Basty bet
Мақсат – бұқаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу
Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде елімізде спорт күні аталып өтіледі. Аталған мереке елде спортты дамыту мен спорттағы жетістіктерді ынталандыруға арналған.
Спорт күні мерекесіне орай елімізде саламатты өмір салтын ұстану – тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар қызық әрі көңілді екенін көрсетуге бағытталған түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылатыны белгілі.
Ауданымызда аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2020 жылғы 11 желтоқсанда ашылған болатын.
Мекеме қызметiнiң негізгі мақсаты – күнтізбелік жоспарға сәйкес аудан аумағында бұқаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру және ұдайы өткізу.
Қазіргі таңда орталықты Жандос Баетов есімді азамат басқарады. Сондай-ақ, орталықтың әдіскері Болат Жаңабаев, бас есепші – Айдын Дәулет, медаға болып Жеңісбек Өмірзақов қызмет атқарады. Одан бөлек, 14 ауылдық округте 14 спорт нұсқаушы жүйелі жұмыс жасайды.
Осыған орай, Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының директоры Жандос Баетовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Мекеме басшысының мәліметінше, аудан бойынша 2021 жылы 552 спорттық іс-шара өткізіліп, осы іс-шараларға 27 600 адам қамтылған. Ал ағымдағы жылдың 7 айында 322 спорттық іс-шара өткізіліп, осы шараларға 16 100 адам қамтылды.
-Аудан бойынша 139 спорт нысаны тіркелген. Оның ішінде, бір орталық стадион, бір спорт кешені, 12 үлкен футбол алаңдары, 86 шағын алаңшалар, 39 спорт залдары бар. Спорт нысандарының барлығы ауыл тұрғындарына спортпен айналысуы үшін қолжетімді. Бүгінде, өздеріңізге белгілі, спорт нысандарының ауыл тұрғындарына қолжетімділігін қамтамасыз ету кестесі әзірленіп, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Жуалы ауданы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 18 538 адамды құрайды.
14-29 жас аралығындағы спортпен шұғылданушы жастар саны – 7 768. Ал, спортпен шұғылданушы мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны – 142. Аудандағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде 1 834 шұғылданушы, аула клубында 360 оқушы тіркелді. Бұл аудан бойынша жалпы 7-18 жас аралығындағы балалардың 20,4%-ын құрап отыр.
Аудандағы жалпы білім беру мекемелерінде 7 спорт түрі бойынша 135 үйірмелер жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге 6 516 оқушы қамтылған. Халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 35,0 % құрайды, – дейді Жандос Рысбекұлы.
Иә, «Спорт – денсаулық кепілі» демекші, спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады.
Біздің ата-бабаларымыз «тәні саудың – жаны сау», деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады.
Хош. Бүгінгі біздің әңгімелеп отырған Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының атқарып отырған жұмысын жүйелі деуге әбден негіз бар. Оны біз орталықтың белсенді қызметкерлерінің ұдайы әрі тынбай өткізіп отыратын спорттық іс-шараларынан-ақ анық аңғарсақ болады.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»