Basty bet

«Халық Қаһарманының» қамқорлығын сезінген

Даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының: «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес» деген сөзі бар. Иә, шындығында әскер ұғымының ер азамат атауымен астасып кеткені соншалықты, әкелеріміздің, ағаларымыздың болмысын солдаттық өмірсіз елестете алмаймыз. Кеңес Одағы тұсында әскерге бара алмай қалғандар өзін төмен санап, қалайда жауынгер қатарына тұруға талпынған. Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуді азаматтық міндеті санаған қаржы жүйесінің ардагері, Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті азаматы Жарас Мұратай әскер қатарына өзі сұранып барған аға буын өкілінің бірі. Ардагер бізбен сонау саналы өмірінің жастық шағында әскер қатарындағы оқиғаларымен бөліскен еді.

Ардагер 1958 жылы әскер қатарына шақырылып, қасиетті борышын Түркіменстанның Чарджоу қаласында өтейді. Оның негізгі арманы – шет елде немесе теңіз флотында әскери борышын өтеу болатын. Оған келген әскери шақыртуда борышын Германия елінде өтейді деп жазылған еді. Дегенмен сарбазға Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу Түркіменстаннан бұйырыпты. Өйткені, осы елде борышын өтеп келуіне оның мамандығы себепші болған. Әскерге шақырту келген соң, арманы орындалғанына қуанған ол үш күн облыстық қорғаныс бөлімінде болады. Үш күннен соң, барлық жігіттерді темір жол вокзалында сапқа тұрғызып, жүк артатын пойыздың вагонына салып жібереді. Германияға әскери борышын өтеуге бара жатқан жастар алдымен үш ай карантиннен өту үшін Түркіменстанның Чарджоу қаласындағы полигонға жіберіледі. Полигонда жастар әскери өмірдің алғашқы сатысы дайындықтан өтіп, олар осы жерде әскери өмірге машықтанады.
Чарджоу қаласындағы әскери борышын өтеп жүрген Жарас Мұратай есінен кетпейтін бір оқиғаны үнемі еске алып жүреді. Ол – 21 жасында Кеңес одағының батыры атанған, қазақ халқының қадірлі ұлы, армия генералы, шын сардар Сағадат Нұрмағамбетовпен болған кездесуі. Отанға қызмет етуді, ел қорғауды абыройлы іс санаған Сағадат Қожахметұлымен сол тұста сұхбаттасу, жүздесу жас сарбаз үшін бақыт әрі үлкен абырой еді.
«Халық Қаһарманы» атағының иегері, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасуында аса маңызды рөл атқарған алғашқы армия генералымен сарбаздың сол тұстағы алғашқы кездесуі 61591 әскери бөлімнің №31 моторландырылған полкінде болады. Бұл аталған полкте әскери дайындықтан өтіп жүрген сарбаз Жарас Мұратайды полктің командирі шақырып, оның есепші мамандығын бітіргенін ескеріп, осы жерде қалатынын ескерткен күн болатын. Ол полктің командирі, полковник Сағадат Нұрмағамбетов екенін кейіннен біледі. Сонымен қатар, штабта түнгі сағат үште кезекшілікте отырған кезде полктің командирі Сағадат Нұрмағамбетовпен екінші рет жолығады. Өзінің кезекшілігінде ешқандай тәртіп бұзушылық болмағанын хабарлаған соң, онымен тілдесудің сәті қайта түседі. Полковниктің «Қазақша түсінесің бе?» деген сұрағына «қазақпын ғой, көке» деп жауап береді. Полковник жауынгердің үстеліндегі жазушы Зейін Шашкиннің «Тоқаш Бокин» романын көріп, осы кітапты таба алмай жүргенін айтып, оқуға сұрап алады. Жауынгерге оқып болған соң, хабарласамын деп жылы шырай танытып қоштасады.
