Basty bet

Кері жылжитын уақыттың адам денсаулығына әсері қандай?

2024 жылдың 1 наурызы күні, сағат 00:00-ден бастап еліміздің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады.
Осылайша, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына 5-ші уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.

«Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы №1749 қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, «Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа қою керек»,- деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Географиялық тұрғыдан Қазақстан UTC+3, UTC+4, UTC+5, UTC+6 белдеуінде орналасқан. Еліміздің батыс өңірі басқа аймақтарға қарағанда бір сағат артта жүреді. Ал мамандар бәрін бір уақытқа теңестіріп, UTC+5 белдеуін енгізуді ұсынып отыр.
Осы мәселеге қатысты жақында “Ana tili” газетінде “Кері жылжитын уақыт адам денсаулығына әсер етеді ме?” деген тақырыпта мақала жарық көрді. Мақалада уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты мәселені пысықтау мақсатында қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрғожаев, Алматы қалалық кардиологиялық орталығының жоғары санатты аритмолог-дәрігері Ғани Төлепбергенов және Ақтөбе облысынан биология және география пәнінің мұғалімі Бекжан Қарасаев пікір білдірген екен.
“Былтыр Испанияның Барселона қаласында уақыт өлшеміне байланысты ғылыми конференция өтіп, “Барселона декларациясы” қабылданды. Декларацияны әзірлеуге әлемнің дамыған мемлекеттерінің хронобиология, кардиология, онкология, эндокринология, сомнология, педиатрия, гернотология, ұйқы медицинасы мамандары мен биологиялық ырғақты зерттеуші ғалымдар, медициналық ұйымдар қатысты. Барселона декларациясы ғылыми консенусы маусымдық болсын, үнемі болсын кез келген “жазғы” уақыт өлшемін қолдану зиянды, үнемі “жазғы” уақыт тіптен зиянды, тек жергілікті уақыт өлшеміне мейлінше жақын стандарттық уақытпен өмір сүру ғана физикалық, психологиялық тұрғыдан ең тиімді болып танылады. Барселона декларациясы негізінде әлем елдері Үкіметтеріне үндеу жариялады. Альянсқа мүше 11 мемлекет өкілі қол қойған хат Alliance for Natural Time атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да жолданды”,- дейді Болат Нұрқожаев.
Еліміз бірқалыпты уақыт белдеуіне ауысса, еліміздің экономика саласына, транспорттық құрылымдарға оң әсерін береді. Астана медицина университетінің қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі Күрейш Хамшиев табиғи уақыт ырғағынан озу шаршаңқы сезімнің және түрлі аурулардың пайда болуына ықпал ететінін айтқан.
“Қазір көптеген аймақтарда болып жатқан десинхроноз, яғни биологиялық ырғақтардың сәйкес келмеуі ұзақ уақыт бойы шаршау, депрессия, ұйқысыздықтың және өнімділіктің төмендеуінің себепшісі болып отыр.
Мұның бәрі жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік және басқа да аурулардың дамуына әкеледі. Циркадиандық немесе биологиялық ырғақтар – біздің өміріміздің ажырамас бөлігі және бұл тәуліктік стресстерге қарсы тұру өте қиын. Сондықтан бүкіл республика тұрғындарының табиғи ырғақтарын үйлестіру қажет”,- деген.
“Алдымен ұйқының, мысалы, ас қорыту жүйесінің жұмысына қалай әсер ететінін түсінуіміз керек. Тамақты сіңіру үшін асқазан-ішек жолдары асқазан сөлін, ферменттерді шығарады, өңештің шырышты қабығының регенерациясын қалыптандырады. Барлық осы элементтердің жүру процесі тек ояу қалыпта, таңғы 7:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жүзеге асады. Осы себепті, егер түнде мезгіл-мезгіл тамақтанатын болсаңыздар, онда бұл әрекет созылмалы іш қату мен семіздіктің дамуына әкелуі ықтимал. Дене оған күні бойы кіретін тағамды толық сіңіре алмайды. Өзге де метаболикалық процестер, соның ішінде энергияның бөлінуі біртіндеп баяулай түспек.
Осыған ұқсас процесс мида жүреді. Ми жақсы жұмыс істеуі үшін үнемі жұлын сұйықтығымен шайылады. Оның құрамына адам тұтынатын тағамнан алатын қоректік заттардың кең спектрі кіреді. Өкінішке қарай, токсиндердің туындылары да ликерге енеді. Егер бұған ұйқының бұзылуы қосылатын болса, онда ми үнемі D, К және В тобындағы дәрумендердің жетіспеушілігін сезінеді. Бұл жағдайда оның өнімділігі айтарлықтай төмендейді деп болжауға болады.
Бұл жағдайда дұрыс тамақтану да, тұрақты физикалық беленділік те, көптеген жағымды эмоциялар да “денені қалыпқа келтіруге” көмектеспейді. Сондықтан саламатты өмір салтын ұстану әрқашан биологиялық ырғақты тұрақтандырудан басталуы керек. Содан кейін күнделікті диетаны жүйелі түрде реттесеңіздер, спортпен шұғылдансаңыздар, көп күтпей оң нәтижелерді көре бастайсыздар. Бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұру әдетін қалыптастырыңыздар. Ұйқы алдында бір сағат бұрын смартфон сынды құрылғыларды ұстамай, жасанды жарық сәулелерін шашатын заттардан аулақ болу керек”,- дейді Ғани Төлепбергенов.
-Экономикалық тұрғыдан пайдалы деп жатыр. Басқа саяси мән бар деп есептемеймін. Бұрынғы КСРО-да 1930 жылы енгізілген “декреттік уақыт” болған. 1930 жылдың 16 шілдесінен бастап КСРО үкіметінің арнайы декреті бойынша елдегі барлық сағаттар 1 сағат ілгері жылжытылды және ол “декреттік уақыт” деген атқа ие болды. Ол жаз мезгілінде электр энергиясын үнемдеу мақсатында жасалған. Декреттік уақыт бойынша күн жай шығады және кешірек батады. Ал жаз мезгілінде көптеген адамдар бәрібір күннің шығуынан кешірек батуы кешқұрым бір сағатқа электр энергиясының шығынын азайтуға мүмкіндік береді, өйткені қараңғы кеш түседі.
Өзіміздің басымыздан өтті. Сабаққа ерте барып, ұйқымыз қанбай жүретін кездер де болды. Осындай мәселелерден кейін психикалық шаршау, қажу байқала бастайды,- дейді Бекжан Қарасаев.
Ал, Ғани Төлепбергенов сөзін “Мемлекет бірауыздан уақыт белдеуін реттестіру жайында шешім қабылданғанда, ел тұрғындары орнатылған биологиялық ырғаққа бейімделу процесі жүретін болады” деп түйіндеген.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close