Basty bet
Жемқорлықпен күрес – заман талабы
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мінсіз қоғам – жемқорлықсыз қоғам, саламатты өмір – парақорларсыз өмір, мықты мемлекет – жемқорларсыз мемлекет. Еліміз елу елдің қатарына ену үшін аяқ басқанда айналамызды ашкөз алаяқтардан аластап, қоғамды тазарту – азаматтық міндетіміз.
Сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін ең қауіпті және кең таралған әлеуметтік жағымсыз құбылыстардың біріне жатқызылуы мүмкін. Оның зиянды әсері мемлекеттік құрылым мен дәстүрге қарамастан кез келген елде сезіледі. Бірде-бір мемлекет сыбайлас жемқорлықты толығымен жоя алмады, бірақ қоғамның сыбайлас жемқорлық шегін төмендетуге болады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өз құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып отыр.
Елімізде осы мәселеге байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан түрлі жұмыстар да баршылық, дегенмен бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Ендеше, жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу-олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынып жете түсінуіне және орындауына көмектесудің алғы шарттарының бірі болып саналады. Атап айтқанда, ол үшін ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда ғана адам адамгершілікке жат-қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас жемқорлық – бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны жас ұрпақ тәрбиесіне зиян болатындығы бәрімізді алаңдатады.
Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді.
Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі және оның алдындағы басты парызы. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу – біздің басты міндетіміз.
Жанар Нұрмұратқызы,
Қарасаз ауылдық
округінің әкімі