Basty bet
Орталық саябаққа 150 түп арша көшеті отырғызылды
Өткен аптаның соңында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай аудандық орталық саябаққа арша ағашының 150 түп көшеті отырғызылды.
Сауапты іс-шараны аудандық «Жастар ресурстық орталығы» және Б.Момышұлы ауылдық әкімшілік аппараты ұйымдастырды.
Ауқымды шараға аудан әкімі Жалғас Мұртаза мен аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық ардагерлер ұйымы, қоғамдық кеңес төрағасы мен аудандық мәслихат депутаттары да қатысты.
Іс-шараға жиналғандар күннің жылы да шуақты болғанын пайдаланып көшет отырғызу ісіне қызу кірісті. Бірі арнайы қазылған ұяларға көшет отырғызса, екіншісі оған шелектеп су тасып құйды. Саябақта жасыл көшеттер әп-сәтте-ақ сап түзеді.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы ауқымды акцияға атсалысқан барша жуалылықтарды мерекемен құттықтап, игі ісітер әрі қарай да жалғаса беретіні айтты.
-«Таза Қазақстан» экологиялық акция аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Енді негізгі мақсатымыз – күзгі екі айлық барысында халықты жаппай жұмылдырып, көшелерді, аулаларды, саябақтар мен гүлзарлар аумағын қоқыстан тазартып, талдардың түбін ақтап, бұтап, ауданды бір тазалап алу,- деді аудан басшысы.
Ауданның Құрметті азаматы, еңбек адамы Шәкіржан Мамаджанов та игі тілегін білдірді.
– Бұл – өте жақсы бастама. Уақыт өте келе саябақ одан сайын көріктене түседі. Өзіміздің табиғатымызға өзіміздің жанымыз ашымаса, ешкімнің жаны ашымайды. Қарап отырсам, болып жатқан акцияға аудан басшысынан бастап қарапайым жұмысшыларға дейін атсалысуда. Мұның өзі қуантарлық жағдай. Әрқашанда осылай ұйымшылдықпен әр ісімізді жасасақ ауданымыз көркейіп, қоқыстан тазаланады. Сонымен қатар, әркім өзінің ауласына, көшесіне ағаш көшеттерін отырғызуы керек, – деді ардагер.
Айта кетейік, ағаштарды күтіп-баптау мақсатында саябаққа автоматтандырылған суғару жүйелері орнатылған. Сонымен қатар, орталық саябақтың гүлденуін жандандыру жұмыстары күнделікті қоғамдық жұмысшыларға жүктелген.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»