Basty bet
«Өмірдің мәні – ұрпақ сүйіп, оларға өнегелі тәрбие беруде»
Отбасы – мемлекеттің негізгі буыны. Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады. «Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші, білім бесігі мектептен, ал тәрбие бесігі отбасынан бастау алады.
Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін – адал жары, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары.
Өнегелі отбасы – бұл, тәлім-тәрбиесі қалыптасқан қағидасы бар, береке-бірлігімен, асыл қасиеттері арқылы өзгеге өнеге болар шағын мемлекет. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, алдымен Отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек.
Халыққа ағалық ақылымен, пайым-парасатымен сыйлы болған өнегелі әулеттің киесі Серікбай Абдиваитов жары Ғалия Жанпейісова екеуінің отау құрғандарына биыл 45 жыл. Шырайлы шаңырақ иелері бүгінде 4 бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан10 немере сүйіп отыр.
Абдиваитовтар отбасы туралы отағасы, асқар таудай әке Серікбай Әбдірахманұлымен әңгімелестік.
Серікбай Абдиваитов Тәжікстан Республикасында туған, 1961 жылы отбасымен Жетісайға көшіп келеді. Ал 1966 жылы Шақпақата ауылына қоныстанады. Серікбай аға отбасында бес ағайынды. Яғни ағасы мен үш қарындасы бар.
Ол 1972 жылы бұрынғы С.Киров атындағы орта мектепті аяқтап, Отан алдындағы әскери борышын Украинаның Львов қаласында өтейді.
Әскерден оралған соң колхозда 10 жыл ЗИЛ жүк көлігін айдайды. Әрі қарай аудандық орталық ауруханада механик болады. Кейін Шақпақата ауылындағы диірменде меңгеруші болып жұмыс істеп, зейнетке шығады.
Әке мен ана тәрбиесі – үлкен мектеп, тәрбиенің ошағы. Абдиваитовтар отбасында әкенің рөлі зор. Отағасын сыйлайтын отанасы перзенттеріне жастайынан әкеге деген құрметті үйретіп, бойларына сіңірген. Балаларын еңбекке баулып, биік адамгершілік қасиеттерге, қарапайым, кішіпейіл, білімді адам болуға тәрбиелеген. Олар әрдайым бір-біріне қуаныш сыйлауды әрі қолдау көрсетуді ұмытпайды. Отбасындағы жандардың туған күндерінде барлығы міндетті түрде бас қосып, құттықтауларын жеткізеді.
-Балалардың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын деген ниетпен ата дәстүр-салтымызбен тәрбиеледік. Елімізде жанұяға маңызды орын берілген. Өйткені адамзат пен мәдени құндылықтардың бұлжымас ұясы отбасы болып табылады.
Отан – ортақ үйіміз. Ортақ үйіміздің шаңырағын шайқалтпай, уығын тіктеп, керегесін кеңейтіп, береке-бірлігін ұйытып ұстау – ортақ міндетіміз.
Отбасында ұлдар ержетіп, қалаған мамандықтары бойынша білім алды. Біз оларға жақсы тәрбие бердік деп ойлаймын. Өйткені мен көрмеген, мен оқымаған жерде балаларым оқысын, көрсін дедім. Солардың болашағы үшін аянбай еңбек еттік. Еткен еңбегім зая кеткен жоқ,- дейді отағасы Серікбай аға.
Ал, отанасы Ғалия Ордабекқызы да осы ауылда туып-өскен. Ауылдағы мектепті аяқтап, Шымкент қаласында бір жыл тігінші курсын оқиды. Әрі қарай 10 жыл аудан орталығында тігінші болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көруде.
-Екеуміз отау құрған жылдары қиын кезеңдер еді. Бірақ, біз отбасының берекесі мен бақыты үшін ешқандай жұмыстан қашқан жоқпыз. Бір-бірімізді қолдап, сүйеніш бола білдік. Үйлену оңай, әрине. Бірақ отбасын сақтап қалу, үлкен отбасы болу қиын. Ол үшін жанұяда сыйластық пен сүйіспеншілік берік орнауы керек. Қолдау мен бір-біріңді түсіну қажет. Отбасында отағасының рөлі зор. Балаларға қатал болғанымен, жаны жайсаң азамат. Балаларының ойын біліп, соған қарай бағыт-бағдар беріп отырады. Қаталдығы мейірімімен ұштасып жатады. Перзенттеріміздің жақсы азамат болуы да әкесінің берген тәлім-тәрбиесінің арқасы,- дейді отанасы.
Абдиваитовтар отбасының тұңғыштары Асхат мектепті үздік бітіріп, Тараз мемлекеттік университетін мұнай және газ мамандығымен үздік аяқтаған. Қазіргі таңда Тараз қаласында «Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығы» мекемесінің басшысы. Ал екінші ұлдары Медет те мектепті жақсы аяқтап, Тараз қаласында жол-көлігі мамандығы бойынша оқыған. Бірақ қазір ауылда мал шаруашылығына бет бұрып, өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Одан бөлек, ауылдағы қайырымдылық шараларына белсене араласады. Аз қамтылған отбасыларға қаржылай және азық-түліктей көмектеседі.
Үшінші ұлдары Ермек мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік бітірген. Қазіргі таңда аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының директоры және аудандық мәслихаттың депутаты. Сондай-ақ сүт кенжелері Әйгерім де мектепті де, университеті де үздік бітірген. Қаратау қаласында отбасымен тұрады.
Өнегелі отбасы Серікбай Әбдірахманұлы мен Ғалия Ордабекқызы балаларымен мақтанады. Олардың адами қасиеті жоғары азамат болып қалыптасқанына қуанады.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»