Basty bet

Сайлауға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің белгісі

2024 жылғы 4 шілдеде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ауданға арнайы келіп, Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының ғимаратында Б.Момышұлы ауылы, Ақтөбе және Шақпақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудандық аумақтық сайлау комиссияның төрағасы Нұрзия Алтыбаева алғашқы сөз кезегін Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлына берді.
Сондай-ақ, қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және өзге де сыйлы азаматтар жиыннан табылды. Жиын барысында сайлаушылардың санын жиынға қатысқан тұрғындардың есіне сала кетуді жөн деп тапты.
Айта кетер болсақ, Бауыржан Момышұлы ауылында 9 175, Шақпақ ауылдық округінде 2 363 сайлаушы болса, ал Ақтөбе ауылдық округінде 1 388 сайлаушы бар. Бас-аяғы 12 926 сайлауға қатысуға құқығы бар тұрғын 2024 жылғы 14 шілдеде болатын сайлауда дауыс беру нәтижесінде сеніммен жеңіске жеткен азаматтар сайланған ауыл әкімдері есебінде тіркелетін болады.
«Сайлау қоғамдық саяси науқан болғандықтан, барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партия, байқаушылар мен сенімді өкілдер тарапынан үлкен бәсекелестік ахуалдың қалыптасуы – шартты жағдай. Бұл барлық дамыған елдерде өтіп жатқан сайлаулардың тәжірибесінде көрініс табатын құбылыстар. Сондықтан, қоғам ішіндегі кез келген тараптар өкілдеріне таңдау жасау құқығы шектелмеуі тиіс және әрбір сайлаушы өз округіндегі қалаған кандидатқа ерікті түрде дауыс бере алады»,- деп атап өтті С.Айдапкелов.
Жиында Серғали Өмірзақұлы сайлаушылардың құқығын қамтамасыз ету жолдарын айтып, саяси науқанға белсенді азаматтық позицияларын білдіріп, сайлауға қатысуға атсалысу керектігін жеткізіп, сөзін қорытындылады.
Жиын аяқталысымен Серғали Өмірзақұлы аудан орталығында орналасқан №200 сайлау учаскесінің сайлауға дайындық бойынша атқарылған жұмыстарымен танысып, және сайлау өтетін күні дауыс беру процесінде ешқандай кемшіліктің орын алмауы керектігі туралы және Сайлау туралы Заңның талаптарын қатаң сақталуының қажеттігін еске салды.
Аудандық аумақтық
сайлау комиссиясы

Таңдаулы материалдар

Close