Basty bet

Арманы – спорт саласының үздігі атану

Жұлдызы биік Жуалы жұртшылығы осынау қасиетті топырақтан түлеп-ұшқан аты әлемге әйгілі батырларымен және генералдарымен мақтанатыны белгілі. Біздің ауданның жұртшылығы спортта биік жетістіктерге жеткен даңқты ұл-қыздарымен және әлемдегі жоғары байрақты бәсекелерде елімізге олжа салып жүрген чемпиондарымен де мақтанатыны сөзсіз.
Спорт – денсаулық кепілі екеніне ешкім де қарсы дау айта алмасы анық. Спорт пен дене шынықтырудың адам денсаулығына тигізер пайдасынан бөлек, ол адамның ішкі рухын да қоса шыңдайтыны белгілі. Әлбетте, үлкен спорттың мемлекет мерейін де өсіретін жағымды жақтары бар.

Осы ретте біздің Жуалы ауданында жастайынан спортты жанына серік етіп, қасиетті өлкенің даңқын асырып, сол арқылы өздері де құрметке бөленіп жүрген даңқты азаматтарымыз аз емес.
«Толқыннан толқын туады» демекші, Жуалыдай қасиетті топырақтан түлеп ұшқан даңқты спортшылардың жолын бүгінде кейінгі жас буындардың жалғастырып келе жатқаны бәріміздің көңілімізге қуаныш ұялатады.
Байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатып жүрген азулы спортшыларымыз баршылық. Соның бірі – дзюдодан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, самбодан Әлем чемпионатының қола жүлдегері Қазыбек Ракишев.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін жуалылық спорт шебері Қазыбек Ракишев ауданға қарасты ерлік пен елдікті тең қойған Бауыржан Момышұлы ауылының тумасы. Жас өрен аудандағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның табалдырығын аттап, 9 сыныпқа дейін білім алады. Кейіннен Алматы қаласындағы Қаркен Ахметов атындағы дарынды балалар спорт мектеп-интернатында оқып бітіреді. Білімін одан әрі шыңдау мақсатында колледжге оқуға түсіп, спорт жаттықтырушысы мамандығын игеріп шығады.
«Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар» демекші, баласының тілеуін тілеп отыратын бірінші кезекте ата-ана. Әкесі Серік Орынбекұлы атакәсіппен айналысса, анасы Гүлжан Жандарбекқызы балабақшада тәрбиеші болып еңбек етеді. Қазыбек бала кезінен спорт үздігі болуды армандаған екен. Бала арманы мақсатқа айналып, 8 жасынан бастап спорт үйірмесіне қатыса бастайды. Кәсіби спортпен 15 жасынан бастап айналысады.
-Үйірмеге алғашқыда балалықпен қызығып барып жүрдім. Жарыстарда орын алып, жеңістің дәмін сезген соң, онымен кәсіби түрде айналыса бастадым.
Спортқа келуіме әкем себепші болды. Әкем қай кезде де жігерлендіріп, қанаттандырып отырады. Елімнің туын желбіретіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүргенім бірінші Алла, екінші ата-анамның ақ батасының арқасы. Енді болашақтағы арманым – ата-анамның үмітін ақтап, қуаныш сыйлау,- деп ағынан жарылды жас спортшы Қазыбек Серікұлы.
«Бірінші байлық –денсаулық» нақыл сөздің салмағын жете түсінген жас спортшы дене бітімінің дұрыс қалыптасуын спортсыз елестете алмайтынын біледі. Яғни, дені сау, білімді, білікті, жан-жақты қалыптасқан болашақ жастар еліміздің болашағы.
Баланың спортшы болу арманына жол ашқан, қияға қанат қақтырған білікті жаттықтырушы Жанат Қанатбекұлы болды.
Қазыбектің арманы – спорт саласының үздігі атану. Жас спортшының айтуынша, қай спорт түрі болсын да қауіп-қатері қатар жүреді.
-Күтпеген жағдай болуы мүмкін. Спорт – сонысымен спорт. Егер адам спорттың сол ауырлығын сезінбесе, биік белестерді бағындыра алмайтыны анық. Жаттығулар оңай емес. Қиындықтар болады. Соның бәріне шыдай білу керек,- дейді жас спортшы.
Кез келген жеңіс адамға оңайлықпен келмейді. Жетістік те, жеңіс те үлкен арманның, еңбектің нәтижесі. Еңбекпен келген жеңіс адамға бақыт сыйлайды.
Қазыбек Ракишов – дзюдодан Қазақстан Республикасының жеңімпазы, Халықаралық жарыстардың жүлдегері. Азия кубогының жүлдегері.
«Шынықсаң, шымыр боласың» демекші, тынбай дайындық пен еңбек етудің арқасында Арменияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері және Ливанда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы атанған. Әлемнің әр мемлекеті бақ сынаған додада аталған спорт түрінің биіктен көрінуі, біздегі бұл спорттың жақсы дамығанын тағы бір қырынан көрсетіп берді. Алдағы жоспары әлемдік ареналарда бақ сынап, Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, әлемге таныту.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close