Basty bet
Сенаторлар Жамбыл облысындағы өңдеу өнеркәсібінің даму барысымен танысты
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттарымен кездесу өткізді.
Сенаторлардың жұмыс сапарының мақсаты – өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің даму барысымен танысу.
Кездесуде Ербол Қарашөкеев өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштерге тоқталып, өңірдің әлеуетін арттыру және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жоспарлармен бөлісті.
Аймақ басшысы инвестиция тартудағы жаңа тәсілдерге, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша жобаларды іске асыру барысына да тоқталды.
Кәсіпкерлікті дамытуға жаңа серпін беру мақсатында ірі кәсіпорындардың жанынан негізгі өніммен бірге сатылатын тауардың шағын және орта өндірісін салу жоспарлануда.
2024 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 258,8 млрд теңгені құрады.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өнім көлемі 11,6 пайызға (35,2 млрд теңге) ұлғайды.
Аймақта өңдеу өнеркәсібі саласында 588 кәсіпорын жұмыс істейді (7 ірі, 13 орта, 568 шағын). Олармен есепті кезеңде 163,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 109,5 млрд теңгені құрады (нақты көлем индексі – 123,1%).
2026 жылға дейінгі инвестициялық портфельде 2,5 трлн теңгенің 70 жобасы жоспарланған. Бұл қосымша 6 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Өткен жылы облыс экономикасына 75 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. 13 жаңа өндіріс іске қосылып, 550 жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы 177 млрд теңгеге 19 жобаны іске асыру жоспарлануда.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Шайдаров жұмыс сапарының қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселелер заңнаманы жетілдіру шеңберінде ескерілетінін атап өтті.
Сенаторлар өңірдегі бірқатар өндірістік нысандарды аралайды. Атап айтқанда, «Казфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауыты, «ЖМЗ «Имсталькон» ЖШС, «ТаразКожОбувь» ЖШС, «Әулие-Ата-Феникс» ЖШС, «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС және «Talas Investment Company» ЖШС-нің қызметімен танысады.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі