Basty bet
Бағдарламаға бағытталған қаржы мақсатты жұмсалуы керек!
Сәрсенбі күні өткен аудан әкімі Жалғас Мұртазаның Қарасаз және Шақпақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуіне аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуев, аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Түменбаев және бірқатар мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде өткен жиында ауылдық округ әкімі Жанар Нұрмұратқызы 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен 2024 жылға жоспарланған жұмыстардың барысы туралы баяндама жасады.
Өткен жылы ауылдық округ тұрғындар асыға күткен “Ауыл аманаты” бағдарламасына еніп, етті және сүтті малды өсіруді дамыту мақсатында округтегі «Ескендір» шаруа қожалығының жетекшісі Әбілнұр Ахметов «Қарасаз-2023» АШӨК құрып, оның 184 мүшесі мал бағытында несие алуға өтініш берсе, 3 мүшесі кәсіпкерлік бағытында несие алуға өтініш беріп, бүгінгі күнге мал бағытында 149 мүшесі қаржыландырылып, өз кәсіптерін жүргізуде. Ауылдық округ әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында 2023 жылы ауылдық округ бойынша 10 шаруа қожалық иелері мен «Қарасаз-2023» АШӨК 19 дана ауыл шаруашылығы техникаларын 70 354,0 теңгеге сатып алып, округтің инвестициялық көрсеткіш көлемін арттыруға, округ техникасын жаңартуға өз үлестерін қосты.
Округте техниканы жаңарту бойынша жоспар 18 болса, бүгінгі күнге орындалғаны 19 дана.
Өткен жылы ауылдық округке “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы аясында 177,0 млн теңге қаржы бөлініп, 4 жоба іске асырылды. Олар: Қарасаз ауылындағы Жамбыл көшесі бұрылыстарымен, Абай көшесі Бірлік көшесінің жапсарлас бөліктерімен, Ы.Алтынсарин көшесі және Бірлік көшесінің 1 және 3 бұрылыстарының жолдарын орта жөндеу жұмыстары.
Округ бойынша 15 көшенің біреуі облыстық деңгейдегі жол, екеуі аудандық деңгейдегі жолдар болса, 12-сі ауылішілік жолдар. Бүгінгі таңда 12 ауылішілік жолдардың 11-і асфальттанса, 1 көше (Қарасаз ауылы Нұрлыжол көшесі) 2024 жылдың жоспарына енгізілген.
Сонымен қатар 2023 жылы Қарасаз ауылының Гагарин көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, округ бойынша 15 көшенің 14-і жарықтандырылған.
Ауылдық округ әкімі 2024 жылы қоғамдастықтың келісімі бойынша атқарылатын жұмыстарға да тоқталып өтті. Олар – Қарасаз ауылына денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу; Нұрлыжол көшесінің жолын орта жөндеу; Ақбастау ауылының Қойгелді көшесін жарықтандыру және Төле би көшесінің жарықтарын ауыстыру жұмыстары; округ бойынша абаттандыру жұмыстары; Бірлік көшесінің бойына жаяу жүргіншілерге арналған жол салу жұмыстары; “Асар” жобасы арқылы бастау алған тұрғын үй құрылысын аяқтау.
Аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуев сот саласына қатысты 2023-2024 жылдары қабылданған заң талаптарын қарапайым тілмен түсіндіріп, тұрғындарды алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырды.
-Түнгі сағат 23:00-ден кейін ішімдік сатуға тыйым салынған. Себебі, отбасылық жанжалдардың көбі ішімдікке қатысты. Сондықтан кәсіпкерлерді 23:00-ден кейін ішімдік сатпауға шақырамын.
Ауданда орын алған қылмыстың бірі – мемлекеттен қайтарымсыз грант алуға өтініш берген азаматардан “тірлігіңді бітіріп беремін” деп ақша алу деректері.
Құрметті ауыл тұрғындары, қазір қайтарымсыз грант алуға өтінім беру, құжат тапсыру барлығы электронды түрде. Сондықтан бизнес жоспарды ақылға қонымды етіп жасап, дұрыс қорғай білуге дайындалу, еңбектену керек.
