Basty bet

Ауданда жас патриоттар академиясы ашылды

Жуалы – желі ескен жоталарындай биік рухтың, қарлы Алатаудай қайсарлықтың мекені. Бұл қасиетті өңір – талай баһадүрлер мен ел қорғаны болған ерлердің туған топырағы. Олардың қатарында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі ерекше аталады. Оның ерлігі мен әскери шеберлігі жас ұрпаққа мәңгілік өнеге.
Ауданнан шыққан генералдар – бір ғана ауданның емес, тұтас елдің мақтанышы. Бұл өңірден түлеп ұшқан генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, генерал-майор Шаймерден Жәнібеков, Талғат Мамыров, Абай Тасболатов сынды ел қорғаны болған асыл азаматтар – бүгінгі ұрпаққа елжандылық пен Отанға қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Олардың өмір жолы – ерлік пен отаншылдықтың, темірдей тәртіп пен табандылықтың айқын айғағы. Міне, осындай тұлғалардың өнегесі мен ерлігі – Жас патриоттар академиясын ашуға негіз болған тарихи әрі рухани алғышарттар.
Өткен аптада аудан орталығындағы білім ошақтарының бірі №19 Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназия базасында еліміздің тарихындағы тағылымы терең, маңызы зор үш бірдей оқиға – Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 33 жылдығы аясында «Жас патриоттар академиясының» салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бұл игі бастама – Жуалы жерінде тамыры терең, тарихи негізі бар патриоттық тәрбие жүйесінің жалғасы. Академия жас ұрпақты Отанын сүюге, елінің тарихын құрметтеуге, отансүйгіштік пен азаматтық белсенділікке тәрбиелейді. Сонымен қатар, әскери машықтар мен патриоттық рухты ұштастыра отырып, болашақ сарбаздарды даярлауға бағытталған маңызды жоба.
Салтанатты шараға қоғам мен білім саласының белді өкілдері – ҚР «Үздік мемлекеттік қызметшісі», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері Гүлзира Дарибаева, Жамбыл облысы ҚХА медиаторы Ғайни Көшекбаева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Бұзаубақова, запастағы подполковник Рамиль Тартыков, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілі, подполковник Бауыржан Қансейітов, Жамбыл облысы «Интернационалист жауынгерлер» одағы қоғамдық бірлестітігің орынбасары Марат Тортбаев, әскери бөлімінің командирі, подполковник Алмас Отыншынов, жұмылдыру бөлімше бастығы Мухамед-Али Бекбауов, Жуалы ауданының прокуроры Ильяс Тойшыбеков және өзге де ардагерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері мен қоғамдық бірлестік мүшелері қатысып, жас патриоттарға ізгі тілектерін білдіріп, олардың бойына рух пен сенім дарытатын құнды ойларымен бөлісті. Аталған бағыттағы жұмыс Қазақстан халқы Ассамблеясы медиаторларының, облыстық білім басқармасы жанындағы білім беру ұйымдары медиаторлар кеңесінің және «Қарулы Күштер ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының бастамасымен және тікелей жетекшілігімен жүзеге асырылды.
Іс-шара барысында Академия мүшелері патриоттық әндер шырқап, саптық және әскери дайындық бойынша шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар, Академияның мақсаты мен болашақтағы жоспары таныстырылып, мүшелік куәліктер салтанатты түрде табысталды. Іс-шара соңында «Мұрагер» бейбітшілік шарты әскери күштерінің ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарушысы Саят Ділдәбаев академияның ашылуына зор үлес қосқан азаматтарды Алғыс хаттарымен марапаттады.
Жас патриоттар академиясының ашылуы Жуалының батырлық болмысынан бастау алған, ел мен жерге адал қызмет ету идеясын дәріптейтін үлкен рухани серпіліс. Бұл – ерлікке толы өңірден шыққан дара тұлғалардың өнегесін жалғайтын, ел болашағын қалыптастыратын ұлы қадам. Аталған іс-шара Жамбыл облысы бойынша әскери-патриоттық тәрбиенің дамуына зор үлес қосып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.

Валентина Ефремова,
Жуалы ауданының білім
бөлімінің әдіскері

Таңдаулы материалдар

Close