Basty bet
Пошта қызметі заман талабына сай түлеп, түрленіп келеді
9 қазан – пошта қызметкерлерінің төл мерекесі. Біріккен Ұлттар Ұйымы ауқымында атап өтілетін бұл күн 1969 жылы пошташылардың Токиода өткен конгрессінде ресми бекітілген.
Қазақстанда ресми пошталық байланыс бөлімшесі алғаш рет 1860 жылы қазіргі Алматы қаласында ашылған. Ол көп ұзамай пошта-телеграф кеңесі болып қайта құрылған.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары пошта саласында көптеген қиындықтар болған.
Елімізде алғашқы пошта қызметі 1993 жылы 5 сәуірде құрылған. Яғни, ресми түрде мемлекеттік мәртебеге ие болған “Қазпошта” қызметіне биыл 31 жыл толды.
Ақпараттық технология дамыған бүгінгідей заманда пошташының жолына қарап, хат күтетін кезеңдер артта қалды. Бір қарағанда пошта қызметінің маңызы азая түскендей. Алайда олай емес. “Қазпошта” акционерлік қоғамы еліміздің шалғай жатқан ауылдарын қамтитын ең кең трансфер-агенттік желіге ие.
Аудандық пошта байланыс торабында күн сайын қарбалас тірлік. Мекемеге тұрғындар зейнетақы, жәрдемақы алуға, сәлемдемелерін жіберуге, түрлі төлемдер төлеуге, газет-журналдарға жазылуға, тағы да басқалай қызмет салалары бойынша келеді. Яғни, алғашында газет-журнал, хат тасымалдаумен ғана айналысқан пошта қызметі заман талабына сай түлеп, түрленіп келеді.
Аудандық “Қазпошта” байланыс торабына қарасты 12 байланыс бөлімшесі бар. Онда барлығы 80-ге жуық қызметкер жұмыс істейді.
Аудандық орталық пошта байланыс торабында басшы, басшының орынбасары және есепші, бас касса маманы, бес оператор, екі сұрыптаушы, алты инкассатор мен жеті пошта тасушы қызмет етуде.
Аудандық “Қазпошта” байланыс торабына бүгінде Темірлан Қуатұлы басшылық етеді.
Пошта қызметінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар аз емес. Атап айтқанда, басшының орынбасары Алуа Мамаева, бас касса маманы Гүлмира Бурбекова, есепші Ұлбосын Баймұсаева, оператор Гүлсара Тұрсынбаева, сұрыптаушы Тоғжан Биғазиева, Марина Бехтольд, инкассатор Ғалымжан Шамшиев, пошташы Тамара Карнаухова, тағы ды басқа қызметкерлерді ерекше атап өтуге болады.
Ал, ауылдардағы бөлімшелерде қызмет ететін мамандардан Нұрғайша Сауранбекова, Әлия Рахметова, Нағима Кемалова, Қарлығаш Нартаева тәжірибелі мамандар.
-Қазіргі таңда пошта қызметі мерзімді басылымдарға жазылымды жүргізумен, газет-журналдар мен сәлемдемелерді тасымалдаумен қатар, тұрғындарға зейнетақы мен жәрдемақыларын береді. Оған қоса түрлі төлемдерді қабылдайды және несиелер береді. Сонымен бірге көптеген заман талабына сай қызмет түрлері бар. Яғни, жыл өткен сайын елімізде пошта байланыс саласы дамып келеді.
Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін барлық ауылдардағы байланыс бөлімшелер POST терминалмен қамтамасыз етілген. Соңғы айларда пошта байланыс торабының тұтынушылары да көбейіп келеді. Бұл пошта басшысы мен қызметкерлердің сапалы қызметінің жемісі.
7 қазаннан бастап елімізде мерзімді басылымдарға жазылу науқаны басталды. Жазылымды жүргізуге жауапты мамандар науқанды жоғары деңгейде жүргізуге дайын. Бізге облыстан, ауданнан берілген тапсырманы толық орындауға барынша тырысамыз. Ауданымыз жыл сайын жазылым науқанына берілген жоспарды орындауда алғашқы орындардың біріндеміз.
Дегенмен Кеңес дәуіріндегідей қазір газет-журналдарға жазылып, оқитындардың саны көп еместігі жасырын емес.
Пошта қызметінде пошта тасушылардың жұмысы оңай емес. Олардың жалақылары да аз. Дегенмен, пошташылар өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, газет-журналдарды дер кезінде таратуда.
Пошта тасушылар күннің ыстық-суығына, жауын-шашынға, аяз бен желге қарамастан далада жүріп, үй-үйді аралап дер кезінде таратуда. Пошта тасушылардың ішінде Айтмұхан Марқабаев, Ләйлә Әшірбаева, Ирина Панина, Кристина Бурина, Ханайым Атамбаева, Күлзинат Қорғанбаева, Баянкүл Дулатбаева сынды еңбекқор мамандарымыз бар.
Пошташылардың жұмысына тұрғындар тарапынан қандай да бір ескертпе түссе, басшы міндетті түрде бақылауға алып, қадағалап отырады. Яғни, жазылушылардың талап-тілектерін басты назарда ұстауда,- дейді аудандық “Қазпошта” байланыс торабы басшысының орынбасары Алуа Әшірбекқызы.
Пошта байланыс торабында сәлемдемелерді супермаркет операторы Таңшолпан Құрал таратады.
Пошта байланыс торабындағы қызмет көрсету саласына кәсіби біліктілікпен бірге көптің көңілін тауып, тіл табыса білетін шеберлік те қажет. Мұнда көптің көңілінен шыққан сала үздіктері жоғарыда айтып өткендей жетерлік.
Аудандық “Қазпошта” байланыс торабы мен ауыл-ауылдағы пошта бөлімшелерінің мамандарын төл мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тілейміз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»