Basty bet

Қымыз өндірісін қолға алдым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздегі шағын және орта кәсіпті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Сол қолдауды өзіміз де сезініп, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз.
Біздің ұстанған жолымыз, ата-бабадан жалғасып келе жатқан мал шаруашылығы. Бұл елімізде қабылданған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында мүмкін болуда. Мен де осы жобаның қатысушысының бірімін. Осыдан бірнеше жыл бұрын бағымды сынап, халықты жұмыспен қамту орталығына қайырылып, солардың қолдауымен шағын несие алып, кәсібімді бастаған едім. Ойға алған жоспарымды жүзеге асыру «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының несиелендіруі арқылы мүмкін болды. Солардың көмегімен алған үш миллион теңгеге он бес бас жылқы алып, жұбайым екеуіміз Қамбар ата түлігін бордақылауды бастаған едік. Содан бері де бес жыл уақыт өтіпті арада.

Президентіміз Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет», деп атап өткендей біз сияқты ұсақ кәсіпкерлер өңірдегі ет пен сүт өнімдерінің бағасының тұрақтануына өз септігін тигізіп отырғаны анық. Қазір өздеріңізге де белгілі, ауылда жұмыс жоқ, оның үстіне аудан орталығында тұрып осынша жылқы ұстау да оңай шаруа емес. Бізді жұбайым екеуімізді бұл кәсіппен айналысуға итермелеген жұмыссыздығымыз. Оның үстіне қарап отырмай бір кәсіппен айналысу керек деп шештік.
Жоғарыда айтқанымдай, бұл кәсіп менің бойыма ата-бабамнан дарыған десем артық айтқандығым болмас. Атам Лес Медетбекұлы Талас ауданында белгілі жылқышы, әрі көкпаршы болған кісі. Ал әкем Әбілғазы да сол ата жолын ұстанған азамат. Анам Бота бие байлап, қымыз сапырған көпбалалы ана. Келін болып түскен жерім де малшы отбасы болатын. Қайын атам Өмірсейіт те Билікөл өңірінде жылқышы, шопан болып зейнеткерлікке шыққан кісі.
Жастайымнан малдың жайын біліп өстім. Анам бие сауғанда, қымыз сапырып, оны-мұны жұмысына көмектесетінмін. Келін болып түскенде енем Оңал анамнан көп нәрсе үйрендім. Қазір үйде бірнеше бие сауып отырмын. Еңбегіміз жанып, тірлігіміз алға басуда.
Кәсіп бастау қашан да оңай шаруа емес. Оған талап қылғандар, алдына мақсат қойғандар ғана жетеді. Аудан орталығына жұбайым Дидар екеуміз көшіп келгенде қорамыз да жоқ еді. Қора салып, мал бордақылап, сонымен қатар бие сауып, қымыз өндіруді де қолға алған болатынмын. Кәсібім жүріп, ісіміз дөңгелеп кетті.
Менің жоғары білім мамандығым бар. Бастапқыда Қаратау қаласындағы кәсіптік-техникалық колледжді тігінші мамандығы бойынша бітіргенмін. Еңбек жолын да сондағы тігін цехында тігінші болып бастағанмын. Жұмыстан қол үзбей жүріп “Әулие-Ата” университетіне түсіп, оны 2002 жылы сырттай бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп алдым. Сол жылы жуалылық Дидарға тұрмысқа шықтым. Жұбайым сауда-саттықпен айналысқандықтан, біраз жыл сыртта жүрдік. Дипломым бойынша жұмысқа орналаса алмағандықтан Алматы қаласында тұрғанымызда «Қанағат» асханасында, одан кейін «Ұлар» балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істедім. Содан 2015 жылдары туған жерге қайта оралған соң, үй алып, жұбайым мал бордақылаумен айналысты. Оған демеу болу үшін несие алып, бордақы басын көбейтіп бердім бастапқыда.
Бұрын несие алу да оңай шаруа емес еді ғой. Көбінде кепілдік сұрайтын. Бізде ондай мүмкіндік болмады. Ойға алған мақсатымызға жету үшін «Халықты жұмыспен қамту орталығына» жұмыссыз ретінде тіркелдім. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының ұйымдастырған бизнес курсына қатысып, сертификат алдым. Содан кейін менің жобамды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы қолдап, алты пайызбен несие алуыма септесті. Қайтару мерзімі үш жыл болатын. Оның өзін алты айда бір рет құятынбыз. Ол бізге өте тиімді болды. Алған жылқымызды бордақылап, сатып табыс табуымызға, әрі орнына қайта мал алуға мүмкіндік берді. Осы істе бізге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несие менеджері Руслан Рахманбердиевтің көп септігінің тигенін айтқым келеді. Біз ол несиемізді уақтылы жауып, бүгінде бордақы мен сауынды бие санын еселеп, жұмыс істеудеміз.
Алға қойған жоспарымыз да, мақсатымыз да жоқ емес. Ең бастысы, мал басын арттырып, бие байлап қымыз өндірісін кеңейту. Президентіміз де Жолдауында кәсіп бастағандарға мемлекет тарапынан барынша қолдау болатынын айтып отыр ғой. Біз де өз еңбегімізбен отбасы бизнесін жандандыруға күш салатын боламыз. Сонымен бірге жұбайым екеуміз алты ұл-қызымызды жастайынан еңбекке баулып, тәрбиелеудеміз. Ертең олар қандай биікке көтерілсе де маңдай тер, адал еңбектің бағасын білетін болады.

Назгүл МЕДЕТБЕКОВА,
жеке кәсіпкер

Таңдаулы материалдар

Close