Жыл сайын қазақстандықтар 30 тамызда Конституция күні мерекесін атап өтеді. Биыл еліміздің Ата Заңының қабылданғанына 28 жыл толғалы отыр. Ел тарихына көз жіберсек, Тәуелсіздік жылдары Конституцияға алты мәрте өзгеріс енгізілді. Ата Заңымыз ең соңғы рет былтыр республикалық референдум қорытындысы бойынша өзгерген еді.
Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, ең жоғары күшке ие заңдардың топтамасы. Елдегі тәртіп пен адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін бірден-бір құрал. Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі. Біздің өмірімізде осы заңдар жинағы күнде жолығады деуге болады. Яғни, ол біздің өміріміздің бір бөлшегі.
Конституция – әрбір мемлекеттің ең басты заңы. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Алайда ол ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, қоғамның талабына сай келмеді. Сол себепті араға екі жыл салып, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумның негізінде елімізде жаңа Конституция қабылданды.
Жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар әлем елдерінің Конституцияларын мұқият сараптап, зерделеп шықты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға үш миллионнан астам адам қатысқан.
Айта кетерлігі, Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі саналады. Қазақстан Конституциясына 28 жылда алты рет өзгеріс енгізілген, яғни 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары. Ең ауқымды өзгерістер 2022 жылы жалпыхалықтық референдумның негізінде қабылданды. Қазіргі Ата заңымыз 9 тараудан тұрады. Атап айтқанда, негізгі заңнан Тұңғыш Президенттің барлық мәртебесі алынып тасталды.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшысы лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, Парламент депутаттарын сайлау жүйесі де өзгерді.
Елімізде Конституциялық сот құрылды. Өлім жазасына тыйым салынды. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар енді халыққа тиесілі.
Конституцияның өзі мына сөздермен басталады:
«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз».
Ата Заңның құндылықтарын қорғау және қағидаттарын ұстану – әрбір азаматтың парызы және міндеті. Әрине бұл заманның талаптарына сай жасалған қадамдар. Біздің өзіміздің салада қанша ма заңдар мен мен кодекстермен іргелесіп жұмыс атқарамыз, осы уақытқа дейін көптеген жаңа кодекстер мен жаңа заңдар шыққан.
Ата Заңымыз мемлекетімізге және онда тұратын барлық азаматтарға керекті принциптері, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа кепіл береді. Мемлекеттің тәуелсіздігін әлемде танытатын, мемлекеттің демократиялық бағытын ең бірінші көрсететін, азаматтардың құқықтарының сақталуына, мемлекеттегі дінаралық татулыққа, қауіпсіздігіне, мемлекетті сақтайтын және қауіпсіздігінің гарантиясы.
Қазіргі жас ұрпаққа ең басты міндет – мектеп кезден бастап Ата Заңымызды айтуымыз қажет. Өйткені ата-бабаларымыз осы кең байтақ жерді бізге мұраға қалдырған, Бүгінгі ұрпақтың бейбітшілікте тұрмыс кешіп жатқанымыз батыр бабалардың арқасында, Бабалардың әзіз рухтарына мың тағзым ету, біздің міндетіміз. Конституцияны құрметтеу, аялау, биікке көтеріп, ұрпаққа қалдыру да негізгі міндет.
Бүгінгі күнде егер әлемдегі БАҚ-на үңілсек, кез келген мемлекетте заң саласындағы өзгерістер мен толықтырулар мәселесіне қатысты жаңалықтарда талқыланатын негізгі тақырып дәл осы – «Конституция». Оның негізгі себебі, ол әрбір мемлекеттің демократиялық дамуындағы келбеті болып саналады.
БҰҰ-ның құрамындағы барлық мемлекеттер съез кезінде міндетті түрде өздерінің Конституцияларына сілтеме жасайды. Бұл бекер емес, өйткені кез келген дамыған мемлекеттің басты құжаты ол мемлекеттік тұрақтылықтың қалың тамыры.
Менің ойымша, қазіргі таңда жас ұрпаққа Конституцияның не екенін, оның азаматтарға деген пайдасы және оның негізгі қолдану құралдары қай салада болатынын мектепте жиі-жиі еске салып отыру керек. Өйткені мемлекеттің келешектегі дамуына біздің жас ұрпаққа беретін тәрбиеміз екенін барлығымыздың білуіміз және ұмытпауымыз керек.
Мемлекетіміздің туын биікке көтеретін және Ата Заңды қорғайтын да болашақ ұрпақтарымыз екенін ескеруіміз парыз.
Өзім де мемлекетке және Ата заңымызға деген патриотизмдік көзқарасты мен ылғи ұстанамын, отбасы мүшелеріне үнемі айтып отырамын, Елдің бірлігі – басты құжатта. Ұлытаудың көк тасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырылған елміз, бірігеміз, бір ел боламыз деп анттасқанымыз да сол. Конституциямыз да сол – тасқа басылған таңба.
Біз ел тағдыры үшін маңызы зор реформаларды жүргіздік, құқықтық және демократиялық қоғамның негізін қаладық.
Ендеше, Отанымыздың шаңырағы мен іргесі берік болсын!
Ел іргесі бүтін, болашағымыз жарқын болсын!
Бабырхан АБУЕВ,
аудандық соттың төрағасы