Basty bet

Сенімді ақтау – басты мақсатым

Ақпараттық қоғамның дамуы – жаһандану үдерісіндегі әлемдік бәсекеге қабілеттіліктің, даму индексінің өзегі. Яғни, қазіргі заман технологияның дамыған заманы. Сондықтан технологияны жетік меңгерген мамандар елімізге ауадай қажет екені айтпасақ та белгілі.
Қазіргі уақытта білімі жетік, қызметте қабілетті жастар көп. «Ақпараттық жүйелер» мамандығын игерген сондай жас маманның бірі – Мақсат Артықбай.
Мақсат Зиябекұлы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. 2007 жылы аталған ауылдағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның табалдырығын аттап, оны 2018 жылы бітірген. 2018-2022 жылдар аралығында Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде білімін жетілдіріп, қазір қоғамда сұранысқа ие «Ақпараттық жүйелер» мамандығын меңгерген.
– Бұл мамандықты өз қалауыммен таңдадым. Себебі, бала күнімнен компьютерге деген қызығушылығым жоғары болды. Сондай-ақ, болашағы бар мамандық екенін түсіндім, – дейді жас маман.
Жас маман Мақсат Артықбай университетті аяқтаған соң «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалында алғашқы еңбек жолын бастаған. Қазіргі таңда аудандық білім бөлімінде инженер бағдарламашы қызметін атқаруда.
Мақсат спорттан да хабардар. Бала күнінде кәсіби футболшы болуды армандағанын да жасырмады. Тіпті бірнеше жарыстардан алған жүлдесі де бар.
– Жүктелген міндет пен артылған сенімді ақтау және қызметімді абыроймен алып жүру – басты мақсатым. Сонымен қатар, қызметтік жолда бар білгендерін үйретіп, жол сілтеген аға буын мамандарға айтар алғысым шексіз, – дейді Мақсат Артықбай.
«Жастар әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады, сондықтан біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағытта бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек», – деген болатын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев “Егемен Қазақстан” газетінде жарық көрген Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мақаласында.
Әрине, елдің ертеңі – талапты жастардың қолында. Кейіпкеріміз Мақсат Зиябекұлы да болашақта өз ісін толықтай меңгерген кәсіби маман болып шығатынына сенімі мол.

Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close