Basty bet
Отанға деген сүйіспеншілік табиғат-анаға жанашырлықтан бастау алады
Өскелең ұрпақ жас буынның бойында табиғатқа деген жанашырлықты оятып, қоршаған ортаға деген экологиялық тәрбиені қалыптастыруымыз маңызды іс екені белгілі. Ежелден табиғатпен тел өсіп, оның қыр-сыры мен жұмбағына қанығып, онымен етене өмір сүру дағдысын қалыптастырған қазақ халқы үшін экологиялық тәрбие таңсық емес. Өйткені, табиғатпен етене болмаса, дана халқымыз: «Бұлақ көрсең көзін аш!», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген ұлағат сөздерді ұрпағына үлгі-өнеге етіп қалдырмас та еді. Жалпы біз қозғап отырған тақырыптар туралы мысалдарды көркем әдебиеттен де көптеп кездестіреміз. Сондай жарқын мысалдардың бірі даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» деп аталатын өзінің төл кітабында жазып қалдырғаны белгілі. Ендігі кезекте кітапты сөйлетіп көрейікші…
«Жарық дүниеге келгеніме екі-үш ай болғанда, шешем мені күн көзіне шығарып, Имаш атамның алдына әкеліпті. Атам ерте көктем алдында ағаш отырғызып жүр екен.
– Атасының қолын ұзартып, қолғабыс беруге келді, – депті шешем ізетпен иіліп. Атам еміреніп мені алақанына алыпты. Қолыма жас бұтақ ұстатып: «Құрық деп берсем – құл болма, Шыбық деп берсем – шіл болма. Бәрінен де, шырағым, Баяны жоқ ұл болма», – деп келініне мені қайтарып берген екен. Атасымен алғашқы дидарласуының құрметіне деп, алғашқы өсиет өмірлік өнеге болсын деп әкем сол күні кешке мал сойып, ауыл ақсақалдарының басын қайта қосыпты»,- деп жазады Батыр Баукең өз шығармасында.
«Ұшқан ұя» кітабындағы осы бір қысқа ғана үзік эпизодта қаншама тәлім-тәрбие жатыр десеңші… Ауыл-аймаққа ес болған Имаш баба немересі сәби Бауыржанға ақ батасын берумен қатар, оны экологиялық тәрбиеге баулып отыр емес пе?! Бұл – біле білгенге үлкен тәрбие көзі.
Жазушы кітабындағы бұл сөйлем жолдары табиғатқа деген жанашырлық болса, екінші жағынан жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге және тағылымды тәрбие мектебі екені анық. Жастайынан асындай тәрбиемен сусындап өскен жас ұрпақтың табиғатқа етене жақын болып, оны аялайтыны айдан анық. Экологиялық тәрбиенің де ең үлкені осы емес пе?!
Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанның барлық өңірлерінде Kieli tabigat республикалық жобасы шеңберінде жастардың 17 ғылыми-ағартушылық эко-қозғалыстары құрылғанынан ақпарат құралдарынан хабардармыз. Атап айтқанда, жоба аясында 1000-нан астам жас эко-волонтер ретінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі экологиялық акциялар ұйымдастырды. Осы ретте бірқатар жас қазақстандықтар эко-волонтерлік және экологиялық саналы өмір салтын жүргізу бойынша онлайн-оқыту курстарынан өткен болатын.
Иә, бұл ретте бірнеше жыл бұрын елімізде қолға алынған «Жасыл ел» экологиялық бағдарламасының маңызды рөл атқарып келе жатқанын айтуға тиіспіз. «Жасыл ел» – Президенттің «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» атты халыққа арнаған Жолдауының негізінде 2005 жылдан бастап ел өңірлерінде тиімді жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, оның еліміздің барлық аймағында бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді. Аталған бағдарлама 20 жылдан астам уақыттың бедерінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, ел аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігері мен күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды деуге толық негіз бар. Бұл да біздің қоғамда экологиялық мәдениеттті терең орнықтырудағы ортақ жеңісіміз!
Жалпы, аталған бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елдімекендердің айналасына ағаш көшеттерін егіп, жасыл желекпен көмкеру, көркейту. Сонымен қатар, ел жастарының Отанға, туған ел мен туған жерге, та-биғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы, жылына қаншама жастарды осынау игілікті іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты азайту. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес. Қаншама студенттер сабақтан бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып ел дамуына және экологияны жақсартуға аянбай қызмет етіп жүр.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданы өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, бағдарлама аясында жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік туды. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бас-тамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді.
«Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «бір тал кессең, он тал ек» деп бекер айтылмаса керек. Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары екенін көріп, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да бізде де еліміздің гүлденуі үшін, озық мем-лекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтауға ғана емес, жас-тардың тәрбиесі мен еңбекке баулу.
Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – жастарды еңбекке тарту. «Жасыл ел» бағдарламасының аясында тоқсан мың адам жұмыспен қамтылған екен. Жастар тек қана қалаларда ғана емес, орманды өрт шалған аумақтарда да жұмыс істейді. Аталмыш бағдарлама аясында еңбектеніп жүрген жастар бүгінгі күнде көшелерді, арық бойларын тазалап қана қоймай, футбол алаңдары ауласында тазалап, қураған ағаштарды кесіп, жол жиектерін әктеу сияқты игілікті іс жасау барысында үлкен белсенділік көрсетуде.
«Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде.
Сөзіміздің басында аталған бағдарламаның 2005 жылы қабылданып, жүзеге асырыла бастады дедік. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұл бағдарлама бес жылдың ішінде-ақ жақсы нәтиже беріп, «Жасыл Ел» еңбек отрядтары құрылды. Бес жылдың нәтижесі бойынша «Жасыл Ел» отряды жауынгерлерінің саны бүкіл республика бойынша жүз он төрт мыңнан асқан еді. Отряд ағаш отырғызу, саябақтарда, теміржол және автокөлік жолдары бойында көшеттерді отырғызумен айналысады. Ол ұйым елді көркейтіп жатыр десек, артық болмас. Санасақ, осы күнге дейін «Жасыл ел» жасақтары құрамында екі жүз жиырма мыңға жуық жас еңбек етіпті. Соның арқасында елімізде жүздегеен гектар жердің аумағы абаттандырылып, елу миллиондай ағаш егілген екен. Ал биыл бұл көрсеткіш тағы да еселенбек. Жасақ құрамында еңбек етіп, тер төгіп жүрген жастар жұмыс істегені үшін лайықты еңбекақы алады.
«Жасыл ел» – тек патриоттардың, елін сүйетін азаматтардың орны. Әр адам өз елінің патриоты болуы керек. Осы орайда аянбай еңбек етіп, өз туған жерінің мәртебесін көтеру әр қазақтың, ел болашағы болып саналатын жастардың міндеті. Қазақстан – жас мемлекет. Бұндағы халықтың басым көпшілігі бойында жалыны-қуаты тасыған жастар екені мәлім.
Жастар – ұлт келешегі, қоғам айнасы. Олардың бүгінгі беталысына қарап-ақ ертеңгі күн-нің, болашақтағы қоғам келбетінің қандай болатынын болжау қиын емес. Сондықтан олардың қызығушылығын қоғам игілігіне қарай бұру дұрыс дүние. Жалпы, қандай елде болсын азаматтарының, жастарының ел ісіне араласуы жақсы құбылыс емес пе?!
Қоғамның дамуына, өз ұлтына пайдасын тигізер кезде аянып қалмайтын «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысына тек сәттілік тілейміз!
Ақгауһар ҚҰРМАНБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің
веб-журналистика мамандығының 2-курс студенті