Basty bet
Заңды қатаң сақтап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тиіспіз!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет.
Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды.
Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деп атап, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету мәселесіне жайдан жай тоқталып отырған жоқ. Себебі, Заң – барлығымызға ортақ. Заңды сыйлау және қоғамдық тәртіпті қадағалау басты міндетке жатады. Бұл ретте елдегі қоғамдық тәртіпті қадағалап, халық арасындағы тұрақтылықтың болуын ұдайы қамтамасыз етіп келе жатқан Қазақстан полициясы қызметкерлерінің қоғам алдындағы міндеті өте жауапты, жұмысы да ауыр. Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету ісі – қоғамға ортақ құндылық болып қала береді.
23 маусым – Полиция күні кәсіби мерекесі. Бұл атаулы күннің тарихына тоқталатын болсақ, 1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заңды қабылдаған болатын. Бұл Тәуелсіз Қазақстан Республикасы полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болып табылады. Ал 2007 жылы 5 маусым күні Президент Жарлығымен 23 маусым Полиция күні болып бекітілді.
Қазақстан полициясы – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Полицейлердің кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына сенімі арта беретіні даусыз.
Қазақстан полициясы күні мерекесі – осынау жауапты қызметті дұрыс жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс сезімін білдіру күні. Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып саналады.
Қазақстан полициясының қоғамдағы имиджін көтеру мақсатында және өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында аудандық полиция бөлімінің ұжымы да уақытпен санаспай жүйелі жұмыс істеу үстінде. Жамбыл облыстық полиция департаментіне қарасты Жуалы аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Есім Ордабаевтың айтуынша, қазіргі таңда облыстық полиция департаментімен барлығы 31 қызметтік автокөлік қызмет атқарады. Қоғамдық қауіпсіздікті және халық көп шоғырланатын орындарда тәртіпті қамтамасыз етуде 33 учаскелік полиция инспекторы қажетті қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, аудан орталығындағы қоғамдық орындарда, көше қиылыстарында және ауылдық округтердің кіреберіс және шығаберістерінде бейнебақылау камералары тұрақты жұмыс істейді. Бейнебақылау камераларының барлығы аудандық ПБ-ның кезекші бөліміне кіші жедел басқару орталығына қосылған.
Одан бөлек, ауданға қарасты 14 ауылдық округтің қоғамдық тәртібін қамтамасыз етуге барлығы 23 учаскелік полиция инспекторы бекітілген. Айта кету керек, тұрғындар көп шоғырланған бірқатар ауылдық округтерде және ауданның орталығында екі-екіден полиция инспекторы жұмыс істейді. Мысалы, ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылының төменгі бөлігінде – 2 қызметкер, ал жоғары бөлігінде 3 қызметкер жұмыс істейді.
-Біздің негізгі міндетіміз – өңірдің қоғамдық тәртібін және адамдардың қауіпсіздігін, жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан кадрлар құрамының сапалы болғаны абзал. Осы тұрғыдан алып қарағанда, аудандық полиция бөлімінде негізінен өз ісін жетік біліп, оған берілген, өз мамандығын сүйетін қызметкерлер жұмыс істейді. Кәсіби кадрлардың дені Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне қарасты – Алматы, Қарағанды және Қостанай академияларын бітірген, сонымен қатар, Ақтөбе заң институтының алдыңғы қатарлы түлектерінен жасақталу үстінде. Сондай-ақ, азаматтық жоғары оқу орындарының заң факультетін бітіріп, тиісті мемлекеттік тестілеуден өткен азаматтар жұмысқа еш кедергісіз қабылдану үстінде. Бір сөзбен айтқанда, кадрлар құрамы дер кезінде жасақталуда.
Қазақстан полициясы қатарында еңбек етіп жүрген азаматтар – қоғамның айнасы болуға тиісті. Осы ретте бөлімнің және ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, өздерін жауапты да үлгілі қызметкер ретінде көрсетіп келе жатқан жас кәсіби мамандар бар. Олар – полиция капитаны Мырзатай Мекембай, полиция майоры Байжан Даутов өздеріне тапсырылған міндеттің адал атқару арқылы қызметке жаңа келген жас буын мамандарға жарқын үлгі болуда. Олар облыстық полиция департаменті қызметкерлері арасында тұрақты өткізілетін спорттық, басқа да жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді.
Полиция бөлімінде ер азаматтармен бір сапта қыз-келіншектер де қоғам тыныштығына аянбай қызмет көрсету үстінде. Атап айтқанда, полиция майоры Әдемі Дәулетбаева, полиция майоры Меруерт Тәжібаева және полиция лейтенанты Сабина Жарылқасын сынды қызметкерлер өз ісінің нағыз майталмандары,- дейді аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Есім Ордабаев.
Біздің еліміз азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды жүзеге асыруда. Азаматтардың құқықтық мәдениеті жоғары болған сайын құқықтық нормалардың сақталуы да, мүлтіксіз орындалуымен қатар, оның іске асырылу деңгейі де жоғары болатыны даусыз. Құқықтық тұрғыда сауатты болу, ең бастысы, заңды қатаң сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті бүкіл қоғам мүшелерімен бірге қамтамасыз етуге тиіспіз!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»