Basty bet

“Әлеуметтiк мәселелер әлi де зерделенiп, дұрыс шешiлсе”

дейді аудандық емхананың нарколог дәрігері З.Бердіходжаева

Бүгінде нашақорлық пен маскүнемдік қоғамдағы ең күрделі мәселенің біріне айналып отыр. Яғни, төрткүл дүниеде жаһандық қатер болып, бүгінгі күннің бас ауруына айналғаны жасырын емес. Әсіресе, кейбір жастардың уақытша “таңғажайып өмір” сыйлар есалаңдық жағдайдың құлы болып жүргені еліміз үшін өте қауіпті, қиын жағдай.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғасыр дерті болып отырған нашақорлық пен есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажеттігіне тоқталды.
“Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген “синтетиканың” көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел.
Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет”- деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Расында бұл қатты алаңдарлық жағдай. Нашақорлар мен маскүнемдердің саны жыл сайын артып келеді. Бұл мәселе бойынша біздің ауданда да жағдай мәз емес. Аудандық емхананың нарколог дәрігері Зоя Бердіходжаеваның айтуынша, биылғы жылы бүгінгі күнге тіркеуде тұрған 117 маскүнем, 66 нашақор бар екен. Маскүнемдердің төртеуі әйелдер. Оның екеуі 1994, 1992 жылғылар. Екеуі де ажырасқан, ішімдікке салынған әйелдер.
14-30 жас аралығында 8 нашақор бар екен. Ең жасы үлкені 65-66 жаста. Ең жас нашақор есебінде тұрған жас 2000 жылғы.
-Маскүнемдікке салынған адамдардың айтар уәжі – жетіспеушілік, жұмыссыздық, бір басында бірнеше несиенің болуы.
Соңғы жылдары тойшыл болып кеттік қой. Сол себептен де болар бірқатар маскүнемдердің айтары – той болып еді, құдалық болды, жалғыз ұлымды үйлендіріп едім, бір есімді жинасам наркологиялық орталықта жатырмын дейді.
Маскүнемдер әрине өздері емделуге ешқашан саналы түрде келмейді. Оларды отбасы алып келеді,- дейді дәрігер Зоя Бердіходжаева. -Нашақорлар өкінішке қарай, біздің ауданда барлық ауылда бірлі-жарым кездеседі. Алайда, Қоңыртөбе, Жаңаталап, Бәйтерек, Көлбастау ауылдарында салыстырмалы түрде саны көп. Нашақорлардың санының көбеюі жастардың қорқор шегуінің салдары. Қорқор шегіп, артынша жуық арада жол апаты немесе бір жағдайларға тап болып, медициналық тексеруден өткенде анализі міндетті түрде есірткі қолданған деп шығып тұрады. Жастармен сөйескенде олардың айтар себебі: “достарымызбен қорқор шегуге барып едім, мен бұлай боларын білмедім”- дейді. Жастардың қорқор шегуге құмартып тұруының себебі де осы. Жастардың арасында көңілін қорқор тартып көтеруді әдетке айналдырғандар көп.
Жақында теледидардан оқушылар арасында синтетикалық ұнтақ таратып жүрген адамдар туралы да айтқан болатын. Бұл да өте қауіпті. Бір қарағанда ешкім оны соншалық қауіпті деп ойламайды. Оның үстіне бала оны қайдан білсін? Бірақ, аталған синтетикалық ұнтақты бір-екі рет пайдаланған бала бірте-бірте тәуелділікке тап болады.
Ауданда есірткіні өз ағзасына тамырына егу арқылы енгізетін бір ер адам бар. Басқалары түрлі жолдармен пайдаланатындар. Олар әрине өз еркімен келіп тіркеуге тұрмайды. Полиция бөлімінің қызметкерлері алып келеді. Көп жағдайда істі болып немесе орталықта жатып емделіп, соттың шешімімен біздің электронды поштамызға келіп жатады. Біз поштадағы мәліметті тіркеп, мекенжайы бойынша тауып, шақыртып, жұмыс істейміз.
Тіркеуге алынған соң әрі қарай олармен жүйелі жұмыс жүргізіледі. Үнемі бақылауда ұстап, емделу уақытында орталыққа жіберіп, психологтармен әңгімелестіріп, ауылдағы дәрігерлердің бақылауында болады. Алайда ауруханаға шақырғанда келмейтіндері көп.
Маскүнемдер әсіресе, мейрам күндері көп болады. Кейде аурухананың жансақтау бөлімінде бірден бірнеше маскүнем түседі. Бір жолы тіпті бірден бір күнде 11 маскүнем ауруханаға келіп түсті. Екеуі көз жұмды. Тоғызы емделіп шықты. Осы кезде біз аудандық аурухананың басшылығы аудан басшылығына аудандағы дүкендерді тексеру қажеттігі туралы хат жолдадық. Себебі, бір күнде 11 адамның ішімдік ішіп, уланып ауруханаға түсуі күмән тудыратын жағдай болды.
Жансақтау бөлімінде маскүнемдер көбейіп, басқа ауырып түскен жандарға орын болмай қалып жататыны өте өкінішті.
