Basty bet

Шақпақ жастары «жасыл ел» жұмысын жандандыруда

«Жасыл ел» бағдарламасының негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елдімекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар, жастардың Отанға, туған жерге деген махаббатын, патриоттық сезiмдерін ояту.
Ең бастысы – жастардың бос уақытын еңбекпен, тиімді өткізуге баулу.
«Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасының «Экологиялық мәдениетті қалыптастыру» VІІ бағытында көрсетілгендей, ауданды көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру, гүлдендіру, жер бетіндегі табиғат пен адамды сақтауға бағытталған экологиялық мінез-құлықты қалыптастыру бағытында тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бағдарламаға NEET санатындағы, мүмкіндігі шектеулі алайда жұмыс істеуге қабілетті және пробация қызметінде есепте тұрған жұмыссыз жастар қатыса алады. «Жасыл ел» еңбек жасақтарына жыл соңына дейін 120 жасты маусымдық жұмыспен қамтуды көздеп отыр. «Жасыл ел» бағдарламасы – жас буынды еңбек етуге ынталандыратын бағдарлама.
Жалпы бағдарлама негізінде 16-35 жас аралығындағы жастар қабылданады. Жұмыс уақыты сағат 13.00-17.00 аралығын қамтиды.
Шақпақ ауылдық округінің «Жасыл ел» еңбек жасағына Мадияр Сайлаубай жетекшілік етеді. Ол еңбекқор жастардың бірі. Өз өңірінің бай табиғатын қорғауға ниетті жас. Жасақ құрамында жеті азамат еңбек етеді. Олар: Айзада Кертаева, Айман Қосақбай, Еркін Болат, Наргиз Фарзалиева, Абулфез Ибадовты ерлі-зайыпты Сейфулла және Рухия Аликбаровалар. Олар өздеріне жүктелген міндеттерін мейлінше жауапкершілікпен атқаруда. Өңірдің тазалығына, өздері тұратын ортаны қорғауға деген ниеттері, сүйіспеншіліктері ерекше көзге көрініп тұрады. Түрлі ұлт өкілдерінен құрылған жасақта жастар белсенділікпен, ауызбіршілікпен еңбек етеді.
Шақпақ жастары ауылды көгалдандырып, ағаш отырғызып, ағаш түптерін әктеп, көшелерді қоқыстан, тұрмыстық қалдықтардан тазарту, қоқыс шығару, өртеу жұмыстарымен айналысады. Десекте жұмыс барысында жастар мейлінше техника қауіпсіздігін сақтағандары дұрыс. Себебі, «Сақтықта қорлық жоқ» деп берек айтылмаса керек.
Жылына көптеген жастар жұмысқа қабылданып, өңірдің гүлденуіне үлес қосуда. Биылғы жылы жұмысшы топ құрамына әзірге 50 жасты қабылдаса, алдағы уақытта жұмыс істеуге ниетті жастар тағы да қабылдайтын. Бір қуантарлығы «Жасыл елдіктердің» еңбек ақысы бұрын 60 мың теңгені құраса, қазіргі таңда 70 мың теңгеге дейін өскен. Әрине, осындай қосымша үстемелер жастарымыздың жігеріне жігер қосып, алға сүйрері сөзсіз.
Қазіргі таңда «Жасыл ел» – жастарды жарқын істерге жұмылдыру мектебіне айналдырып отырғаны байқалуда. Жастардың күшімен еліміздегі экологиялық мәселелерін шешу, елді көгалдандыру Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда атап өткендей, игілікті іске айналып келеді.

Таңдаулы материалдар

Close