Сонымен бірге мал, егін шаруашылығымен айналысатын шаруаларға да қатысты алаяқтық деректері орын алуда,- деді Бабырхан Бекболатұлы.
Аудан әкімі ауылдық округке қатысты мәселелерге қысқаша тоқталды.
-2023 жыл ауданымыз үшін жақсы жыл болды. Соның ішінде сіздердің ауылдық округке 2,5 пайызбен несие келді.
Ендігі мәселе – бағдарламаға бағытталған қаржы мақсатты жұмсалып, нәтиже беруі керек. Әрбір қаржының артынан сұрауы бар, оған мониторинг жасалады. Сондықтан бағдарламаның мақсаты мен міндеттері сапалы орындалуы керек.
Жалпы, береке-бірлігі бар, халқы бірін-бірі тыңдап, сыйлай білетін ауылдар дамудың жолына түскен. Оны мен үнемі мысал келтіріп айтып отырамын. Өздеріңіз де куәсіздер.
2024 жылға үш ауылға спорт кешенін саламыз деп жоспарласақ, соның ішінде Қарасаз ауылындағы жоба қолдау тауып отыр. Сондықтан ауызбіршіліктеріңіз арта берсін, істеріңіз нәтижелі, берекелі болсын!- деді аудан әкімі.
Жалғас Әлижанұлы ауылдық округте жарықтандырылмаған бір көшені жарықтандыру жұмысын ауылдық округ әкімінің жергілікті өзін-өзі басқарудың төртінші деңгейлі бюджетіндегі қаражаты есебінен жасауды жоспарлап отырғанын ауыл әкімінің іскерлігі деп баға берді. Алайда көшелерді жарықтандыру, оларды күтіп-ұстау, ай сайынғы пайдаланылған электр жарығының төлемін төлеу қыруар қаржыны талап ететіндіктен елімізде қолға алынып жатқан тәжірибе яғни, көшелердегі жарықты әр үйдің жеке есептеуіш құралына қосып беріп, тұрғындар есебінен төлеу тәжірибесін де қарау туралы ойын айтты.
Сонымен бірге интернеттің сапасы, шағын ауылдардағы ауызсу мәселесін шешу жолдары, “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық дәлізінің бойынан Б.Момышұлы-Қошқарата ауылы бағытындағы тұсына жарықтар орнату, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, ауылдардың тазалығы, көгеріштендіру, абаттандыру, арық-атыздарды тазалау мәселелері туралы да пікірін білдіріп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ауылдық округтің ардагерлері Сағындық Тоқбергенов, Нұртаза Омаров, Есенхан Сеңгірбаев аудан әкімінің, ауылдық округ әкімінің жұмыстарына оң баға беріп, облыстық мәндегі ауылдан Б.Момышұлы бағытына дейінгі жолды жөндеу, ауылдағы үлкен жолдың бойына бейне камера қою, ескі саябақты жөндеу туралы мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, халықты ауызбіршілікке, еңбекқорлыққа шақырды.
Аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, жиынды қортындылады.
***
Шақпақата ауылында өткен жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза 2024 жылы ауылдық округте атқарылатын жұмыстарға басымдық берді.
-Үстіміздегі жылы Шақпақата ауылының Ж.Оразбаев, Желтоқсан, К.Кемелбеков көшелеріне және Т.Дүйсебайұлы ауылындағы Б.Момышұлы, Жамбыл көшесімен С.Нарбайұлы көшесімен Жамбыл көшесінің арасындағы қиылыстарына орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ынтымақ ауылында бес келушіге арналған фельдшерлік пункт соғу жоспарланған.
Шақпақата ауылындағы ескі мәдениет үйінің ғимаратының мәселесі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіровқа республикалық бюджеттен қаражат бөлу керек екенін айтқан болатынмын,- дей келіп аудан әкімі алдағы уақытта Т.Дүйсебайұлы ауылына арнайы баратынын, ауылда орын алған мәселелер назарда екенін жеткізді.
Дәл осы күні ауа райының қолайсыздығынан “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық дәлізінің бойында Нұрлыкент ауылының тұсында орын алған жол-көлік оқиғасына байланысты жиналыстағы мәселелер қысқартылды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»