Basty bet

Құқықтық сауаттылық – заман талабы

Жақында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының қызметкерлері ауданымызға келіп, жұртшылық өкілдерімен және мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізді.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында жұртшылық өкілдерімен өткен басқосуға ауданның құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарының басшылары мен өкілдері қатысты. Кездесуді аудан әкімі Олжас Қаржауов ашып, сөзді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының бастығы Дәурен Райымқұловқа берді. Ол шараның ашық форматта өтетінін айта келе, жиын барысында тұрғындардан өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды бүкпесіз жолдауға болатынын ескертті.
Сөз басқарманың аға прокуроры Қуанышбек Жарықбасовқа беріліп, ол Жуалы ауданы полиция органдарының азаматтардың қылмыстық құқық бұзушылық фактілері бойынша өтініштерін номенклатуралық іске негізсіз жолдау фактілері туралы баяндады. Ол соңғы жылдары өңірде жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітім санының артып келе жатқанына алаңдаушылық білдіре отырып, өткен жылдың және ағымдағы жылдың басынан бергі кезең аралығындағы статистикалық мәліметтерді алға тартты. Баяндамашы жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі аудан аумағы арқылы өтетін республикалық мәндегі автомобиль жолының бойында жылдамдықты арттыру және ауа-райының қолайсыздығы салдарынан орын алатынын атап көрсете келе, мұнда қозғалысты қадағалайтын арнайы патрульдік полиция жасағын бөлу керектігін ұсынды. Сонымен қатар, баяндамашы биылғы жыл басынан бері Жуалы ауданының полиция бөлімі тарапынан қылмыстық істерді жасырудың бір дерегі анықталғанын айта кетті.
Қоғам белсендісі Берікбол Уәлихан кей өңірлерде барымташылар мен полиция қызметкерлерінің ауыз жаласуы салдарынан мал ұрлығы өршіп, олардың ашылмай отырғанын айта келе, ауданның полиция бөлімі бастығының м.а. Дархан Нұралиевтан мал ұрлығын ауыздықтау бағытында нендей жұмыстардың атқарылып жатқанын сұрады. Дархан Нұралиев қазіргі кезде барлық ауылдық округтердегі учаскелік полиция инспекторлары сол округтердің аумағында тұруға және жұмыс істеуге жағдай жасалғанын, 2021 жылы ауданда бір мал ұрлығының тіркелгенін алға тартты.
Жиын барысында ауданның полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Дархан Нұралиевтің қылмысты жасыру дерегіне қатысты берген түсініктемесіне қарағанда бұл әрекеттің аудандағы байланыс операторларының бірінің жер асты кәбілін үзіп кетуге қатысты орын алғанын, қазіргі кезде жоғары тұрған полиция органы тарапынан қызметтік тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Әрі қарай басқарманың азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпараттарды қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Қалыбек Жақыбаев баяндама жасады. Ол Жуалы ауданының мемлекеттік органдарында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау саласында соңғы екі жыл мен ағымдағы жылдың басынан бергі кезең аралығындағы статистикалық мәліметтерді салыстыра отырып, терең талдау жасады. Баяндамашының айтуынша, 2021 жылы жеке және заңды тұлғалардың барлығы 2 680 өтініші тіркелсе (2020 жылы – 3 058), соның ішінде ауданның жергілікті атқарушы органдарына түскен өтініштердің саны – 2 203 (2 460) құраған.
– Алдыңғы жылмен салыстырғанда өткен жылы өтініштердің саны 257-ге немесе 10,4% кеміген. Сонымен қатар Жуалы ауданының мемлекеттік органдарына бөліп қарағанда өтініштердің көптеген бөлігі жергілікті атқарушы органдарға түскен, бұл 82,2% құраса, прокуратура органдарына – 5,2%, мемлекеттік кірістер органдарына – 11%, полиция органдарына – 0,8%, төтенше жағдайлар органдарына – 0,9%, басқа да органдарға – 0,5% түскен.
Сонымен қатар, ҚР Президенті Әкімшілігіне өткен жылы аудан тұрғындарынан 9 (2022 жылдың 2 айында – 4) өтініш түскен. Бұл жағдай өтініштердің орындалу сапасына баса назар аударатын уақыттың жеткендігін білдіреді. Қазіргі уақытта ҚР Президенті Әкімшілігі азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінудегі басымдылық мәселелерге, олардың туындау себептеріне ерекше назар аударып отыр.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, ауданда үш мәселе басымдылық танытып тұр, бұл біріншіден, жер және жерді пайдалану мәселесі (2020 жылы – 1 795), (2021 жылы – 1593), яғни 11, 2% өскен, екіншіден тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мәселесі (2020 ж. – 116, 2021 ж. – 81, немесе 30,1%, үшіншіден, еңбек және халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесі (2020 жылы 213, 2021 ж. – 112, 47,4%-ға кемігені байқалады.
Шын мәнінде қазіргі кезде жоғарыда айтылған үш мәселе халықты көп мазалайды. 2021 жылы өтініштердің жартысынан көбі осы үш мәселе бойынша түскен, бұл өтініштердің жалпы санынан 81%-ын құрайды.
Жуалы ауданы әкімі аппаратына жоғарыда аталған үш мәселе бойынша талдау жасап, олардың жүгіну себептерін анықтап, алдын ала шараларды қолдану арқылы тиісті шаралар қабылдау қажет, – деді бөлім прокуроры.
Баяндамашы тұрғындарға жаңа қабылданған Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекстің талаптарына сай мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдер қабылдаған жағдайда, арыз иесін хабарлама беру арқылы шақырта отырып, тыңдау рәсімін жүргізуге міндетті екенін, алайда кейбір арыз иелерінің өзінің азаматтық құқығын одан әрі қудалаудың орнына мұндай шақыртуларға келуден бас тартатынын еске салды. «Сондықтан да мемлекеттік органдар тыңдау жүргізу үшін хабарлама бере отырып, шақыртқан кезде, азаматтың тыңдау рәсіміне өзі келуі немесе оған басқа да байланыс түрлері арқылы қатысуы қажет, себебі осы өтініштердің әрбір қаралу сатысына тиісті мерзімдер белгіленген, сол мерзімдерде мемлекеттік органдар өтініштер бойынша шешім қабылдауы қажет» деді Қ.Жақыбаев.
Жиын соңында басқарма қызметкерлері аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, құқықтық және заң көмегін көрсетті.
***
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының қызметкерлері мемлекеттік қызметшілермен де кездесу өткізді.
Ауылдық округтер әкімдері, бөлім басшылары мен іс жүргізушы мамандар қатысқан жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов ашып, сөзді басқарманың азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпараттарды қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Қалыбек Жақыбаевқа берді.
Баяндамашы жеке және заңды тұлғалдардың өтініштерін есепке алу, тіркеу және қарау тәртіптерін қатаң сақтау қажеттігін айта келе, кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиын соңында мемлекеттік қызметшілер тарапынан қойылған сауалдарға басқарманың азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпараттарды қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Қалыбек Жақыбаев қанықты жауаптар берді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close