалаған хандар. Бұл деректер Мұхамед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде айтылады.
Танымдық сапар барысында көп нәрсе көрдік, рухани әлемімізді кеңейтіп, ойымызға көп нәрсе түйгеніміз анық. Болашақта мұндай тарихи орындарға саяхатты жалғастырсақ деген ойымыз бар.
Аташбек ӘМІРҚҰЛҰЛЫ,
Көкбастау ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы