Basty bet

Ауыл тұрғындары ауызбіршілікпен еңбек етуде

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде өтіп жатқан әкімдердің жергілікті тұрғындармен кездесулері өңірде көптеген мәселелердің дер кезінде көтеріліп, оның шешілуіне оң әсерін тигізіп отырғаны анық. Бұл біріншіден жергілікті атқарушы биліктің тұрғындарға жақын болуына әсері болса, екіншіден жергілікті жерлерде туындаған кейбір мәселелермен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретіні анық.
Осы орайда алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза таулы аймақта орын тепкен Жетітөбе және Күреңбел ауылдық округтеріне арнайы барып, ондағы тұрғындардың өкілдерімен кездесіп, мәселелерге қанықты.
Аудан басшысы алғашқы кезекте Жетітөбе ауылдық округінің өкілдерімен кездесіп, Кәріқорған ауылындағы орта мектептің акт залында тұрғындармен еркін форматта жиын өтті.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, аталған округтегі түйінді мәселелерге де тоқталды. Атап айтсақ, оның ішінде, ауылдық округтің орталығы Кәріқорған ауылындағы ескі әмбебеп дүкеннің ғимаратына жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу мәселесі бар. Ескі ғимаратқа жөндеу жүргізілсе, одан ауыл балалары спорт үйірмелерімен айналысатын спортзал ашылмақшы. Бұл мәселенің ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп келе жатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Дегенмен осы күнге дейін сәті түспей келген еді.
-Округте туындаған кейбір мәселелердің осы күнге дейін шешімін таппай келгенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Мұның алдында облыстың басшысы Нұржан Молдиярұлының Жетітөбе ауылдық округіне сапары кезінде округтің орталығындағы ескі әмбебап дүкеннің ғимаратын жөндеп, оны спорттық нысанға айналдыру жөніндегі мәселе айтылып, тиісті назарға алынған болатын.
Ауыл тұрғындарының өтініші ескеріліп, әмбебеп дүкенді күрделі жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат бөлінетіні туралы жақында облыс орталығынан жағымды хабар алып отырмыз.
Ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес, округтің орталығынан 150 орындық мәдениет үйінің құрылысын жүргізу жұмыстары да пысықталып жатыр. Одан бөлек, бұл ауылдық округте «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жұмыстар жүргізілуде. Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде басталған бұл жоба негізінен ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруды көздейді. Бұған республикалық бюджеттен қыруар қаражат қарастырылған. Дегенмен, бұл жобаның аясында жұмыс бастаған тұрғындардың тұрмыс жағдайы артумен қатар, оның мемлекетке қайтарымы да болу керек. Бір сөзбен айтқанда, нәтижеге жұмыс жасауымыз қажет. Бұл ретте ең бастысы, алған несие қаражатын мақсатты жұмсап, малдың басын көбейтумен қатар, оның асылдандыру мәселесіне де терең көңіл бөліңіздер. Малды міндетті түрде сырттан сатып әкелу қажет. Оны асылдандыру ісіне де көңіл бөлудің маңызы зор,- деді аудан әкімі Жалғас Мұртаза.
Кездесу барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бірсыпырасын ауылдық округтің әкімі Қайнарбек Беделбеков айтып берді.
Кездесу одан әрі сұрақ-жауаппен жалғасып, онда Қоңыртөбе ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ауылдық қадірменді қариясы Асқар Сағындықов сөз алып, ол өскелең жастарды еңбекке баулудың маңызды екенін айтып, қазір ауылдық жерлерде техниканың тілін меңгерген жұмысшы жастардың оның ішінде, ауыл шаруашылығы техникаларын жүргізетін механизаторлар қатарының «қартайып» бара жатқанын, ал бұл мамандықты игерген жастарға мұғалім және дәрігерлерге жасалғандай әлеуметтік жағдайларды жасаудың күн тәртібінде тұрған мәселе екенін ұсыныс ретінде жеткізді. Кездесуде сөз алған ардагерлер жалпы ауылдық округ тұрғындарының ауызбіршілікте еңбек етіп жатқанын қуанышпен жеткізді.
Кездесуде одан бөлек, Жетітөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шарханбек Қожаназаров, Шыңбұлақ ауылы ардагерлерінің төрағасы Әшірхан Исақов ауыл-аймақтағы ахуалды, сонымен қатар тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі туралы айтып, аудан басшысына бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.
