Basty bet

Ерлік даңқы ешқашан өшпейді!

Қазақстан халқының атаулы мерекелерінің бірі – 7 мамыр Отан қорғаушылар күні. Әрбір отбасынан бастап мемлекетке дейін ер азаматтарға ерекше құрмет көрсетіліп, олардың батылдығы мен ерлігі дәріптелетін күн. Бұл күні Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тылда еңбек еткен қарттарға ерекше сый-құрмет көрсетіледі.
Еліміздің Қарулы күштері біздің тыныштымыз бен бейбіт аспанымызды қорғайды. Балалардың алаңсыз білім алып, ойын ойнап, ата-анасының жанында бақытты өмір сүруі үшін еліміздің тыныштығын қорғайды.
Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 80 жыл толып отыр. Арада қаншама жылдар өтсе де соғыстың зардабы ешқашан ұмытылмақ емес. Ол күндер әлі күнге дейін халық жадында. Бұл күн еліміз үшін тарих болып қала бермек. Сол сұрапыл жылдарды еске алу мақсатында Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда әдістемелік бірлестіктер арасында патриоттық әндер байқауы өтті.
Мерекелік ән байқауын мектеп директоры Мұхамеджан Бейшенов ашып, ұстаздар қауымын Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтай келе, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Адамзат тарихындағы ең қасіретті соғыстың аяқталғанына 80 жыл өтіпті. Зарықтырып жеткен Ұлы Жеңіс күнінің қадірі барлығымыз үшін қымбат. Сол үшін мына бейбіт заманды қадірлей білейік, құрметті әріптестер!- деді мектеп басшысы.
Байқауға барлық әдістемелік бірлестіктің мүшелері қатысып, соғыс және Ұлы Жеңіс, Отан туралы әндер шырқалды.
Байқау технология бірлестігінің ұстаздары Людмила Беспалова мен Самат Сейтімбетовтың орындауындағы «Катюша» әнімен бастау алды. Әрмен қарай бастауыш пән бірлестігінің ұстаздарының «Ана туралы баллада» әні көрерменнің ыстық ықылысына ие болса, ағылшын тілі бірлестігінің ұстазы Самал Аманбаева «Әлия» әнін нақышына келтіріп орындады. Одан бөлек, батыр қыздарымыз Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова жайлы тарихи көріністі көрермендер ерекше толқыныспен тамашалады. Сонымен қатар, жас мамандар «Эхо любви», «Не плачь, девчонка» сынды қазақ және орыс тіліндегі танымал патриоттық әндерді ерекше шабытпен орындап, көрермен көзайымына айналды. Осылайша ұстаздар өз өнерлерін ортаға салды.
Шара соңында мектеп директоры Мұхамеджан Бейшенов іс-шараға қатысқан ұстаздарға алғыс білдіріп, оларды Алғысхатпен марапаттады.

Клара Бабаханова,
Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-
гимназияның мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close