Нашақорлар мен маскүнемдер наркологиялық орталыққа жіберілгенімен, онда емделіп, құлан таза сауығып кететіндер өте сирек. Жазылғынымен 15-20 жылдан кейін қайта ішімдікке салынып кеткендер бар.
Маскүнемдік пен нашақорлық адамның өз өміріне өзі балта шабуы. Себебі, бұл – айықпас індет. Оның соңы – өлім. Отбасы үшін уайым, қайғы мен қасірет.
Нашақорлар мен маскүнемдер соңғы жылдары өкінішке қарай көбейіп келеді. Мәселен, өткен жылы соңғы тоқсанда 178 болса, биылғы жылы 183 болып отыр.
Біздің негізгі жұмысымыз алдын алу жұмыстары. Түрлі орталарға барып дәрігерлік кеңестер оқимыз. Біз Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Сол кісілердің нұсқамасымен Зиянды әдеттердің денсаулыққа зияны туралы газетке мақала жазамыз, лекциялар оқимыз.
Жоғарыда айтылған 183 адам түрлі жолдармен есепте тұрғандар. Есепте тұрмаған маскүнемдер мен нашақорлар қаншама?
Аяғы ауыр әйелдер дәрігерге есепке тұрарда психологпен әңгімелесуге жіберіледі. Әңгімелесу барысында әйелдер күйеуінің ішетіні жайлы айтады екен. Бірақ біз солай екен деп үйіне барып күйеуімен тікелей жұмыс жасай алмаймыз ғой. Олай жұмыс істеу отбасы үшін қауіпті.
Психологтар есепте тұрған нашақорлар мен маскүнемдердің отбасымен де жұмыс жүргізеді.
Жалпы бұл мәселемен қоғам болып күреспесе болмайды. Әкімшілік, полицейлер бірігіп жиі-жиі рейд жұмыстарын жүргізсе.
Маскүнемдікке салынатындар көбінде жігерсіз, жалқау адамдар болып келеді. Сондықтан олардың жауапкершілігін көтеретіндей тиісті заң талаптарын қатаңдатса. Қомақты көлемде айыппұл салып немесе ауыр жұмыстарға салса, қандай да бір жолдармен шара қолданса деген ұсынысым бар. Себебі, ондай адамдардың саны көбейіп келеді.
Күнде ішімдік ішіп, отбасының мазасын алған соң, ондай адам отбасына да, қоғамға да керексіз болып қалады. Ол адам өзін-өзі игере алмай жатады. Сондықтан бұл бей-жай қарайтын мәселе емес.
Тіпті отбасымен бірге отырып арақ ішетін отбасылар да бар. Әке-шешесі баланың көзінше арақ ішіп отырғаннан кейін бұл көрініс балаларына қалыпты жағдай болып көрінеді де, олар да ішеді. Әрі қарай келесі ұрпағына да жалғасып кетеді. Бір отбасында әкесі мен шешесі, әкесі мен ұлы, әкесі мен қызы ішетіндер де бар.
Маскүнемдер үйінде бала-шағасы нансыз аш отырса да өзіне арақ ішкенге ақша табады. Біреуге алақан жайса да арақ алып ішеді. Ондай адамдардың арасында жоғары білімді азаматтар да бар.
Адам өмірінде барлық тәрбие, тәртіп отбасынан басталады ғой. Сондықтан тәрбиеге қатты мән беруіміз керек.
Жұмыссыздық – расымен қиын жағдай. Сондықтан әсіресе, жастар арасында жұмыссыздық мәселесі шешімін тапса. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру да әлеуметтік осал топтағы жандар үшін үлкен қиындық тудыруда. Осындай әлеуметтік мәселелер әлі де зерделеніп, дұрыс шешілсе деген тілегім бар,- дейді нарколог дәрігер Зоя Бердіходжаева.
Иә, маскүнемдер мен нашақорлармен күрес дәрігердің, полицейдің ғана жұмысы емес, бұл – баршамыздың міндетіміз. Яғни, елімізде идеологиялық жұмыстарды мықтып қолға алу керек. Мәселен, мәдени қызметкерлер, ауылдағы ардагерлер, әкелер, аналар кеңесі жаппай бірлесіп жұмыс істеуі керек.
Карантин кезінде де халықтың арасында ауру жұқтырмаудың кепілі арақ ішу, темекі тарту дегендей қате пікір туындап, мүлдем арақ ішпейтіндер іше бастады.
Карантиннен кейін бір тойға барып, айналамдағы елдің арақ ішуін көріп іштей қорқыныш пайда болды. Әйел де, еркек те, жас та, кәрі де бәрі мас. Әсіресе, мұғалімдердің мас болып жүргені жүрегімді ауыртты. Санамызды уламай, сау ақылмен, саналы өмір сүрудің орнына ішімдік ішіп, абыройдан айырылып, жақындарыңның көңіліне тиіп, тіпті шаңырағын шайқалтып, орны толмас өкінішке ұрыну адам баласына жат нәрсе.
Тағы бір қоғамдағы қынжылатын жағдай – әлгіндей айтқан қорқор шеккендер тұтылып, өміріне қара дақ түсіріп жатыр. Ал, неге сонымен айналысып отырған адамдар жауапқа тартылмайды? Мәселенің салдарымен ғана емес, бірінші себебімен күресті күшейту керек. Әділетті Қазақстанда бұл да ескеріледі деген үміттеміз!

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close