Қосымша айта кететін болсақ, Жетітөбе ауылдық округінде биыл бірқатар көше жолдары орта жөндеуден өткізілуде. Атап айтқанда, Қоңыртөбе ауылында Б.Баратұлы, Ғ.Досаев, М.Құттыбаев көшелеріне және Шыңбұлақ ауылындағы Мырзатай көшесіне, сонымен қатар округтің орталығы саналатын Кәріқорған ауылындағы Қ.Омарбеков көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер – «DAUREN BUILD» ЖШС. Техникалық бақылаушы – «Rizim engineering» ЖШС.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына келсек, пилоттық жобаға қатысу мақсатында ауылдық округтен барлығы – 201 тұрғын өтініш беріп, қазіргі таңда оның ішінен – 147 адам несие қаражатына қол жеткізген. 54 тұрғынның құжаттары әлеуметтік корпорация тарапынан зерделену үстінде. Несие алғандардың ішінен 115-і барлығы 2 971 бас мал сатып алып, жұмыстарын жалғастыруда.
Ауыл шаруашылығына – жаңа технология
Жақсылыққа жаны құмар халық емеспіз бе? Оның үстіне тілшілер қауымының жағымды жаңалықты елге, оның ішінде, өңір тұрғындарына сүйіншілеп жеткізетіні тағы бар. Аудан басшысы Жалғас Мұртазаның Күреңбел ауылдық округіне барған жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығына қатысты жағымды жаңалықты өз көзімізбен көрдік. Ауыл әкімі Ғани Жұбаев және ауылдың шаруа азаматы Сәулембек Көмекбаев аудан басшысына егістікке минералды тыңайтқыш және дәрі себуге арналған жаңа дронның жұмыс істеу тәсілін таныстырды.
Ауыл шаруашылығы, оның ішінде, егін шаруашылығына ең қажетті бұл шетелдік дронның жалпы құны – 13 миллион теңгені құрайды. Оны Күреңбел ауылының шаруа азаматы С.Көмекбаев өзінің жеке қаражатына сатып алғанын айтады.
-Мұндай жаңа тәсілмен жұмыс істейтін заманауи дронның ауыл шаруашылығына пайдасы туралы таныстарымнан естіп, кейіннен бұл туралы өзім де іздене бастадым. Мұндай қондырғы әзірге Қазақстанның өзінде санаулы ғана. Бұл дронның көмегімен шамамен бір сағат уақытта 20 гектар алқапқа дәрі шашуға болады. Қазір біз негізінен ауылдағы шаруалардың арпа, бидай, және жоңышқа алқаптарын арнайы прапараттармен өңдеп жатырмыз. Егістік дақылдарына себуге арналған «Биомелиорант» деп аталатын сұйық препарат бар. Ол өзіміздің Жамбыл облысында өндірілуде. Оның құрамында 12 түрлі пайдалы компонент бар.
Дронды сатып әкелгенімізге бір аптадай уақыт болды. Осы уақыттың аралығында біз 500 гектарға жуық егістік алқапты арнайы препараттармен өңдеп үлгердік. Көршілес ауылдық округтердегі шаруалардан егістіктерді дәрілеу туралы тапсырыстар көптеп түсуде. Нәтіижесі де жаман емес. Егістік алқапқа дәрі бүріккеннен кейін оған егілген қай дақыл болсын, біріншіден оның сабағы биіктейді, одан кейін басына дән байлау процесі де анағұрлым жоғары болады. Мұның егістік жұмысына пайдасы өте көп,- дейді шаруа азамат.
С.Көмекбаевтың айтуынша, шетелдік мұндай «ақылды» қондырғының көмегімен картоп, жүгері, басқа да көкөніс алқаптарын өңдеуге мүмкіндік бар. Өнімділікке келер болсақ, арпа дақылының әр гектарынан орта есеппен 15 центнерден өнім алынса, ал оны тиісті биопрепараттармен өңдеу арқылы өнімділікті 20-25 центнерге дейін көтеруге болады.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауылдық округтің егін шаруашылығына енгізілген жаңа технологиямен танысып болғаннан кейін ары қарай Күреңбел ауылдық мәдениет үйінің ауласында округ тұрғындарымен кездесіп, пікір алмасты.
Аудан басшысына тұрғындар тарапынан Күреңбел және Қаратас ауылдарына ағын су әкелу мәселесі, ағын суға қатысты, тағы да басқа сұрақтар қойылып, олар тиісінше, аудан басшылығының назарына алынды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close