Аты ежелден ел аузында болып, біздің эрамызға дейін патшаларға жайлау болған, жер киесі Мың-Бұлақ атанған қасиетті жердің перзенті болғанына кім қуанбас дейсіз… Айналайын ата-жұртым, сенің саф таза ауаңдай, сылдырап аққан мөлдір бұлағыңдай, шілденің аптабында да басынан мәңгі қар кетпеген қасиетті Алатауымдай, қойнауы ырысқа толы Қаратауымдай жерді бұл жаһаннан таппаспын. Қасиетті Туған Жер! Мерей тойың құтты болсын!
Мен бүгін Жуалы жайында осыдан 90 жыл бұрын жазылған заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің үш бірдей мақаласын оқып отырып, өзімнің ата-әжелерімнің және жерлестерімнің тағдыры мен тарихын көз алдымнан өткізгендей болдым. Мақаланың шынайылығы соншама, кейіпкерлердің түр-түсін көріп, дауыстарын естіп, олармен бір сәт тілдескендей боласыз.
Біріншісі – «Жуалы колхозшысы» деп аталатын көлемді очерк. «Шұқырбұлақ» колхозынан аудан орталығы Ванновкаға шыққан жазушының өзі және үш жолаушының әңгімелері, сөйлескен сөздері арқылы жазушы ауылдың тыныс-тіршілігін, колхозшылардың еңбекке деген қатынастарын, көңіл-күйлерін табиғи әрі тартымды етіп суреттейді. Бір мысал: «Ырысбек – қызыл күрең, еңбекке піскен, ірі денелі, сом етті. Өзі де көңілді. Даусы қатаң. Әрбір қозғалыс-қимылында иелік, өз-өзіне сенімділік екпіні бар…». Дәл осы портрет жуалылықтарға тән тұрпат, тән мінез-болмыс емес пе?!
Еңбек етуге деген құлшыныстарын да жазушы шебер суреттейді: «Еңбектен біз қорықпаймыз. Біздің «Шұқырбұлақ» Жуалыдағы қазақ колхозының алды. 750 гектар астық ектік. Үкіметке жаңадан 17 мың пұттан аса бидай бердік, астық жинауда өзіміздікін бітіріп тастап, жанымыздағы «Азаттық» колхозы – өзбек колхозының да 100 гектар бидайын орып бердік».
Қашанда, еңбектің бағасы жоғары ғой. Ол заман бүгінгі күнмен салыстырғанда, өте ауыр болғанын бүгінгі жастар біле бермеуі мүмкін. Бірақ орта жастағылар, өздерінің ата-әжелерінің және әке-шешелерінің өмірін, олардың көрген қиындықтарын жақсы біледі. Аға буын біздерді ата-аналарымыз: «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті», «Еңкейгеннен белің сынып қалмайды» деп, еңбекке баулып өсірді емес пе?!
Мұхтар Әуезов әйелдердің сол кездегі бейнетін кейіпкер тілімен береді. Мәмбет айтады: «Сонда қатынның еңбегі жүдә зор болды. Тегі қатын деген берік жан болады екен ғой. Еркек порт кететін көрінеді. Сонау таудан, – деп Мәмбет бет алдымыздағы 6-7 шақырым жердегі Жыланды тауын көрсетіп, – рауаш, алғи әкеп, өзіміз колхоз ісінде жүргенде ас қып беріп жүреді…» Жүз жыл бұрынғы қазақ әйелінің әлемін осы бір ауыз сөзбен-ақ ұрпаққа аманаттап қалдырды. Ол кездегі әйелдердің үйіндегі шиеттей (он шақты) бала-шағасы және қартайған ата-енелері бар. Арқа еті арша, борбай еті борша болып, тау асып, қыр басып алдымен колхоздың жұмысшыларын тамақтандырып, одан қалса балаларына талғажау етті.
«Мал басымыз аз. Мал тисе, тісті тіске қойып, баласындай күтуді бұл колхозшылардың бәрі ұғып болды. –Ұқпағанда кәйтет… Малды бауыздағаны өзін бауыздағаны емес пе колхозшының». ( 8-том, 148-бет)
Бүгін біздің, жас ұрпақтың көп сылтауды айтып, жағдайымыз жаман деуімізге ешқандай негіз жоқ деп ойлаймын. Ауылда әр отбасының жекеменшік, азында 25 соттық жері бар. Бәріне жетеді. Еңбек етіп ебін тапса, істің ретін білсе, аузынан ақ май ағызып отыратын заман қазір. Әр үйге табиғи газ кірген, тезек жасап, көң қазбайды, таудан ағаш-бұта тасымайды. Суы да іште. Қазір материалдық кемдік көретіндей заман емес. Тек еңбек етсе, жетіп жатыр.
