Basty bet
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – қылмысқа қарсы тосқауыл
Қоғамдық тәртіпті сақтау – ел тыныштығы мен азаматтар қауіпсіздігінің басты кепілі. Көшелер мен қоғамдық орындардағы тәртіпті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қорғау – полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Себебі, қоғамдық тәртіптің сақталуы түрлі құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға ықпал етпек.
Осы бағытта аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі ауқымды жұмыстар атқаруда. Бөлімшенің күнделікті қызметі, қоғамдық тәртіпті нығайту жолындағы міндеттері мен қылмыстың алдын алу шаралары туралы толығырақ білу мақсатында аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ержан Саурықовпен сұхбаттасқан болатынбыз. Сұхбат барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы мен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгіме өрбіді.
– Ержан Ермекбайұлы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету арқылы түрлі қылмыстардың алдын алуға болатыны белгілі. Осы ретте, өзіңіз басқарып отырған бөлімшенің негізгі міндеттері қандай?
– Әрине, қоғамдық тәртіптің сақталуы – қылмыстың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі. Біздің басты міндетіміз – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың тыныштығын қорғау. Осы бағытта Жуалы аудандық полиция бөлімшесінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінде штат бойынша 39 қызмет орны қарастырылған. Қазіргі таңда оның екеуі бос тұр. Бөлім қызметкерлері, соның ішінде, учаскелік полиция инспекторлары, полиция майоры Қуаныш Керімбаев, Айдар Әбделиев, Мырзатай Мекенбай, Ержан Бектұров және өзге де тәртіп сақшылары қоғам тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында күнделікті қызмет атқаруда. Басты мақсатымыз – құқықбұзушылықтарға жол бермеу, заң талаптарының сақталуын қадағалау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
-Жалпы, ауданда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Біздің бөлімше 2026 жылдың 4-тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес жұмыс істеуде. Сонымен қатар, қазіргі таңда, ағымдағы жылдың 05 қазаны мен 05 қарашасы аралығында республикалық “Қауіпсіз үй” жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Бұл іс-шараның мақсаты – тұрғын үйлерді, жеке үйлер мен пәтерлерді құқықбұзушылықтан, ұрлықтан қорғау, тұрмыстық қылмыстардың алдын алу. Учаскелік полиция инспекторлары бекітілген аумақтардағы үйлерді аралап, тұрғындарға үй-жайлардың техникалық нығайтылуы, есік-терезелердің беріктігі, құлыптау жүйелері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, жалғыз тұратын қарттар, бұрын сотты болған тұлғалар тұратын үйлер, отбасылық-тұрмыстық жанжалға бейім отбасылар ерекше бақылауға алынды. Профилактикалық есепте тұрған тұлғалармен, бұрын сотты болған азаматтармен жеке профилактикалық жұмыстар күшейтілді, топтық қылмыстардың алдын алу, рецедивке қарсы күрес жұмыстары жүргізілуде. Кешкі, түнгі уақытта патрульдеу күшейтілді, есепте тұрған нысандар мен аңшы қару иелерінің тізімі нақтыланып, бақылауға алынды.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі нақты көрсеткіштерден көрінеді. Жыл басынан бері аудан аумағында 7 941 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 3 972-сі ескерту түрінде рәсімделсе, 3 047 құқықбұзушылық бойынша айыппұл салынды. Тоғыз айдың қорытындысында салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 69 096 799 теңгені құрап, оның 60 334 147 теңгесі өндірілді. Бұл – 87,3 пайыз. Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – азаматтарды жазалау ғана емес, ең алдымен, заң талаптарын сақтауға шақыру, құқықтық жауапкершілікті арттыру және алдағы уақытта осындай құқықбұзушылықтардың қайталануына жол бермеу. Себебі, қоғамдық тәртіпті сақтау – түрлі құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алудың маңызды жолы.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жастардың арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Бұл бағытта біздің жұмысымыз екіге бөлінеді. Бірінші тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шараларға келетін болсақ, бірінші кезекте АПБ-на келіп түскен әйелдерге қатысты әрбір іс-құжат міндетті түрде зерделенеді, уақтылы барлық тиісті шаралар қабылданады. Құқықбұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 73, 461, 463, 669-баптары бойынша шара қолданылып, қорғау нұсқамасы шығарылып, мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленеді. Олар қатаң бақылауға алынады. “Қауіпсіз үй” іс-шарасының аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейім отбасылар, жанжалды отбасылар арнайы тексеріледі. Олармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, қорғау нұсқамаларының орындалуы бақыланады. Жалпы, жәбірленушілерге әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету ұйымдастырылған. Тұрғындардың арасында, мекемелерде, білім беру ошақтарында апта сайын дөңгелек үстелдер өткізіліп, ай сайын БАҚ-та мақалалар жарияланып отыр.
