Basty bet

Сот актілерінің уақтылы орындалуы тұрақты бақылауда

Қылмыстық істер бойынша процессуалдық шығындар, Қазақстан Республикасының “Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы” Заңнамасына сай, жәбірленушілердің өтемақы қорына өндірілетін сомалар, заттай дәлелдемелердің жойылу жұмысы соңына дейін жеткізіліп, істің мұрағатқа өткізілуі үнемі соттың бақылауында.
Сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуы елімізде заңдылықтың қатаң сақталатындығын көрсетеді. Мемлекетіміз жеке отау тігіп, тәуелсіздік алған кезден бері атқарушылық іс жүргізу саласы қоғам дамуының бағытына ыңғайластырыла бірнеше рет реформаланды.
Осы күнге дейін атқарушылық іс жүргізу саласы бірқатар реформалар жүргізді. Сот шешімдерін орындау бірде Әділет министрлігінің құзыретінде болса, кейінірек Жоғарғы Сот құрамында болды. Өткен жылдан бастап қайтадан Әділет министрлігіне ауыстырылды.
Сот шешімдерін орындау көп уақытты және тер төгуді қажет ететін жұмыс екендігі белгілі. Кей жағдайда соттың шығарған шешімдерін сот орындаушысы заңнамада көрсетілген мерзімде орындай алмайды. Ол әр түрлі жағдайларға байланысты. Сот шешімдерінің орындалмауы – атқарушылық іс жүргізу органдарының ғана емес, жалпы мемлекеттің өзекті проблемаларының бірі. Сот шешімі шыққанмен, ол орындалмайынша азаматтың немесе заңды тұлғаның құқықтары қалпына келтірілді, әділдік орнатылды деп айта алмаймыз. Сот актілерінің уақтылы әрі сапалы орындалуына борышкерлердің төлеу мүмкіндіктерінің төмендігі мен мүліктерінің, тұрақты жұмыс орындарының болмауы кедергі келтіреді.
Сонымен қатар, сотталған борышкерлерден өндіру де қиындық туғызып жатады. Себебі, сотталғандар көп жағдайда жазасын өтеу орындарында жұмысқа орналаспағандықтан, оларда тиісінше төлеу мүмкіндіктері болмайды. Тіпті, бостандыққа шыққанның өзінде оларға қатысты қоғамдық пікірдің қандай екендігі бесенеден белгілі. Алимент өндіру де күрмеуі қиын мәселелердің бірі. Көптеген борышкерлер алимент төлеуден жалтарып, қитұрқы әрекеттерге барады.
Мәселен, алименттік төлемдердің көлемін азайту мақсатында, жалақысы туралы жалған анықтама көрсетіп жатады немесе атындағы бар дүние-мүлкін өзгелердің атына жаздырып алады. Сондай-ақ, борышкерлердің маусымдық жұмыс істеуі, ауылдық елді мекендерде еңбек шартын рәсімдеместен жұмыс жасауы немесе жұмысты жиі ауыстыруы да алимент өндіру туралы сот шешімінің уақтылы орындалуына кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде тірі жетім балалардың тиісті деңгейде жетіліп, дамуына кері әсерін тигізеді.
Тағы бір мәселе, сот орындаушыларының көп уақыты жауапкершіліктен қашып жүргендерді іздеумен өтеді. Мұндай жағдайларда сот орындаушылары атқару құжатын өндірушіге орындаусыз қайтаруға мәжбүр. Борышкердің мүліктері, мекен-жайы немесе қайда жұмыс істейтіндігі анықталған жағдайда өндіріп алушы атқару құжатын орындауға қайта тапсыруға құқылы. Демек, қазіргі қоғамда заңға мойынсұнбай, сот шешімдерін орындаудан қасақана жалтарушылардың саны аз емес екен.
Қылмыстық істер бойынша Қазақстан Республикасының жәбірленушілерге өтемақы қорына, азаматтық істер бойынша мемлекеттік баж өндіру, әкімшілік істер бойынша әкімшілік айыппұлдарды орындау бүгінгі күні басты мәселелердің бірі болуда.
Сотталушылардың, құқықбұзушылардың, жауапкерлердің мемлекетке төленетін соммаларды төлеуге немқұрайлықпен қарайтыны рас, алайда сот актісін уақтылы орындап, істерді мұрағатқа өткізу бүгінгі таңда өндірістік жұмыстардың ең басты талабы болуда.
Сот шығарған актіні жеке сот орындаушылар тарапынан орындалуы сот тарапынан мұқият бақылауда. Сот орындаушылар тарапынан орындаусыз қайтарылған сот актілері қайталанып орындауға жолданады, уақтылы орындалмаған сот актілері бойынша үнемі еске салу хаттары жолданып, тез арада орындау қажеттігі туралы ескертіледі.
Орындалған сомалардың мәліметтері Жамбыл облыстық сотқа апта сайын жолданып отырады, бұл жұмыс орындалған және орындалмаған сомалар бойынша мониторинг болып табылады және орындау барысы бақылауда тұрғанын дәлелдейді.
Сот актілерінің орындалуы құқықтық тәжірибенің ең маңызды бөлігі болып табылады. Мұның өзі мемлекеттегі сот төрелігінің тиімділігін көрсетеді, сот шешімдерінің толық әрі уақтылы орындалуы сот билігінің беделін ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің мәртебесін де айқындайды.
Осындай тәртіппен сот актілерінің орындалуын тездету жұмыстары жүргізілуде. Бұл өндірістік жұмыстың негізгі құралдарының бірі болып табылады.

Самат Ералиев,
аудандық сот
әкімшісінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close