Basty bet

Арманына жолыққан адам

Ұлы Абайдың жетінші қара сөзінде, «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі-ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өспейді, қуат таппайды. Ал, біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр болса, соған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, өнер-сырнай болса, дауысына, суретіне ұмтылып көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен,үйренсем екен…» делінген.
Жамбыл облысы Жуалы ауданының, сонымен қатар, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының қадірлі азаматы, елге белгілі суретші Нұрлан Шилібаев – осынау жұлдызды Жуалының Ынтымақ ауылында дүниеге келіп, қоғамның бейнелеу (суретші) өнері саласының майталманы Түркістан облысының құрметті ардагеріне айналған тұлға!
Бейнелеу өнері адамзат ақыл-ойының, сана-сезімінің, қоғамының дамуына өз үлесін қосып келе жатқаны анық. Тіпті, бұл саланы шекарасыз өнердің бір түрі деп түсінгелі бері әлемнің әр қиырындағы қылқалам шеберлері бір-бірін кестелі кенеп бетінде түсініп, танып білді деп айтуға әбден болатын сияқты.

Өнер – қоғамдық сананың бір көрінісі. Кезінде суретшілер цензура қысымын көргені болмаса материалдық игілікке кенелгені рас. Ал, осы күнде нағыз суретші-шығармашылықпен айналысып, өз ойың мен қиялыңды іске асыруға мүмкіндік жеткілікті. Солай істеп жүрген суретшілер қоғамда, арамызда жеткілікті. Еліміздің нарықтық бағытта дамуы – өмір сүруге қаражат керектігін, оны қайдан алуды, қоғамдағы осы маңызды саланың тиімділігін арттыру мәселесі – бүгінгі күн тәртібінде тұрған ерекше ахуал.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Алтын адамды» шет елдерге таныстырамыз дегені жөн шығар. Бірақ, елдің талантты 34 суретшісінің көзі майын тауысып, бүкіл зердесін жұмсаған туындыларын Венециядағы Биенальға апарып, олардың суреттеріне Италиядағы көзі қырағы жұртшылықтың назарын аударып, тіпті, пейілі түсіп сатып алмасына кім кепіл деген ой келеді…
Бүгінде бейнелеу өнерінде әлеуметтік проблема, қоғам және адами құндылықтар тақырыбы ешкімді мазаламайтын сияқты көрінеді деген пікірлер туындап та жататыны рас. Суретші елмен, қоғаммен, табиғатпен үндестікте болып, қоян-қолтық араласады. Елдің сөзін сөйлеп, ортада жүрген суретшілерден – Еркін Мергенов, Тоқболат Тоғысбаев, Салихиддин Айтбаев, Дулат Алиев, Мағауия Аманжолова, Мақұм Қисамединовтарды т.б. айтуға болады.
Музейлер суретшінің сәтті шыққан туындыларын сатып алуға қауқарсыз да болуы мүмкін. Дегенмен, қоғамның бейнелеу өнеріне деген көзқарасының салқындығына қарамастан, қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті тұлғасына айналған Нұрлан Шилібаевтың суретшілік таланты, шығармашылық қабілеті, қоғамдық қызметі, жастарға берген тәрбиесі, өнер кеңістігіндегі орны бөлек. Жуалы ауданымен тығыз қарым-қатынас орната білген суретші аманат ретінде Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне, музейдің жастарға өнеге ретінде атқаратын рөлінің үлкен екенін ескеріп, 2022 жылы аталған музей экспозициясына «Алтын адам» (триптих) үш картинасын, алтын әшекейлермен көмкерілген арқар мүйізді ат бейнесі мен ұлы далада қалдырған ата-бабалардың тастан қашап жасалған бал-бал тастарын сыйлады. Сонымен қатар, Нұрекеңнің музей әкімшілігінің тапсырысымен жазылған «Ұлы дала», «Саятшылар» картиналары мен «Шебер, зергер қарияның» бейнесі, майлы бояумен жазылған туындылары да музейде лайықты орынға қойылды. Сонымен бірге, музей ғимаратының ауласына қойылған арқар мен тауешкінің мүсіні бабалардың бүтін тастан қашап, ойып жасаған мүсіндеріне ұқсатып, тұғырына қойылғаны да суретші Нұрлан Шилібаевтің ерекше атап айтуға болатын еңбегінің бірі.
