Basty bet

«Ғажайып тағдырлы Жуалы мекенім”

Апта басында аудан орталығындағы орталық саябақта аудандық кітапхананың ұйымдаструымен Жуалы ауданының 95 жылдық мерейтойына орай, «Ғажайып тағдырлы Жуалы мекенім» – атты тарихи крузі өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастардың танымдық қабілетін артырып, өз Отанының бай тарихын танып-білуге және патриоттық рухты көтеруге шақыру. Мерекелік шараны кітапхана қызметкерлері Назгүл Серкебаева мен Мөлдір Темірбаева жүргізді.
Алғы сөз «Қазақстан Республикасының Үздік өлкетанушысы» медалінің иегері, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиевке берілді.
Ардагер ұстаз ауданымыздың тарихына аз-кем тоқталды.
-Әрбір азаматтың кіндік қаны тамған атамекені, қасиетті туған жері болады. Туған жерді қадірлеп-қастерлеу – әр азаматтың парызы.
Біздің, аға ұрпақтың міндеті – кейінгі өскелең ұрпаққа туған өлкенің тарихын, шежіресін зерттеп, оны танып-білуге септігімізді тигізу. Осындай үлкен мақсатпен менің ауданның тарихын, ондағы батырларының ерлік жолдарын көрсетуге бағытталған «Жуалы өлкесінің ежелгі тарихы», «Жуалы батырлар мекені» т.б кітаптарым жарық көрген болатын.
Табиғаты қатал болып келетін Жуалы ауданы 1928 жылы құрылған. Бастапқыда Шымкент облысының құрамында болып, 1951 жылы Жамбыл облысының қарамағына өтеді.
Биік жерде орналасқан бұл өлкеде сұңқарлар ұшып, тұлпарлар тұяғы тиген, ел мақтанатын дара азаматтар көп болған. Жуалының алғашқы атауы «Мыңбұлақ» деп аталды. Себебі, бұл жер сай-салалаға, мөлдір бұлаққа өте бай еді. Тарихы тереңде жатқан қасиетті өлкеден Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза түлеп ұшқан. Батырлықпен қатар жазушылық қасиеті бар Б.Момышұлы өзінің «Ұшқан ұя» атты кітабында туған жерін керемет суреттеген. Өзінің туған жерін «Құс жолы» деп атаған.
Жамбыл облысындағы Жуалы ауданы – генералдар елі аталып кеткен. Оның бірден бір себебі – осы бір аядай ауданнан 13 генералдың шыққандығы. Қасиет дарыған өлкені батырлар мен ақын-жазушылар мекені деп келген жұртшылық енді оны генералдар елі деп атайды.
Сол топтың көшін Қарулы Күштер генерал-лейтенанттары бастап тұр.
Олар: генерал-лейтенант Дмитрий Ковешников, «Халық Қаһарманы» генерал-лейтенант, Бақытжан Ертаев, Сейітжан Қойбақов, Диханбек Сатылғанов, Генерал-майор Владимир Трегубенко, Тромбачев Александр, генерал Роман Чумаков, генерал-майор Қуанышбек Үштаев, Ішкі істер қызметінің генерал-майоры – Есен Демесінов, ішкі істер қызметінің генерал-майоры – Тәттібай Дүйсебаев, ішкі істер қызметінің генерал-майоры – Арыстанғали Расылханұлы, Әділет генерал-майоры – Тілебалды Ыбыраев, Ғабит Миразов,- дейді тарихшы.
Келесі сөз кезегі ауданымыздың «Құрметті азаматы» Сейітқазы қажы Медетбековке берілді. Ол Жуалы ауданы Билікөл ауылында туып-өскен, ширек ғасырға жуық аудандық орталық мешітте бас имам болып, қалың көпшіліктің діни сауатын ашу, рухани түлеуі жолында өлшеусіз тер төккен иманды азамат.
Ол осы тұста ауданда мұсылмандық орта қалыптастыруда, жергілікті дін мамандарын оқытып, тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек сіңірді. Ұлдары да әке жолын қуып, дін саласында еңбек етуде. Ол – «Билікөл», «Ұлағат» атты кітаптардың авторы.
-Мен Билікөлде өмірге келдім. Жуалы өңірі талай тарихи сәттерді бастан өткерген өлке. Қысының қытымырлығы, жаз жайлауының әсем күйге бөленуінде үлкен мән бар. Бұл Жаратушының жуалылықтарға берген үлкен нығметтері деп білемін. Адам өзі туып-өскен мекенін жақсы көріп, сол өңірдің дамуына, ілгерілеуіне өзіндік үлесін өмірінің соңына дейін қосып өткені жөн. Себебі, ол біздің ертеңгі болашағымызға қалдырар мұрамыз. Дін саласында жылдар бойы еңбек ете жүріп, ауданға қарасты Билікөл өлкесінің ерекшелігін, табиғатын, мәдениетін, жергілікті азаматтарына тән өзгешеліктерін суреттеп келемін. Қаратаудың етегіндегі Билікөл мен Майтөбе ауылдары төңірегінде 150-ге жуық қорымдар тұр. Бұл қорымдарда сол жаугершілік заманда шейіт болған ата-бабаларымыздың ержүрек рухы мәңгіге жай тапқан.
«Табиғат – тал бесік, адамдар оны қорғауға тиіс» деген ұстазының сөзі санамда әлі күнге дейін жаңғырып тұр.
Алыстан көз салсаң Билікөл су айдыны менмұндайлайды. Айналасы ну қамыс. Туған жердің осы көрініс-келбеті менің жадымнан ешқашан шыққан емес. Алыс сапарға шыққанда үнемі бойыма күш-қуат беріп тұрады.
Қасиетті мекеннің «Жуалы» деп аталуының себебі: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда тау етегінде, жазық далада, тіпті, сазды жердің өзінде жуа (жабайы пияз) көп өсетін болған. Бүгінгі сарымсақ пен пияздың түп атасы Жуалыда көптеп өскен соң «Жуалы» деп аталған» дейді тарихшылар,- деп Сейітқазы қажы Медетбеков өз сөзін қорытындылады.
Мерекелік шара ән-жырмен жалғасты. Кітапхананың тұрақты оқырмандары Адина Бейсалы «Бауыржан Момышұлына» және М.Мақатаевтың «Аға» өлеңдерін мәнерлеп оқыса, №15 Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Фариза Болат «Жуалы – жер жаннаты» өлең жолын және Назым Талас «Жуалы туралы жыр» әнін шырқады. Мирас Ғали туған жері Жуалы туралы әнін шырқады.
Шараны орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қайсар Асылбеков қорытындылап, Дәулетжан Байдалиевті және Сейітқазы қажы Медетбековті және мерекелік шарада өнер көрсеткен жастарды Алғысхатпен марапаттады.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close