Basty bet
Мемлекеттік тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады?
Тұрғын үй мәселесі қай кезде де өзекті. Сондықтан мемлекеттік тұрғын үй алуға үміткерлер тарапынан қойылатын негізгі сұрақтар бойынша шағын сұхбат жасаған болатынбыз. Сұрақтарға аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев жауап берді.
-Қайрат Есенбекұлы, мемлекеттік тұрғын үй кезегіне кімдер тұра алады?
-Тұрғын үй кезегіне төмендегі азаматтар кезекке тұра алады. Олар:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері:
2) жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар:
3) “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен наградталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар:
4) халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары.
-1 және 2 топтағы мүгедектер;
-толық емес отбасы;
-мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
-денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
-жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
-қандастар;
-экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
5) мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкеріне және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар:
6) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар.
Сонымен қатар меншік құқығында соңғы бес жылда баспана болмауы қажет.
-Кезекке қалай тұруға болады?
-Жоғарыда аталған санаттағы азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алу қызметін онлайн алады. Яғни, жеке тұлғалар egov.kz, kezekte.kz сайты арқылы кезекке тұрады.
Кезекке тұру реттілігі төмендегідей: ЭЦҚ көмегімен
-Порталда авторизациядан өтіңіз немесе тіркеліңіз
-“Онлайн сұратым” батырмасын басыңыз
-Сұранымның ашық жолдарын толтыру. Өтінімге құжаттарды қоса тіркеу
-Өтінімге электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) көмегімен қол қойыңыз
-Жеке кабинетте (“Қызметтерді алу тарихы” бөлімінде) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін сіздің өтініміңізді өңдеу туралы хабарламамен танысыңыз.
Порталдың жұмыс кестесі жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы.
Қызмет нәтижесі кезектің реттік нөмірін көрсете отырып, есепке қою туралы хабарлама не ұялы телефонға sms-хабарлама немесе мемлекеттік кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.
-Ауданда мемлекеттік тұрғын үй кезегінде қанша кісі бар?
-Аудан бойынша бүгінгі таңда мемлекеттік тұрғын үй кезегінде 900-ден астам азамат бар. Олар төрт тізім бойынша кезекке тұрған: жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары; мемлекеттік бюджеттік ұйымның қызметкерлері.
-Кезектің жылжығанын қалай білуге болады?
– kezekte.kz сайтқа кіріп, кезекті тексеру деген жерге өзінің ЖСН-ін жазып тексеруге болады.
-Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»