Ұлы Отан соғысының аңызға айналған қаһарманы, әскери қолбасшы, жазушы, Қазақстанның «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының рухына арнап, төрт ай бойы жазған екі туындысын Б.Момышұлының мемориалдық музейіне 2022 жылы мамыр айында тарту етті. Оның біріншісі – Баукеңнің жас кезі, әскери киімдегі бойшаң бейнесі кенеп бетіне майлы бояумен жазылса, екіншісі – батырдың қартайған шағы, жұмыс кабинетінде отырған бейнесі, қолында сигареті, ойға шомған қатқыл бейнесі сомдалған. 2013 жылы Нұрекең өзінің туған ауылы Ынтымақ елдімекеніндегі Ұлы Отан соғысы майдангерлері мен еңбек ардагерлеріне қойылған монументтің алдына «Ана мен Бала» отаны мүсін ескерткішін жасап, орнатып берсе, 2021 жылы ауыл аркасының жанындағы тұғырға жайғасқан барыс мүсіні ауыл көркін асқақтатып, ел ықыласына бөленді.
Әр өнердің мақсаты – оны ұрпаққа насихаттап, аманаттау. Бейнелеу өнері саласында ұстаздық ету оңай жұмыс емес. Ұстаздық – ол өз алдына бір өнер. Суретшінің бәрі бірдей ұстаз бола алмайды. Н.Шилібаевтың осы екі лауазымды қатар алып жүріп, ұстаздың үш қасиеті де бойында: өзіндік шығармасы бар суретші болып, шәкірттеріне үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Екіншіден, білімді болуы және ол біліммен оқушының санасына жеткізіп, құя білді. Үшіншіден, әрине, өзінің қалыптасқан сабақ беру әдістемесі.
1991 жылы Кеңес Одағының іргесі сөгілді. Әр республика егемендігін жариялап, өз жолымен кетті. Уақыт өзгеріп қана қоймай, бұрынғы байланыстар үзіліп, литографияға арналған тастар мен баспа шеберлері іске алғысыз болып қалған жоқ па?! Егер талантты адамның айтары болса, ол оны жеткізудің амалын міндетті түрде табады және сапалы орындауға барын салады. Жалпы бейнелеу өнері кейінгі уақытта кенжелеп қалған саланың бірі сияқты көрінеді. КСРО-дан бөлінген бізден басқа 14 республиканың бәрінде алды екі немесе бір бейнелеу өнерінің мамандандырылған жоғарғы оқу орындары бар. Ал, Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы оқу орны актер, хореограф, кино мамандарын, әнші, суретшілер даярлағанымен, суретшілер шығармашылығының еленбей жатқаны кейде суретшілер тарапынан айтылып қалады. Мысалы, Грузия, Армения, Украина, Ресей және Балтық елдерінде жоғарғы оқу орындары (ЖОО) бар. Көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанның өзінде Сурет академиялары бар.
Қазақ бейнелеу өнері туралы сөз қозғағанда, әрине, біз ең алдымен әйгілі суретші Әбілхан Қастеевті айтамыз. Ә.Қастеев (1904-1973) – қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу (сурет) өнерінің негізін салушылардың бірі. Алматы облысы Жаркенттің төңірегінде туылып, топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы. Қазақстанның Халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956).
Суретші Нұрлан Шилібаев – шығармашылық қабілетін пайдаланып, бейнелеу өнерін туындатып, адамның сезіміне, ойына әсер ететін тұлға. Ол кісі өз идеясын, эмоцияларын немесе өмірдің белгілі бір көріністерін бояу мен қылқалам арқылы жеткізуде. Жуалының қасиетін, туған жердің сұлулық нәрін бойына сіңірген Нұрлан Шилібаев суретші болуды бала жастан армандағанын айтады. Суретші-педогог Н.Шилібаев оңтүстік өңірдегі ерекше шығармашыл азаматтардың бірі.
