Basty bet
АУДАН ӘКІМІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Жастар – қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың символы. Еліміздің жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады.
Жыл сайын елімізде, 12 тамызда «Жастар күні» аталып өтуде. Осыған орай өткен аптада аудандық мәдениет үйінің кіші залында «Болашаққа үміт – жастарға сенім» атты аудан әкімі Жалғас Мұртазаның жастармен кездесуі өтті.
Кездесуге адан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков және аудан жастары қатысты.
Алғашқы сөзді аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жеңісбек Оразбақов ашып, аудан жастарының тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы жастарды төл мерекелерімен құттықтады.
-Баршаңызды 12 тамыз – Халықаралық жастар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
1999 жылғы 17 желтоқсанда Бас Ассамблея 12 тамызды Халықаралық жастар күні деп жариялағаннан бері бұл күн жыл сайын түрлі тақырыптарда аталып өтіліп келеді.
Биылғы жылы Халықаралық жастар күнінің тақырыбы «Жоспардан прогреске: жастардың тұрақты дамуындағы цифрлық жолдары» ретінде тұжырымдалған. Бұл бағытта ауданда үш бағытқа негізделген «Жастармен бірге» қағидатымен ұлттық жастар онкүндігі аталып өтті.
12 тамыздың Жастар күні ретінде белгіленуі еліміздің жастар саясатына ерекше мән беріп отырғанын көрсетеді.
Елімізде, оның ішінде ауданымызда жастардың алдында тұрған проблемаларды шешу, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында жастарды мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары қабылданған. Оның ішінде, жыл сайын жастардың әлеуметтік бағдарламаларын қолдау және оларды жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді.
Ауданда 15 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны –18267, ол аудан халқының 33,4% құрайды. Жалпы ауданда жұмыссыз жастардың 85 пайызы жұмыспен қамтылып отыр.
Қадірменді жастар!
Ел дамуындағы қозғаушы күш – жастар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет» деп, атап көрсеткендей, жастарды ауданымыздың қоғамдық өміріне белсенді түрде араласып, өз ұстанымына берік болып, түрлі идеялар ұсынып, оларды іске асыруға атсалысуға шақырамын,- деді аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы.
Шара барысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясына атсалысқан белсенді жастар аудан әкімінің және «Amanat» партиясының Алғысхатымен марапатталды.
Кездесуде сондай-ақ «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, белсенді жастар Рауан Сапарбай, Жадыра Ерғалиқызы және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев жастарды мерекемен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді.
Кездесу соңында аудан жастары аудан әкімімен естелік суретке түсті.
Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»