Basty bet

Арманы – баспанаға қол жеткізу

«Әйел, бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», деген екен дана халқымыз. Қандай нақтылы айтқан ой десеңізші. Шындығында әйелдер қауымынсыз, мына әлемді елестету мүмкін емес.
Әйелдің мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды.
Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Бұлай дейтініміз, адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген.
Бүгін біз Шақпақ ауылдық округіне қарасты Т.Дүйсебайұлы ауылында тұратын көпбалалы ана Арайлым Сыдықбекова жайында әңгімелеуді жөн көрдік.
Арайлым Сыдықбекова 1988 жылы Сұрым ауылында дүниеге келген. Анасынан жастайынан жетім қалып, әкесі Несіпбай Сыдықбековтың тәрбиесінде өседі. Жетімдікті де, жоқшылықты да көріп өскен Арайлым Несіпбайқызы небәрі 17 жасында Нұрбол есімді жігітпен танысып, тұрмысқа шығады.
Бүгінде Арайлым көпбалалы ана. «Күміс алқа» алқасының иегері. Үлкен қызы Алина Тараз қаласындағы Абай атындағы педагогикалық колледжінің білімгері болса, одан кейінгі Әлихан, Алима, Нұрислам, Бекназар есімді ұл-қыздары Т.Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектептің 9-7-5-1 сыныптың оқушылары. Ал, ең кенже қызы Айару 5 жаста. Ұл-қыздарының барлығы дерлік оқуда озат, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсенді араласатын өжет, алғыр балалар.
Көпбалалы ана балаларына мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекті алады. Мұның өзі шиеттей балалары бар үйге үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті.
– «Балалы үй – базар», деп дана халқымыз тектен-текке айтпаса керек. Алланың берген алты баласын өсіріп отырмыз. Мен келін болып түскеннен кейін 15 жылдай бала тәрбиесімен үйде отырдым. Бала кезімде жоқшылықты көп көрген едік. Әкем жалғыз өзі бізге қарады. Соның себебі болар, қазір балаларымнан ешнәрсені аямай, керек нәрселерін алып бергенді жөн санаймын. Балаларым бақыттан күліп-ойнап, бал-бұл жайнап жүрсе – ата-ана үшін үлкен қуаныш емес пе?! Қазақта «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, ал он бестен асқан соң досыңдай сырлас» деген керемет нақыл бар. Сол нақылды отағасы Нұрбол екеуміз жақсы ұстанамыз. Кешкісін жұмыстан үйге барған соң, балаларымның сабақтарын түгендеп, оқуларына қарап, сырласып отырамын, – дейді көпбалалы ана.
Арайлым Несіпбайқызы 2019 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, қайтарымсыз грант қаражатын ұтып алған. Ұтып алған грант қаражатына екі сауынды сиыр сатып алып, оның сүтін аудан орталығындағы сүт зауытына өткізіп отырады.
Одан кейін, Тараз қаласындағы «Ләззат» сұлулық салонында бір ай көлемінде тырнақ әрлеу ісін үйренеді. Бұдан соң Нұр-Сұлтан қаласындағы «Мадина» сұлулық салонында іс-тәжірибеден өтіп, «кәсіби тырнақ әрлеуші» сертификатын қолына алады.
Бүгінде көпбалалы ана аудан орталығындағы «Кәусар» сұлулық салонында тырнақ әрлеуші болып жұмыс істейді. Кейде тіпті сұраныспен қыз-келіншектердің үйлеріне барып тырнағын әрлеп береді. Арайлымның ендігі мақсаты ауданнан үлкен жеке сұлулық салонын ашып, кәсіптің көзін табу болып отыр.
Ал, отағасы Нұрбол Нұржанұлы ауылда әртүрлі жұмыстар істейді.
Арайлым Несіпбайқызының айтуынша, аудан орталығындағы жұмысқа күнделікті ауылдан қатынау қиынға соғады. Жолақысы тағы бар. Осы ретте, аудан орталығындағы көпбалалы аналар мен мұқтаж жандарға берілетін көпқабатты үйлердің кезегіне де жазылған екен. Алайда кезекте 184-ші болып тұрғанын және кезектің жылдамырақ жылжып, шыныменде баспанаға мұқтаж жандарға берілуін аудан басшылары назарға алып, қадағаласа деген тілегін де жасырмады.
Ендеше біз де, аяулы ана, ардақты жар Арайлым Сыдықбекованың тілегі мен алға қойған жоспарлары орындалсын деген тілек біліреміз!

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close