Basty betQoǵam

Екпенің маңызы зор

Індеттің таралуы деңгейі бойынша облысымыз «жасыл» аймақтан «қызыл» аймаққа өткеніне біраз уақыт болды. Ауырып жатқандардың тең жартысы балалар мен жас жеткіншектер. Десе де індетті түбегейлі жеңу үшін – аудан халқы толықтай вакцинациялану қажет. Сонда біз ұжымдық иммунитет қалыптастырамыз. Осы арқылы коронавирус індетін жеңеміз. Алайда егу ісі әлі де ширатуды талап етуде. Бұл мәселе бойынша біз аудандық орталық аурухананың эпидемиолог дәрігері Самат Мамыралиевпен сұхбаттасқан едік.
-Самат Бектұрғанұлы, жалпы аудандағы эпидахуал туралы айтып берсеңіз?
– Ауданда эпидемиологиялық жағдай былтырғы жылдың соңына қарағанда күрт нашарлап кетті. Аурушаңдықтың көбейіп кеткенін жан-жағымыздағы ағайын-туыс, дос-жараннан да естіп біліп отырмыз. Аудандық денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне жүктеме де арта түсті. Бүгінде аудандық емхананың жанынан респираторлық симптомдары бар науқастарға қызмет көрсететін 10 мобильды топ құрылған.
-Бүгінгі таңда аудандағы жұқпалы ауруханада коронавирус індетінен қанша адам ем алып жатыр?
– Жыл басынан бүгінгі күнге дейін ПТР тесті «оң» нәтижелі ковидтан – 103 науқас анықталса, ПТР тесті «теріс» нәтижелі ковидты пневмониядан 14 науқас тіркелді. Аталған науқастардың тек 15-і облыстық деңгейдегі ауруханаларда ем қабылдауда. 30 науқас амбулаторлы ем алса, 40 науқас КВИ-ның симптомсыз түрімен үй карантинінде дәрігерлердің бақылауында. Ал, 32 науқас сауығып шыққан.
-Коронавирусты емдеу барысында нені білу керек?
– Қазіргі уақытта ересектерді, балаларды және жүкті әйелдерді (босанатын әйелдерді, босанған әйелдерді) емдеу үшін ҚР практикалық денсаулық сақтау саласында 3 (үш) жеке клиникалық хаттама әзірленді және қолданылады. Сонымен қатар, жаңа үздік халықаралық және отандық практикалардың, оның ішінде COVID-19 диагностикасы мен емдеудің жаңа әдістерінің (технологияларының) пайда болуын ескере отырып, Клиникалық хаттама әзірлеушілер «Клиникалық хаттаманы» үнемі жаңартып отырады.
-Ревакцинация ауданда қалай жүруде?
– Ауданымызда ревакцинация жүргізілу қарқыны жаман емес, қазіргі кезде тұрғындар алғашқы кездегідей емес, КВИ-ді жеңудің бірден бір жолы вакцинация екеніне көзі жеткендей. Алғашқы 2 компонент екпе алғаннан соң 6 ай өткен тұлғалар ревакцинациясын салдырып жатыр.
– Пфайзер «Комирнати» вакцинасын қазіргі таңда қанша адам салдырды?
– Ауданымызда «Комирнати» вакцинасын 12-17 жастағы балалар, жүкті және емізулі әйелдердің 1 компонентін 3900-ы салса, 2 компонентін – 1242 тұрғын салдырған.
-Ауырып жатқан адамдардың ішінде коронавирус індетімен тіркеліп жатқан жеткіншектер немесе балалар бар ма?
– Жыл басынан барлығы 31 баладан ПТР тесті «оң» нәтиже көрсетті. Оның екі бала стационарда жатса, сегіз бала амбулаторлық ем қабылдауда. Ал 15 бала симптомсыз түрімен дәрігерлердің бақылауында.
Коронавирус індетінен сақтанудың жолдарын айтып өтсеңіз?
– КВИ ауа тамшыллары арқылы жұғатын ауру болған соң, одан сақтану жолдары да тиісінше қарапайым ғана: бетперде кию, адам көп шоғырланған жерлерге көп бармау, ара қашықтық сақтау, сондай-ақ бастысы – вакцинацияның толық курстарынан өту екенін дәрігер ретінде айтудан жалықпаймыз!
Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Баян Тұрсынқұлқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close