Basty bet
Ораза айт қабыл болсын!
Құрметті жерлестер!
Қадірлі қауым!
Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын!
Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы – күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке саналады.
Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Ораза айт күндері әрбір мұсылман туған-туыстары мен бауырларына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өзінің рухани дамуына зор мән береді.
Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам аудан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін дегім келеді. Ораза айты адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады.
Жалпы, Ораза айты қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құлшылықтың қуанышы мен жемісі. Ізгі ойлар мен игі істер өзара түсіністік пен келісімге бастайды, адамдарды ортақ мақсат-мүддеге жетелейді.
Мүбәрак Ораза айт мейрамын отбасы мен ошақ қасында, бейбіт аспанның астында атап өтулеріңізді, еліміздің бірлік пен татулық құшағында өсіп-өркендеуін, жұрт аман, ырыс түгел, ақ мол болуына тілек білдіремін.
Қазақстан – бейбіт өмір мен жасампаздықтың мекені. Ал асыл дініміз – Ислам Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамның рухани жаңғыру идеясына толық сай келеді.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әрбір шаңыраққа ынтымақ пен бақ-береке тілеймін!
Ораза айт құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
аудан әкімі Жалғас Мұртаза