Basty bet

Шаруалар үшін қауырт шақ

қасиетті өңірде шөп ору және мал азығын дайындау науқаны басталды

Жуалы ауданы аграрлы өңір болғандықтан төрт-түлікке жемшөп дайындау жұмысы өте маңызды мәселе саналады. Жыл сайын жауынды, ылғалды болып тұратын қасиетті өлкенің табиғаты биыл тосын мінез танытып, көктемнен бері ауа райы құрғақ болуда. Шөп пен астықтың өсіп, бой көтеретін уақтысында аспаннан тамшы тамбай, жер егіп, мал баққан шаруаларды сары уайымға салып отырғаны белгілі.

Ауа райының аптап ыстығына қарамастан ауданның шаруа қожалықтары шөп ору науқанына қызу кірісіп кетті. Ауданға қарасты Қарасаз ауылдық округінің шаруалары да шөп шабу және мал азығын дайындау науқанын толық қарқынмен бастады. Қысқы жемшөптің берік қорын дайындауға кіріскен шаруаларды бүгінде тек алқап басынан табатынымыз анық. Әр шабындықтың басынан шөп оратын және жүк тайлайтын жүк техникалар мен тайланған шөптерді жүк көліктеріне арту қамында жүрген қарақұрым адамдарды көресіз.
Қарасаз ауылындағы «Қуат» шаруа қожалығында да орақ науқаны басталғалы бірнеше күннің жүзі болыпты. Жеті гектарды алып жатқан алқапта көпжылдық шөп орылып, тайлану үстінде. Шөптайлағыш агрегатты тіркемесіне алып, төңіректі еңбек әуеніне бөлеп жүрген ГАЗ-53 жүк көлігінің кабинасынан шаруа қожалықтың басшысы түсіп, өзін Қуат Сыздықбаевпын деп таныстырып, шаруашылық жайын баяндай бастады. 2003 жылы құрылған шаруа қожалықты бастапқыда әкесі Нұржан Сыздықбаев құрып, басқарса, кейіннен бар жұмысты ұлы Қуатқа сеніп тапсырыпты.
Әкесі Нұржан Сыздықбаев Қарасаз ауылында туған. Ауыл мектебін аяқтаған соң, Шымкент қаласындағы техникумда оқиды. Ауылға келген соң мектепте шаруашылық меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Әрі қарай «Бірлік» өндірістік кооперативінде ферма меңгерушісі болып ұзақ жыл еңбек еткен. Ал, кейін ветеринария саласында жұмыс істеп, сол мекемеден зейнетке шығып, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көруде.
-Қожалыққа тиесілі 10 гектар жеріміз бар, оның барлығы – шабындық жер. Түсім жаман емес. Мына жоңышқа алқабы гектарына орта есеппен 150-ге жуық түктен беріп жатыр. Алдыңғы жылдары біз бұл алқаптан 200-250 дана түк жинаған болатынбыз. Шөп оратын және жинайтын техникалардың барлығын жалға аламыз. Тайланған шөпті жинауға ұлдарым қолғабыс етуде. Екі ұлым кішкентайларынан техникаға жақын болып өсті. Мен де олардың бетін қайтарған жоқпын. Керісінше олардың үйренгені өздеріне жақсы. Қазіргі таңда олар техниканың барлық түрін жүргізеді. Көктемгі дала жұмыстарында, шөп жинау науқанында да екі ұлымды жанымнан тастаған емеспін. Бұзылып қалған техникаларды өзіміз жөндей береміз. Орақты бір апта бұрын бастадық. Өзімде трактор мен шөптайлағыш болмаған соң көршілес шаруа қожалықтардың тракторларын жалға алып, науқанды қызу жүргізудеміз.
Шөптің түсімі өткен жылға қарағанда аз. Мұны біз жауынның аз түсуінен деп жорамалдап отырмыз. Енді бұйырса, бір-екі күнде орылған жоңышқа сәл дегдісе болды, тайлауға кірісеміз. Тайланған шөптің біраз бөлігін үйге жинап алған соң, қалғаны ауыл тұрғындарына сатылады. Әзірше бәрі ойдағыдай,- дейді шаруа.
«Қуат» шаруа қожалығы егін шаруашылығымен қатар, мал өсірумен де айналысады. Үй іргесінен мал тұратын жылы әрі жарық қоражай салынған.
Қожалықтың қолдағы төрт түлік малының қыстайғы шөбі мен жемі қарамағындағы 10 гектар егістік алқабынан дайындалады. Күнделікті шаруашылық жұмыстарына ұлдары қолғабыс жасауда.
– Көктем айларындағы жауынның аз болуы шаруаға кері әсерін тигізді. Өткен жылы қара күзге дейін бір алқапты үш-төрт мәрте орып алған болатынбыз. Бұл жолы олай оруға келмейді. Биыл дала жұмыстары басталғанда бағасы шарықтап шыға келетін жанар-жағармайды да мемлекет жеңілдетілген бағамен ұсынып отыр. Мұның өзі шаруаларға үлкен көмек-қолдау,- дейді Қуат Нұржанұлы.
Қожалық басқарушысы орақ науқанын аз күнде аяқтап, мал азығының берік қорын жасайтынына сенімді.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close