Нұрлан Шилібайұлы 1952 жылы Жуалы ауданына қарасты Ынтымақ ауылында дүниеге келген. №4 Қ.Сағындықов (бұрынғы С.М.Киров) атындағы орта мектепті бітірген соң 1969 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының көркем графика факультетінің «Сызу және сурет» мамандығына оқуға түсіп, оны 1973 жылы бітіріп, аудан орталығындағы бұрынғы №1 Г.Орджоникидзе атындағы мектеп гимназияға сызу-сурет пәнінің мұғалімі болып орналасады. 1974 жылдың маусым айынан бастап Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне арнайы пән мұғалімі ретінде жұмысқа қабылданып, 1992 жылы аталған оқу орнына директор болып тағайындалады. 18 жыл басшылық лауазымда оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтып, ұлттық қолөнер және дизайн мамандықтарын (зергерлік, ағаш шебері, көркемдік тоқыма, керамика-былғары зат шебері және графикалық, интерьер, киім дизайны, мүсін кескіндемесі) ашып, ұжымның осындай мамандар дайындау бағытында нәтижелі жұмыс атқарды деуге әбден болады.
Нұрлан Шилібаев 1990 жылы Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданды. 2000 жылы Шымкент қаласындағы Б.Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернатының ашылуына белсенді атсалысып, 2001 жылы ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған Бішкек қаласындағы (Қырғызстан) Мемлекеттік бейнелеу музейінде арнайы көрме ұйымдастырып, Қырғызстан Республикасының Мәдениет министрінің «Ардақ» Құрмет грамотасымен және Қазақстан Елшілігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2004 жылы Германияның Берлин қаласында өткен Дүниежүзілік Қазақ қауымдастығының кіші құрылтайына жылжымалы көрме ұйымдастырса, сол жылы қараша айында Ә.Қастеевтың 100 жылдығына арналған Астана қаласындағы Президенттің мәдени орталығында колледж оқушылары мен оқытушылардың есеп-көрмесін ұйымдастырды. 2006 жылы Астана қаласында өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясына Оңтүстік Қазақстан облысындағы мәдени орталықтардың көрме туындылары бойынша көрме ұйымдастырды.
Осы еңбектерінің нәтижесінде Н.Шилібаевқа 2007 жылы ҚР Ғылым және Білім министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы берілсе, 2008 жылы Қырғызстан Республикасының «Мәдениеттің мықты қызметкері» медалімен, 2009 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» атанып, арнайы төсбелгімен марапатталған.
Нұрлан Шилібаев 2010 жылы Шымкент қаласындағы №3 кәсіптік лицейдің директоры болып ауысып, аталған лицей ұжымы білім беру қызметі бойынша ҚРСТЖО 9001-2009 сапа менеджментіне өтіп, арнайы сертификатқа ие болып, үш жыл сынақтан өтті. Ал, 2012 жылы жыл қорытындысымен Қазақстанның «Үздік кәсіптік лицейі» номинациясын иеленді. Сол жылы Қазақстан-Германия мемлекеттерінің арасындағы «Жұмысшы мамандар дайындаудағы серіктестік» атты үш жылдық бағдарламаға қатысып, дуальді оқыту тәжірибесін облыс колледждерімен бөлісті. 2013 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік Банктің жариялаған «ПИР» конкурсының жеңімпазы атанып, 56 миллион теңгенің Сертификатына ие болды. Сол жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталды.
