Basty bet
Дарханның «Рональдасы» І орынды иеленді
Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары өздерінің аулаларындағы қора-жайларды үлкейтіп, төрт түліктің түрлерін көбейтуге басты көңіл бөлінуде. Себебі, бұл ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы. Сонымен бірге, ауыл жастары өз кезегінде малдың қосымша табыс көзі екенін түсініп, олар да жеке шаруа қожалықтарын құрып, егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығын дамытуды қолға алуда.
Әрине, ауыл жастарының ата кәсіпке ден қоюы қуантарлық әрі құптайтын жағдай. Олардың бірі мүйізді ірі қара малын өсірсе, енді бірі жылқы мен қойдың басын көбейтіп, оларды асылдандырып жатқан жайлары бар.
Осындай азаматтың бірі – Күреңбел ауылының тұрғыны Дархан Станбеков. Ол 1987 жылы Күреңбел ауылында туған. Осы ауылда бастауыш сыныпқа барып, әрі қарай отбасымен Алматы қаласына қоныс аударып, білімін сол жақта жалғастырады. Мектепті аяқтаған жас жігіт Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсіп, емдеу ісі бойынша мамандық алып шығады. Мұнымен тоқтап қалмай интернатураны Қазақ-Ресей медициналық университетінде оқып, жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын алады. Әрі қарай магистратурға құжат тапсырып, қосымша пульмонолог дәрігер болады. Еңбек жолын Алматы қаласындағы Туберкулез институтында фтизиатр дәрігер болып бастап, үш жыл жұмыс істейді.
Бірақ жаны төрт-түлікке жақын Дархан Алматы қаласындағы барлық жұмысын тастап туған ауылына көшіп келеді. Ауылға келіп бұрыңғы «Күреңбел» колхозының базасын сатып алып, ішіне жөндеу жүргізіп, 2017 жылы «Жанасыл» шаруа қожалығын құрады.
Шаруа қожалықтың 54 гектар жері бар. Ол жерге арпа мен жоңышқа егеді. Оған қоса жылқы, қой шаруашылығымен айналысады.
Дарханның атасы Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек ері Кенжеқұл Станбеков «Күреңбел» колхозында 40 жыл жылқышы болған. Төрт-түлік десе ішкен асын жерге қоятын Дарханға бұл қасиет атасынан дарыған десек артық айтпағанымыз. Әкесі де малға жаны жақын адам. Шаруа қожалықтың жұмысына әкесі бас-көз болып жүр.
Қазіргі таңда бұл шаруашылық қойдың санына емес, сапасына жұмыс істеуде. Олар басқа облыстардан асыл тұқымды қойдың тұқымын сатып алып, одан тұқымдық алып, асылдандыруда.
Жастайынан мал өсіруге қызығатын Дархан Рақманқұлұлы дегеніне жетіп, бүгінде шаруа қожалықтың иелігінде 70 бас жылқы мен екі отар қойы бар.
– Қой тұқымын асылдандырып, экспортқа шығару – заман талабы. Қойды күтіп-баптап, теңестіре азықтандырып, қыста суыққа, жазда ыстыққа ұрындырмай бағу керек.
Елімізде кейбір шаруашылықтар қойды қыс уақытында ғана емес, тіпті жазда да дұрыс азықтандырмай жыл бойы тек қана жайылым шөбімен қоректендіріп келеді. Табиғи жайылым мал шаруашылығының мұқтаждығын толық өтей алмайды. Құнарлы азық бергенде ғана малдан неғұрлым мол әрі сапалы өнім алуға болады. Рас, қой өзінің жаратылысында жайылым малы, көк шөп оның табиғи азығы, оларды жайылымсыз өсіріп көбейту мүмкін емес.
Қойдың азық рационында протеин жетіспесе, жүнінің өсуі нашарлайды. Соның салдарынан отарда екінші класқа жататын малдың саны көбейе түседі. Оның үстіне бұл кезде өскен жүннің сапасы төмен, жүн талшықтары жіңішкеріп «қырқылжынданған» болып келеді. «Қырқылжыңданған» жүн үзілгіш болғандықтан, төменгі сортқа жатқызылады әрі бағасы анағұрлым төмен болады. Яғни, қойға азығын уақтылы бермесеңіз немесе азайтсаңыз бірден азып кетеді.
Қожалықты үлкен арман – мақсатпен құрған болатынмын. Болашақта асыл тұқымды қой мен жылқыны көбейтіп, өзімнің ауылымды, аудан, облыс орталығын етпен қамтамасыз етсем деп ойлайтынмын. Аллаға шүкір, әр нәрсе өз уақытымен болады екен. Қазіргі таңда қойдың асыл тұқымдысын өсірудемін. Оған сұраныс жоғары,- дейді Дархан Рақманқұлұлы.
Қожалық иесі қазіргі таңда бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олар қожалықтағы малдарды жыл он екі ай бағады. Өздеріңіз білетіндей, қазір тұрақты малшы табу өте қиын. Өйткені көбісі жалақымен келіспейді немесе тұрақты тұратын жерлері болмай, ауыр жұмысқа шыдамай кетіп жатады.
Қожалық жем мен шөпті өз жерлерінен дайындайды. Кейіпкердің сөзінше, малды күтіп-баптау үшін де талмай еңбектену керек. Ол бүгінде, қандай да бір малы ауырып қалса да емін тауып, кітаптарды ақтарып, дәрі салып, ауруын жазып алып отыруды да жақсы меңгерген
Биыл Тараз қаласында асыл тұқымды қойлардың арасында өткен байқауда Дархан Станбековтың «Рональдо» деп аталатын қошқары бойы мен түсі жағынан облыс бойынша бірінші орынды иеленіп, қожалық иесіне Алғысхат пен теледидар сыйға тартыпты. Бұл – шаруа үшін үлкен қуаныш.
Қожалық иесі Дархан болашақта өзінің фермасы жағынан тоған жасап, оған форель мен сазан балығын жіберсем деп отыр. Оған қоса бие байлап, қымыз дайындап, өз ауылыма, туған жеріме пайдам тисе дейді.
Саны бар, сапасы жоқ мал ұстағанша, кеткен шығынды ақтайтын, мол өнiм беретiн мал ұстағанға не жетсiн! Осы бағытта жұмыс істеп жатқан «Жанасыл» шаруа қожалығына біз тек қана табыс тілейміз. Келесі іссапарда шаруа қожалықтың форель мен сазан балығын көріп қымызынан дәм татып қайтатын күн болсын!
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»