Basty bet

Этнос өкілдерінің фестивалі

Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы негізінде аудандық білім бөлімі мен аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты қазақтың ұлттық өнерін жетік меңгерген этностық топ өкілдерінің фестивалі өтті.
Шараның мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін Қазақстанда тұратын этностық топтар арасында жан-жақты насихаттау және дамыту, этностар арасында қазақ халқының дәстүрлі өнерін жетік меңгерген талант иелерін анықтау, халық бірлігін, достығын және патриотизмін нығайту.
Фестивальдің алғашқы құттықтау сөзі әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эсмира Мамедова және өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Зубайда Мажитоваға берілді.
– Бүгінгі іс-шара ұлтаралық қатынастарды нығайтуға арналған. Қазіргі уақытта бұл өте маңызды. Фестивальдің тамыры тереңде екенін атап өткім келеді. Бұл фестиваль балалардың бойында толеранттылықты қалыптастыруға, оларға патриоттық тәрбие беруге, Отанын сүюге, сондай-ақ өзге этностарды құрметтеуге бағытталған,- деп атап өтті Э.Мамедова.
Келесі сөз кезегін алған З.Мажитова:
«Ұлтаралық татулықтың арқасында бүгінде ел аман, жұрт тыныш. Осы берекеміз бұзылмасын. Орыс-қазақ немесе басқа ұлт деп бөлінбей, ірге ажыратпай, елімізді жаңғыртудың келелі де, кешенді шараларына ұйымшылдықпен қатысып, өнер көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіремін!» деді.
Концерттік бағдарлама да өнерпаздардың 10 шығармашылық нөмірі ұсынылды. Айтулы шараны №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Айла Мамедова «Қазақстан» әнімен ашты. Келесі кезекте өнерпаздар «Бейбіт елдің тұрғыны», «Туған жер», т.б. патриоттық әндер шырқап, қазақтың ұлттық билері «Қамажай», «Қара жорға», «Тойбастар» билерін билеп, өнерлерін ортаға салды.
Аталған шараға Т.Тастандиев атындағы орта мектеп, №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназия, №25 Ақтөбе тірек-мектебі, №21 Д.Пахомов атындағы, №16 С.Сейфуллин атындағы, №6 А.Пушкин атындағы, №24 Т.Рысқұлов атындағы, №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептерінің оқушылары қатысып, өнер көрсетті.
Қатысушылар әуелеген әсем әндері мен мың бұралған билерімен көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны анық.
Шара соңында аудандық білім бөлімінің әдіскері Валентина Ефремова фестивальға қатысқан барлық өнерпазға Алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close