Basty bet
Ұстаздық жолды ұстаным еткен әулет
«Отан – отбасынан басталады» дейді. Шынында да солай. Шаңырақ көтерген соң, жауапкершілікті сезіну, отбасыңмен өсіп-өну, ұл-қызыңды ұлағатты жолға тәрбиелеу – жеңіл міндет емес. Отбасының асқар тауы болып жүрген үлгілі әкелер мен шаңырақтың сәні болып жүрген ұлағатты аналарға қандай құрмет көрсетсе де артық етпейді. Бүгінгі күні ортамызда адал еңбегімен қатар отбасы құндылығын терең түсініп, абыройлы болып жүрген азаматтар аз емес. Соның бірі – Тараз қаласының тұрғыны Наурызбай Омарбековтың отбасы. Отағасы Наурызбай Әбенұлы облыстың құрметті зейнеткерлерінің бірі, «Жеңіс қаһарманы» қоғамдық ұйымының мүшесі, бір сөзбен айтқанда, әскери борышын соғыс жағдайындағы қауіпті афймақта атқарғаны үшін Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген. Ал құдай қосқан жұбайы – республикаға, облысқа белгілі ұстаз Сейсегүл Исматова. Сейсегүл Молдабекқызы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
– Биыл жұбайым екеуміздің шаңырақ көтергенімізге 50 жылдан асты. Сонымен бірге жұбайым 75 деген жасты бағындырып отыр. Уақыт деген шіркінде тоқтау жоқ. Өмір көшімен біз де ілесіп келеміз. Ұл-қыз өсіріп, немере, шөбере тәрбиелеудеміз. Сонымен қатар, ұстаздық еңбек жолыма да 52 жыл болыпты, – дейді ардақты ұстаз.
Сейсегүл апай жұбайынан өмірде көп қолдау көргенін айтады. Жалпы Наурызбай Әбенұлы 1972 жылы қазіргі Мыңбұлақ орта мектебін бітіріп, Жамбыл гидромелиоративтік институтына оқуға түседі. Арасында азаматтық борышын қауіпті аймақта өтеп, елге келген соң оқуын тамамдап, Жуалы автобазасында инженер болып еңбек жолын бастаған. Спортты жастай серік еткен ол, кешкісін самбодан жаттықтырушы болады. «Жұбайыммен танысып, шаңырақ көтерген соң аянбай еңбек еттік. Мен Мыңбұлақ орта мектебінде ұстаздық етсем, ол мен оқытқан балаларды спортқа дайындады. Олардың кейбірі әлі күнге дейін араласып-құраласып тұрады», – дейді Сейсегүл Исматова.
Жас кезде кездескен бар қиындыққа жұбайы екеуі бірлесе қарсы тұра білген шаңырақтың бүгінде мерейі үстем.
– Біз де жас отбасы болдық. Бастапқыда оңай болған жоқ. Ол тұста біз сияқты жас отбасының бәріне қиын болды. Үй жоқ. Оның үстіне біз үйдің үлкені болғандықтан, қайным үйленетін тұста ата-енем бізді бөлек шығарды. Пәтерден-пәтерге көшіп жүрдік. Жұбайымның етінің тірілігімен, іскерлігімен, «Қайтсем де үй салам» деген талабының арқасында бар қиындыққа қарсы тұра алдық. Сөйтіп екеулеп жүріп бар қиындықты бірге еңсердік. Үй де салдық, жұмыс та істедік. Жұмыс бабымен қалаға ауыстық. Осының бәрінде мені жұбайым Наурызбай қолдады, – дейді Сейсегүл әпкей.
Таразға көшіп келген соң Наурызбай аға алғаш облыстық жылу жүйесі сияқты жауапты мекемеде қызмет атқарса, кейін Яссауи атындағы университетте шаруашылық жағын басқарды. Ол оқу орны жабылған тұста ТИГУ-ге ауысып, сол арадан зейнетке шығады.
Ал Сейсегүл Молдабекқызына келер болсақ, биыл 75 деген белесті бағындырғалы отырған ұлағатты ұстаз Жамбыл педагогикалық институтында ұстаздық пен ғылымды алып жүріп, биік белестерді бағындырады. Қайталап айтар болсақ, Сейсегүл әпкей филология ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі. Шу өңірі ақындарының шығармашылығын зерттеуші, Сауытбектанушы, «Батыс халықтарының әдебиеті», «Шығыс халықтарының әдебиеті», «Орталау мектепте әдебиетті оқытудың тиімді жолдары», «5-сыныпта әдебиетті оқыту» (Қ.Тасболатовпен бірге), «Шетел халықтарының әдебиетін жаңаша оқыту» сияқты оқулықтар мен оқу құралдарының, «Сауытбек», «Сауытбек сал», «Жергілікті халық ақындарының шығармашылығы» атты ғылыми еңбектердің, «Сағыныш» атты деректі повестің авторы. Сондай-ақ, академик Сәбит Дүйсебаевпен бірлесе отырып Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының поэзиясын зерттеп «Сардардың жыр сарбаздары» деген монография жазып, әдеби айналымға енгізді. Еңбегі ескерусіз емес, Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздік қызметкері», ТарМПИ-дің 45 жылдық, 50 жылдық, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғарғы наградасы «Ыбырай Алтынсарин» медальдарының, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.
1992 жылы институтта ұйымдастырған «Жасын» әдеби шығармашылық бірлестігі әлі күнге дейін өзінің жетекшілігімен жұмыс істеп келеді. 1999 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Қазақ әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы, онан кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институты «Қазақ әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды. Осы кафедраның құрамында оқу-әдістемелік, ғылыми зерттеу және қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
Жалпы қызмет сатысымен жоғарылаған Сейсегүл Молдабекқызы «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, ЖГТУ-дің «Әлем тілдері» кафедрасының меңгерушісі, ТарМПИ-дың филология факультетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасында доцент міндетін атқарды. 100-ден аса ғылыми мақала жазды. 3 монография, 3 оқулық, 4 оқу құралы, 1 әдеби көркем шығарманың («Сағыныш» атты деректі повесть) авторы. ТарМПИ-дың 45 жылдық, 50 жылдық мерейтойы қарсаңында институт тарихы жазылған 2 кітаптың авторы. 2022 жылы шыққан Әлем халықтары жазушылары одағының антологиясы авторларының бірі. Ұстаздық жолында мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Ақындыққа және жазушылыққа ден қойған талай жастың көзін ашып, шығармаларының шыңдалуына бастау болды. Тіпті жас ақындар мен прозашылардың шығармаларының басын құрап, екі рет «Жастық дәурен өрнектері» атты жинақ шығарды. Бүгінде ақындық шеберліктерін шыңдаған, прозада биік деңгейге қол жеткізген талантты шәкірттері республикаға, облысқа танымал. Бірсыпырасы республикалық, облыстық баспасөз орындары мен телерадио арналарында қызмет атқаруда. Ұстаздық жолды таңдап, білікті маман атанғандары қаншама.
52 жылдық ұстаздық еңбек жолында С.Исматова көптеген Алғысхаттар мен мақтау қағаздарының, Құрмет грамоталарының иегері атанды. Ғылымға баулыған студенттері мен ғылыми жетекшілік еткен мектеп оқушылары облыстық, республикалық ғылыми жобаларда жеңіске жетті. Еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Облыстық, республикалық деңгейдегі көптеген мерекелік медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, жұбайы Наурызбай екеуі тәрбиелеген қыздары мен келіні де ұстаздық жолда. Олардан немере, шөбере сүйіп отыр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист.