Basty bet
Қызмет көрсету сапасы артып келеді
Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік тек қылмыстың алдын алумен ғана шектелмейді. Азаматтардың құжаттандырылуы, көші-қон үдерістерінің заң аясында реттелуі, азаматтық мәселелерінің уақтылы шешілуі де елдегі тұрақтылықтың маңызды көрсеткіштері. Осы бағыттағы жауапты міндеттерді атқаратын көші-қон қызметі – ішкі істер органдары жүйесіндегі маңызды саланың бірі.
Полиция күні қарсаңында көші-қон қызметінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен атқарып жатқан жұмыстарына тоқталуды жөн көрдік. Өйткені, бұл сала халықтың күнделікті тұрмысымен тығыз байланысты. Жеке куәлік пен паспорт рәсімдеу, азаматтық алу, тұрғылықты жерге тіркелу және шетел азаматтарының елімізде болуын заң аясында реттеу секілді маңызды мәселелердің барлығы осы қызметтің құзыретіне жатады.
Бүгінде көші-қон мәселесі әлемдік деңгейдегі өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Қазақстанда да көші-қон саясатына ерекше мән беріледі. Бұл бағыттағы жұмыстар демографиялық өсімді қолдауға, еңбек нарығын дамытуға, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қоғамдық тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Соңғы жылдары елімізге қоныс аударушылар саны артып, көші-қонның оң айырмасы қалыптасып келеді. Әсіресе, тарихи Отанына оралған қандастардың қатары көбейіп, елдің демографиялық әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосуда.
Көші-қон қызметінің негізгі міндеттеріне халықты құжаттандыру, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың келуі мен кетуін бақылау, азаматтық мәселелерін қарау, уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттарды рәсімдеу, көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтер көрсету кіреді.
Ауданымызда да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Көші-қон қызметі тобының мәліметінше, өңірдегі көші-қон жағдайы бір қалыпты. Соңғы жылдары көшіп келушілер мен көшіп кетушілер саны бойынша айтарлықтай өзгеріс байқалмаған.
Жыл басынан бері көші-қон бөлімі 18 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның ішінде 2000-ға жуық азамат жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуге құжат тапсырған. Тұрғындар көбінесе Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу, азаматтық рәсімдеу және құжаттандыру мәселелері бойынша жүгінеді.
– Көші-қон қызметінің басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау, мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі уақтылы көрсету және көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету. Осы бағытта тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз, – дейді аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының инспекторы, полиция капитаны Елтай Рахишов.
Сонымен қатар, көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау барысында биыл 150-ге жуық құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде, 15 шетелдік сот шешімімен Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарылған.
Қазіргі таңда тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында интернет ресурстары арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылуда. Бұл өз кезегінде заң талаптарының сақталуына және құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік беруде.
Көші-қон қызметінің жұмысы көпшілікке көріне бермегенімен, оның қоғам үшін маңызы айрықша. Азаматтардың құқықтарын қорғау, азаматтарды құжаттандыру, көші-қон үдерістерін тиімді басқару және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету – ел қауіпсіздігі мен тұрақтылығының маңызды кепілі болып қала бермек. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс мемлекет дамуына және азаматтардың өмір сапасын арттыруға тікелей ықпал етері сөзсіз.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»