Basty bet
Жетітөбе ауылдық округінде жаңа әкім
Сәбит Қадыровке үлкен сенім артылып, ауылды жан-жақты дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктелді
Мемлекеттің абыройын асқақтатып, халыққа адал қызмет көрсететін мемлекеттік қызметші міндетін абыроймен алып жүру – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған Отаны Қазақстан мен оның халқына адал қызмет етуімен ерекшеленсе керек. Бұл мақсатта жыл өткен сайын мемлекеттік аппараттың жұмыс сапасы жақсара түсіп, сәйкесінше, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар да жоғарылауда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт халыққа Үндеуінде: «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет деге¬німіз – жеке бастың бақ-дәулетін арт¬тыратын жер емес. Бұл – туған хал¬қың¬ның алдында айрықша жауап¬кер¬шілік арқалау деген сөз» деп атап өткені белгілі. Бұл ретте Президенттің мемлекеттік қызметшінің барынша адал болуы керектігін айтып отырғанын жақсы білеміз. Осыған сәйкес, қазіргі таңда мемлекеттік аппараттың қызметкерлеріне аса жоғары жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл – жайдан жай емес. Олай болатыны, мемлекет ісін атқаратын саси лауазымды тұлғаларға мемлекет тарапынан да, халық тарапынан да биік жауапкершілік қарастырылған. Елдің дамуы ең алдымен мемлекеттік қызметшінің сапалы жұмысына тікелей байланысты.
Аудан жұртшылығының есінде болса, 13 қыркүйек күні ауданға қарасты Жетітөбе ауылдық округі әкімінің сайлауы өтіп, онда кандидаттардың арасынан Сәбит Қадыров сайлаушылардың басым даусына ие болып, аталған ауылдық округтің әкімі болып тіркелді. Сәрсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев Жетітөбе ауылдық округіне барып, әкімнің аппаратына және ауыл тұрғындарына аталған округке жаңа сайланған әкім С.Қадыровты таныстырды. Ауылдық округ әкімінің кабинетіне жиналған ардагерлер қауымына жаңа әкім Сәбит Қадыровтың еңбек жолы таныстырылып, оның алдына ауылдық округті дамыту, оның ішінде, ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі мен табыс көзі саналатын ауыл шаруашылығы саласын дамыту, жергілікті жерде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға көмек көрсету, т.б. округтегі басқа да өзекті мәселелерді тиімді шешу міндеті нақты тапсырма ретінде қойылды.
Ауылдық округке сайланған әкімді таныстыру жиынында Жетітөбе ауылдық округінің қадірлі қариясы, ардагер ұстаз, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Рақымжан Сатаев, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Шарханбек Қожаназаров, Шыңбұлақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әшірбек Исақов, ардақты ана Тұранкүл Рақышева және Қоңыртөбе ауылының ардагерлері, т.б. сөз сөйлеп, игі тілек білдірумен бірге, жаңа сайланған әкім Сәбит Қадыровтың жұмысына табыс тілеп, сонымен қатар, олар ауылдық округтің аға буын ардагерлерімен ақылдасып-кеңесе отырып, тиісінше, тұрғындармен етене тығыз байланыста жұмыс атқарудың маңыздылығына тоқталды.
Айта кету керек, Жетітөбе ауылдық округі Жуалы ауданының таулы аймағында орналасқан. Кәріқорған ауылы (ауылдық округтің орталығы), Тасбастау, Қоңыртөбе, Шыңбұлақ, Майбұлақ және Қосмұрат ауылдары аталатын алты бірдей елдімекеннен тұратын іргелі ауылдық округте барлығы – 547 аулада 3 068 тұрғын тіркелген. Ауыл шаруашылығы саласымен тұрақты айналысатын ауылдық округте – 276 шаруа қожалық тіркелген. Сонымен қоса, «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өнімді жұмыс атқарып, өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына белсене атсалысуда.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»