Ал, жастардың арасындағы құқықбұзушылыққа келсек, түнгі уақыттағы рейдтер күшейтілді. Түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде, кафе-барларда, сағат 23:00-ден кейін тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген кәмелетке толмағандар анықталып, ата-аналарына заң бойынша хаттама толтырылуда. Қадағалаусыз қалған жасөспірімдерді анықтау үшін білім бөлімімен, қорғаншылық органдарымен бірге орталық базар, темір жол және автобекеттерде күндізгі-түнгі рейдтер ұйымдастырылуда.
-Интернет-алаяқтық пен азаматтардың алаяқтарға алданып қалу жағдайларының алдын алу бойынша тұрғындарға қандай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде?
–Бұл бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Біз тұрғындардың арасында интернет және телефон алаяқтығының алдын алу бойынша қарқынды түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Сауда орындары, банктер, халық көп шоғырланатын жерлерде жадынамалар таратылды. Азаматтарға күмәнді қоңыраулар мен сілтемелерге сенбеу, жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін ешкімге жарияламау түсіндірілуде. Әлеуметтік желілер мен чаттар арқылы күн сайын профилактикалық ақпарат жарияланып отырады. Ауылдық аймақтарда арнайы локальдық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындармен тікелей түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
–Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай бақылау шаралары жүзеге асырылады?
– Президенттің құқықбұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру мақсатында қоғамдық орындар мен көшелерде тәртіп бұзу деректерін анықтау жұмысы жандандырылды. Анықталған құқықбұзушылар заңға сәйкес жауапқа тартылуда. Жол қауіпсіздігі бағытында да жұмыс күшейтілді, әсіресе, дөрекі ереже бұзушылықтар мен мас күйде көлік жүргізу деректері анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылуда. “Қауіпсіз үй” іс-шарасының аясында тұрғын үй секторында ұрлықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Үй иелеріне үйлерін қараусыз қалдырмау, көршілермен байланыста болу, күзет жүйелерін орнату туралы ұсыныстар берілуде. Кешкі уақытта тұрғын үй массивтерін патрульдеу күшейтілді. Мектептің маңында, жастар көп жиналатын орындарда күндізгі рейдтер үнемі ұйымдастырылуда.
–Жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда ата-аналар мен мектептердің жауапкершілігі қандай?
– Бұл жерде ата-ананың жауапкершілігі өте зор. Баласының тәрбиесіне немқұрайды қараған ата-аналар анықталып, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Дәлелсіз себеппен сабаққа келмейтін оқушылар анықталып, олардың ата-аналарына шара қолданылады, қажет болған жағдайда ата-аналық құқығынан айыру туралы ұсыныс аудан әкімшілігінің жанындағы комиссияға жолданады. Ата-аналармен, заңды өкілдермен балалардың алдындағы жауапкершілігі туралы жиындар өткізілуде. Мектептермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Бекітілген мектептерде құқықтық және нашақорлық тақырыбында айына екі рет түсіндірме сабақтары өткізілуде. Мектеп әкімшілігімен бірлесіп, оқушылардың мектепке келуі мен үйге қайтуы кезінде көшелерде күндізгі рейдтер жүргізілуде.
–Тұрғындар құқықбұзушылықтың куәсі болған жағдайда қайда және қалай хабарласуы керек?
– Ең алдымен, тұрғындар өздерінің әкімшілік аумағына бекітілген учаскелік полиция инспекторына тікелей хабарласуы керек. Жедел жағдайларда Жуалы АПБ-ның кезекші бөліміне хабарласу қажет. Деструктивті діни ағым ұстанушыларды, бөгде адамдарды, күмәнді тұлғаларды байқаған жағдайда дереу АПБ-на хабарлауды сұраймыз. “Қауіпсіз үй” іс-шарасы кезінде тұрғын үйлер маңында күмәнді адамдарды көрсеңіз, дереу хабарлаңыз – бұл сіздің үйіңіздің қауіпсіздігі үшін маңызды. Тұрғындардың белсенділігі – қылмыстың алдын алудың ең тиімді жолы.
– Аудан тұрғындарының құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
–Тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру – құқықбұзушылықтардың алдын алудың маңызды бағыты. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, нашақорлыққа қарсы бағытта мекемелерде, білім орында дөңгелек үстелдер, лекциялар ұйымдастырылуда. Бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде «Инстаграм» желісінде заңнамаларға сәйкес әйелдердің құқығын қорғау, отбасы саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша мақалалар жариялануда. Спирттік ішімдік пен есірткі заттарын пайдалану салдарынан отбасында пайда болатын дау-жанжалдардың жағымсыз зардаптары туралы мысалдар әлеуметтік желілерге тұрақты түрде жүктелуде. “Қауіпсіз үй” іс-шарасының аясында үй-жайларды қорғау, тұрмыстық қауіпсіздік ережелері бойынша арнайы жадынамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың мақсаты – тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру, заңға деген құрметті қалыптастыру және әрбір үйдің қауіпсіз болуын қамтамасыз ету.
– Сұхбатыңызға рақмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тұрғындардың қауіпсіздігі мен берекесі әрдайым баянды болсын!
Сұхбаттасқан
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”