Basty bet

Еңбектен қол үзбеген еңбек ардагері

Адамның өмірі еңбекпен тығыз байланысты. Ата-аналарымыз бізді бала кезден бастап еңбекке, жұмысқа баулып өсіреді. Себебі, адам мен еңбек – ажырамас ұғым іспетті. Менің пікірімше, бұл өмірде үлкен табысқа, тек еңбекқор адамдар ғана жете алады. Халық игілігі үшін ерінбей тер төксек, болашақта біздің еліміз де дамып, көркейе түсетіні даусыз.

«Еңбек бар қиындықты жеңбек» демекші, бүгін біз өзінің еңбекқорлығымен ауыл-аймаққа үлгілі болып отырған ізгі ниетті жандардың бірі – «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Баймұхан Исламов туралы әңгімелейтін боламыз.
Баймұхан Исламов 1944 жылы Түркіменстан Республикасында дүниеге келген. Әкесі Ислам мал шаруашылығымен айналысса, анасы Ақсұлу сауыншы болған.
Кейіпкеріміз осында төрт сыныптық мектепті бітірген. Жастайынан еңбекке араласып өсіп, туған жерінде мақта өсірумен айналысады.
1968 жылы Айымкүл Тәжиеваны кездестіріп, шаңырақ көтереді. Отағасы Баймұхан Исламов екеуінен 21 ұрпақ өрбіген.
Қазақ жеріне 1992 жылы қоныс аударып, қазіргі Нұрлыкент ауылындағы «Бурное октябрьское» совхозында қарауыл болып жұмыс жасаған. Бүгінде Баймұхан Исламов сексенді алқымдаса да «Ер-Шабай» шаруа қожалығының ісін дөңгелетіп отырған жайы бар. Іргесі 2000 жылы құрылған шаруа қожалықтың атауы Баймұхан ақсақалдың атасының есімінің құрметіне қойылған екен.
Шаруа қожалықтың иелігінде 135 гектар жер бар. Мұнда жыл сайын арпа, бидай, сәбіз, қырыққабат секілді дақылдар егіледі. Дайын өнімді Шымкент қаласының орталық базарынан саудагерлер алып кететін көрінеді. Одан бөлек, мал шаруашылығын да қоса игеріп отыр.
– Өздеріңізге белгілі, биыл жауын-шашын молынан түсті. Егін де молынан өнімін берді. Қазіргі таңда ұлым Хамит екеуміз шаруа қожалықтың жұмысын бірлесіп атқарудамыз. Қырыққабат пен сәбіздің тұқымын Тараз қаласынан алдырамыз.
«Жер ананы жақсы күтсең, өнімін де жақсы береді» дегендей көктем, жаз, күз айларында еккен егініміз жақсы шығуы үшін тынбай еңбек етеміз. Шаруа қожалықта сегіз адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жұмысшылардың еңбекақысы істеген жұмысына қарай күндігіне беріледі. Әсіресе, маусымдық жұмыс кезінде қызу тірлік басталады. «Еңбек түбі – береке» дегендей, тынбай еңбектенгеннің арқасында еккен егініміздің жемісін де көріп отырмыз.
Қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбаев он тоғызыншы қара сөзінде «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» деген екен. Сол секілді, адамның жақсы болуы қиын да, жаман болуы бір-ақ сәтте. Саналы адам ғана діттеген мақсатына жете алады, – деген Баймұхан ата бұрынғыдай колхоз ашылса деген ойын да жеткізді. Ол өз сөзінде «Колхоз секілді кооператив құрылса, әр қалада жұмыс таппай сенделіп жүрген жастар өз туған жерінен жырақтамай, жұмысқа орналасуға мүмкіндік туар еді. Ауданның экономикасы біршама көтерілер еді» дейді.
Қазіргі таңда Баймұхан Исламов, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ұл-қызын 45 шақты немере сүйіп отырған жайы бар.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close