Ал Рухани тамырымызға қай кезде және қашан балта шабылды? Осы сұраққа жауапты Мұхтар Әуезовтің Жуалы жайындағы «Көктемнен бері» аталатын екінші мақаласынан табамыз. «Зор жетіспегендік: бізде бір газет жоқ. Кімнің кінәсі екенін біліп болмайды. Әйтеуір Бурный айналасында қазақ газетін мезгілімен көру былай тұрсын, тіпті ныспымен көрмейтін жерің толып жатыр.
…Бұл мешіт еді. Тұқымын құртып, биыл жүдә қамба қылдық»,- дейді. Міне, ащы тарих. Дінімізден, ділімізден және тілімізден айырған кесапат заманның қара дағы бұл.
Бүгінгі қазақ тілінің зары ғасыр басында-ақ көкейкесті мәселе болғанын Әуезовтей дана тұлға осы мақаласында ашық көрсеткен. «…Мынау біздің колхоздың избачительниесі – кітапхана,– дейді. Тап-таза орташа бөлме. Қабырғаларында айнала жапсырылған көсемдер суреттері, плакаттар. Бірақ аудан қазақ тілінде жазылған плакатқа жарлы ма, әлде не? Бір плакаттан басқаның бәрі орысша…» ХХ ғасырдың басында Алаш арыстары: ұлы тұлғалар – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы бірі маса боп ызыңдап, бірі «Оян, қазақ!» деп жүріп оятқан қазағымызды шовинистер қайта ұйықтатып, қараңғы үңгірге қамағандай. Зарарынан қаша алмағандықтан, бұл күнге дейін санамызға сәуле түспей, бодандық психологиядан арыла алмай келеміз-ау…
Мұхтар Әуезовтің үшінші мақаласы «Сөз алған тау сағыз бен көк сағыз» деп аталады. Мақаладан үзінді оқып, Жуалының суретін тамашалағандай боласыз: «Ашық, тынық, ерекше бір мөлдір таңертең. Мөлдір дейтінің: алыстағы Алатау биіктері де, айналадағы далалар, адырлар да алыс-жақын селдір тоғайлар, поселкелер де тұп-тынық мөлдір судың түбіндей боп, буалдырсыз ап-айқын көрінеді». Бұл табиғат суреті – жуалылықтардың барлығына таныс, міне, 90 жыл өтсе де табиғат, Туған Жер өз орнында!
Ал өңір тарихынан сөз қозғасақ, отызыншы жылдарда Жуалы ауданы Кеңес одағында каучук өндірісін өндіруге үлкен үлес қосып, каучуктың шикізаты тау сағызы мен көк сағызды өсіреді. Одақта бірінші орында болады. Осы өндірісті дамыту мақсатында техникум ашылады, онда 60 % қазақ балалары білім алады.
Бұл мақалада да ел ішіндегі тұрмыстың қиыншылығы, жұқпалы аурулардың көптігі туралы да дерек бар. «…мына екі үйдің іші түгел ауру – безгек. Оларға ақша, азық жәрдемді істеп, оңалғанын күтіп отырмыз», – дейді жолдас Сариев. Бұл – үшінші мақаланың соңғы сөйлемі.
Ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің отызыншы жылдары хатқа түсірген үш мақаласынан Жуалының тарихы арқылы күллі Қазақстанның тарихын көз алдымыздан өткіздік. Табиғаты таза, адал еңбек етіп, Отанына, отбасына ырыздық-несібе әкелген, қуана білген қарапайым, саналы, сапалы салтын сақтаған қазақ жұртымен қайта қауышқандай болдық.
Өз алдына аудан болып, шаңырағын көтергеніне биыл 95 жыл толған туған жеріміздің тағдыры, Жуалының болашағы мен бүгінгі бізге, біздің ұрпақтарымызға аманат. Әжелеріміз бізді: «түк етпейді, бұдан жаман күнімізде де тойға барғанбыз. Бұл да өтеді» деп, сабырлыққа шақырушы еді.
Ал біздің бүгінгі күніміз – Алланың біздің халқымызға берген үлкен сыйы. Ең бастысы, Тәуелсіз елміз. Басымызға орнаған бейбіт заманды мәңгілік болсын деп тілейік! Бірақ кепілдеме берген ешкім жоқ. Осындай уақытта дамыған мемлекеттер бір қадам басса, біз үш қадам алға басуымыз керек. Абай данышпан айтқан жаман кесел еріншектіктен құтылу қажет. Барлық бақытсыздықтың, кедейліктің, жауыздықтың және пасықтықтың да басы сол – еріншектік.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан қаласындағы Ұлттық құрылтайдың отырысында айтқан сөзіне құлақ асайық. Президент еңбек туралы және еңбек адамы туралы: «Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Еңбекқорлық қоғамымыздың сипаты болу керек»,– дегені жайдан-жай емес.
Адастырмас ақылшың болса, алға қорықпай қадам басуға болады, ағайын!
Ұлы даланың мерейі, батырлардың мекені, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған жері – Жуалы, мерей жасың құтты болсын!
Гүлтас САЙЫНҚЫЗЫ,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Ұстаз, профессор