Basty bet
Сайлауға қатысу – әр адамның азаматтық міндеті
Алдымызда үлкен саяси науқан – сайлау тұр. Президенттікке үміткерлер анықталып, сайлау дүрбелеңі де басталып кетті. Осы сайлауда халық өз таңдауын жасайтыны да анық.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумында Мемлекет басшысы «Біз жаңа саяси дәуірге қадам бастық. 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл – болашақ даму бағдарымызды айқындайтын аса маңызды науқан. Түрлі қоғамдық ұйымдары маған өздерінің атынан сайлауға түсу туралы ұсыныс білдірді. Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстанымым өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде Президент сайлауына түсу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Коалицияда басты саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың болуы өте маңызды. Себебі, онда барлық әлеуметтік топтар қамтылған», – деп алғысын білдірген еді.
Сондықтан да 20 қараша мемлекетіміздің болашағын айқындайтын сәт. Біз ортақ болашағымыздың дамуы үшін дауыс береміз. Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алдымызда мемлекетімізді алға одан әрі жетелейтін ауқымды міндеттер тұр. Әрбір азаматтың өз таңдау құқығы бар. Барша жуалылықтарды өз Конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс беруге шақырамын.
Дамудың даңғыл жолына түсу үшін әр азамат болашақты таңдау құқығынан қалыс қалмауы қажет.
Бақытжан Бекболат,
“Жастар рухы”жастар қанатының Жуалы аудандық филиалының атқарушы хатшысы