2014 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер одағының Түркістан облыстық филиалы басқармасының төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқаруда. 2015 жылы ҚР бейнелеу өнері мен мәдениетіне қосқан үлесі үшін «Әбілхан Қастеев» атындағы алтын медальмен марапатталды. Сонымен қатар, көптеген халықаралық (Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия) симпозиумдарға қатысып, халықаралық көрмелердің ұйымдастырушысы болған. 2019 жылы Түркия мемлекетінде Кипр шығармашылық орталығында екі ай жұмыс жасап, жеке көрмесін ашып, нәтижесінде Кипр Суретшілер одағына мүше болып қабылданып, Таяу Шығыстың «Күміс кілтінің» иегері атанды. Ал, 2020 жылы ҚР Суретшілер одағының Қазақстанның «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
2022 жылы 70 жасқа толуына орай Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы университеттің «Жеті асар» галереясында «Тарихи-Тұлғалар-Тағлымы» атты жеке шығармашылық көрмесін Қазақстанға паш етті! 2015 жылдан бері Шымкент қаласындағы Шымкент университетінің «Бейнелеу өнері» кафедрасының аға оқытушысы. Жалпы педагогикалық жұмыс өтілі – 55 жыл. 30-дан аса шәкірті шығармашылықпен айналысып, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері қатарын құрайды.
Нұрлан Шилібайұлының еңбектері бейнелеу өнері тарихының даму үрдісіне кездесетін негізгі түрлерін қамтыды деп айтуға негіз бар. Атап айтсақ, сәулет, мүсін, кескіндеме, графика, қолданбалы-сәндік, дизайн тәрізді өнер түрлері. Осы өнер түрлерінің бәрі суретшінің туындыларында, материалдарында дүниенің болмысын, оның жоғарғы этикалық идеяларын, сұлулығы мен әсемдігін насихаттағаны нақты сипатталған. Нұрекең сияқты қылқалам шеберінің бейнелеу өнеріндегі жаңа бағыттарға батыл баруы оның үнемі шығармашылық ізденісте жүретін адам екенін көрсетеді. Мен маман емеспін, дегенмен, кескіндеме жанрында ол реализмнің жақтаушысы болып қала берсе, графикада жұмбағы көп әлемді суреттеуде өзіндік қолтаңбасын қалдырғысы келетіні анық аңғарылады деп пайымдауға болады.
Қазақ – табиғатынан суретші халық. Өнерге деген сүйіспеншілік, құштарлық – адам баласының бойындағы ең құнды қасиет. Соңғы уақытта жаңа Қазақстанның сатысына шығуда осы мәдени құндылыққа жұрт назарының қайта бұрыла бастағаны қуантады. Данышпан Л.Толстой: «Адам баласы бір-біріне сөз арқылы ойын жеткізсе, өнер арқылы сезімін дарытады» деген. Бейнелеу өнері – адамзат баласының заманнан заманға рухани эстетикалық байлығы ретінде ұласып келе жатқан өнер саласының бір түрі, ғасырлар жаңғырығын бізге жоғалтпай жеткізетін бірден-бір куәгер. Бір сөзбен айтқанда, сурет – халық өмірінің сәулесі. Өнерді сүю – өмірді, табиғатты, айнала қоршаған ортаны және Отанды сүю деген сөз. Ол адамның ақыл-ойы мен пайым-парасатын өсіріп, танымын кеңейтеді. Адам жанын әсемдік пен ізгілікке үндейді!
Биыл мерейлі 70 жасқа толып отырған жерлесіміз, есімі елге белгілі суретші Нұрлан Шилібаев еңбек жолын ауданда бастап, жалпы жұмыс және педагогикалық өтілі 55 жыл. Оның ішінде, 22 жыл оқу орнының басшысы болған «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының иегері, шығармашыл тұлға, ұлағатты ұстаздың ерен еңбегі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Нұрлан Шилібайұлы өзінің саналы ғұмырында әріптес, жора-жолдастарымен сыйласып келеді. Өмір жолында адал дос пен айнымас жолдас жинады. Ар-ұяты мен бойындағы адалдық қасиеттің орны осылай жарқырап келеді. Елі сыйлап, зиялы адами қасиеті артқан абзал азамат, қадірлі аға – Нұрлан Шилібайұлына денінің қуатты, өмірінің шуақты болып, талабына дәт, ісіне сәт тілегенді жөн көрдім!

Әбдікерім Уркумбаев,
Әлем Халықтары Жазушылар
одағының мүшесі.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің
«Ауыл шаруашылығы саласының
үздігі» төсбелгісінің және «Еңбек ардагері» медалінің иегері.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close