Basty bet
Оқу жылын толайым табыстармен аяқтады
Оқу жылын толайым табыстармен аяқтады
Мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басу адам өміріндегі ең бір қимастық әрі жауапты кезеңнің бірі екені анық. Күні кеше ғана еліміздегі білім беретін барлық мектеп және гимназия, лицейлерде соңғы қоңырау салтанаты өтті. Бұл – үлкен қуанышты оқиға.
Аудан орталығындағы іргелі білім шаңырақтарының алдыңғы қатарындағы №1 мектеп-гимназияда да соңғы қоңырау салтанатына арналған жиын өтті. Салтанатты шараға әрине, оқушы, ұстаздармен қатар, ата-аналар да шақырылды.
Соңғы қоңырау салтанатына арналған жиынға аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Валентина Ефремова, аудандық билер кеңесінің мүшесі Әлия Майбалаева қатысып, салтанатқа қатысушы қауымға ізгі тілектерін білдіріп, мектеп-гимназия оқушыларын оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
Жиында алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыға берілді. Асхат Базарбайұлы өз сөзінде, жалпы білім беру саласы және отандық ғылымды дамыту ісіне мемлекет тарапынан ұдайы әрі қомақты көмек-қолдаулар жасалып жатқанын баса айтты. Сонымен қатар, білім беру саласын дамыту, ұстаздар мен оқушыларға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында 2021-2022 жылдары аралығында аудан көлемінде екі бірдей мектептің, атап айтқанда, Диқан және Алатау орта мектептерінің жаңа ғимараты бой көтеріп жатқанын, аталған білім ошақтары биылғы жаңа оқу жылының қарсаңында пайдалануға берілетінін қуанышпен жеткізді. Сондай-ақ, биыл ауданда үш бірдей мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі әрине, білім саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Асхат Базарбайұлы соңғы қоңырау салтанатында сөйлеген сөзінде, ел болашағы мен оқушы жастардың жан-жақты дамуына ерекше еңбек сіңіріп келе жатқан ұлағатты ұстаздардың жұмысына табыс тілеп, алтын ұя мектептен түлеп ұшқалы отырған түлектердің үлкен өмірге басар алғашқы қадамдарына сәттілік серік болсын деген ізгі тілегін жеткізді.
Ал, №1 мектеп-гимназияның директоры Эльмира Әбішева ұстаздар мен түлектердің жетістіктеріне тоқталып, жалпы 2021-2022 оқу жылының педагогикалық ұжым үшін толайым табыстарға толы жыл болғанын тілге тиек етті. Жиында ұстаздар және ата-аналар, түлектер атынан сөз алған азаматтар да соңғы қоңырау мерекесіне арналған тілектерін тебіреніспен жеткізді. Айта кету керек, бірқатар ұстаздар мен оқушылар түрлі деңгейдегі білім бәйгелері мен олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен. Сондықтан оқу жылы табысты болды деп айтуымызға болады.
Көзді ашып-жұмғанша тағы бір оқу жылы аяқталды.
Ауданымызда 30 орта мектепте 651 түлек 11 сыныпты бітіріп отыр. Оның 35-і Алтын белгіге, 112-і үздік аттестатқа үміткер.
Аудан орталығындағы киелі білім шаңырақтарының бірі Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияны биыл 67 түлек бітіруде. Оның бесеуі Алтын белгіге, алтауы үздік аттестатқа үміткер түлектер.
Білім шаңырағында өткен «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуев, Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Марат Қасымбеков, сонымен бірге аудандық білім бөлімінің мамандары, аудандық БАҚ өкілдері қонақта болды.
Жиынның салтанатты ашылуынан кейін қонақтар жиылған көпшілікті оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.
Мектеп директоры Гүлнар Мұсаханова жүректері алып-ұшып, көңілдері толқыған мектеп түлектеріне ақ тілегін жолдап, өнерде, спортта, білімде көш бастап жүрген талантты түлектерді марапаттады.
Мектеп түлегі Насихат Сегізбай «Ұстазға мың тілек» әнін орындады.
Бір топ түлектер «Қоштасу вальсін» биледі.
Ата-аналар атынан Ерғали Қадіров және мектеп түлектері де жүрекжарды лебіздерін білдіріп, соңғы қоңырау соғылды.
Салтанатты жиын соңынан мектептің акт залында аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуев, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, ауыл әкімі Марат Қасымбеков мектеп түлектерімен кездесіп, еркін пікір алмасты.
Үлкен өмір жолына қадам басқалы отырған жас түлектерге сәттілік тіледі.
Жақсы мен жаман, ақ пен қара қатар жүретін өмір жолында адаспай, адами қасиеттерден аттамай, өздерін тек рухани жағынан дамытуға шақырды.
Ата-анасы мен мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті пайдаланып, мамандығын дұрыс таңдай білуге үндеді. Жігерлі, мақсатшыл, білімді, ынталы, патриот болуға, заңды сыйлауға, ата-ананың қадірін білуге шақырды. Қай кезде де өзіне айтылған сыннан нәтиже шығару, ызақор, кекшіл болмау керектігін айтты. Үлкен өмірдің баспалдақтарынан сүрінбей, сәтті көтерілулеріне тілектестіктерін білдірді.
Түлектердің игі тілектерімен, болашақ мамандықтармен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтты.
Тағылымды кездесу соңынан барлығы естелік суретке түсті.
Нұржан Манасұлы,
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»