Бірақ, полк командирі Сағадат Нұрмағамбетов қызметінен жоғарылап, әскери бөлімнен басқа жаққа жұмысқа ауысып кетеді. Алайда жат жерде қазақ жігітінің қайсарлығын, патриоттық сезімінің жоғары екенін аңғарған ол оны ұмытпайды. Үш айдан соң, қатардағы жауынгерге шақырту жіберіп, оны үйіне қонақ етеді. Бұл олардың үшінші кездесуі еді. Ардагер бұл әсерлі кездесулерді өмірінің ең керемет сәттері ретінде есінде сақтап қалған. Қазақтың біртуар азаматы, қадірлі ұлының ағалық қамқорлығын сезінген ол онымен кездескен шақтарын жоғары бағалайды. Үйіне қонақ етіп, сарбаздың жан дүниесін түсінген азамат ретінде танып білді. Жат жерде қамқорлық танытқан оның үйінен татқан астың дәмін де әлі күнге дейін ұмытпаған.
-Жат жерде осындай тұлғаның, яғни, ағаның қамқорлығын сезіну бір бөлек сезім. Осындай батырдың мені өзіне жақын тартып, қамқорлық көрсеткеніне мақтанамын. Ол екінің біріне бұйыра қоймайтын бақыт деп білемін. Сол кезде алғашқы кездесуіміздегі «қазақпын ғой, көке» деген сөзім оған ерекше әсер еткен болуы керек. «Көке» деген сөзімді кішінің үлкенге құрметі деп білсе керек. Қарапайым сарбазды үйіне қонақ етіп, мен үшін арнайы жайылған ақ дастарқаны оның кеңпейілділігін, жүрегінің кеңдігін білдірді. Ерекше адамгершілігі зор биік тұлға еді. Онымен жақынырақ тілдесудің өзі бір ғанибет. Себебі, ол кісі біз үшін қазақтың маңдайына біткен батыр, ержүрек, өзінің Отанын шексіз сүйетін азамат. Соғыста да, әскери қызметте де алғы шепте болды, бейбіт өмірде де солай. Атақ-даңқы бір басына жетіп-артылса да, соншалықты қарапайым. Әскери адам бола тұра, қатал емес, қамқор болды. Бұл – нағыз сардар Сағадатқа тән қасиет. Осындай асыл азаматтың қамқорлығын сезіну мен үшін үлкен бақыт, – деп еске алады ардагер.
Сұхбат барысында ардагер қазіргі жастардың Отан алдындағы борышын өтеуден қашатыны туралы пікірін де білдірді.
-Әскер – өмір мектебі. Тәрбиені де әскер береді. Адамгершілікті, тәртіпті, бауырмалдықты да әскери өмір үйретеді. Онда жігіттер шынығып, нағыз ер азамат ретінде қалыптасады. Біздің кезімізде әскери борышты өтеу үш жыл уақыт болатын. Жырақтағы ата-анаңмен, ағайын-туыс, бауырмен тек хат арқылы жағдай сұрасып, хабарласатынбыз. Сонда да біз әскери қызметтен жалтарған емеспіз. Ол кезде біз үшін әскерге бармау ұят саналатын. Ал, қазір ше? Бүгінде өз елімізде, Тәуелсіз мемлекетте әскери міндетін өтеуден жалтаратындар қатары көп. Әттеген-ай… Қазір елімізде азаматтардың әскерге баруы немесе сол әскерге деген екіұдай пейілі жұрт назарында тұрған ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бірі жақтайды, енді бірі жата кеп даттайды. Айналып келгенде, Отан алдындағы борышын өтеу кез келген ер азаматтың міндеті екенін ескермей жатады. Расында, Отанға қызмет ету азамат үшін сол міндетті әскери борышын өтеуден басталатынын бірі білсе, бірі білмес, – дейді ардагер.
Қасиетті борышын жат елде өтеген Жарас Мұратай елге аман-есен оралып, ұзақ жылдар қаржы саласында абыройлы қызмет еткен атпал азамат. Адам өмірінің бір бөлшегі әскери қызметтің жастарға берері көп екенін ардагердің естелігінен тағы да бір көзіміз жеткендей…

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close