Менің әкем Мейман Қожаназаров 1924 жылы Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген. Ол да өз замандастарына еліктеп, есейіп ержеткен соң мұғалім болуды армандады. Мейман Қожаназаров өзінің жалынды жастық шағын соғыста өткіземін деп ойлаған жоқ еді. 1941 жылы алғашқылардың біpi болып әскерге алынған ол төрт жыл бойы Калинин майданының 332-дивизиясындағы 119-шы полкінің 1-батольонында соғысты. Кейіннен Украина, Беларусия, 1-Балтық майдандарындағы шайқастарға қатысты. Осынау сұрапыл соғыстың соңына дейінгі жорықта қатардағы жауынгерліктен әскери бөлімше командиріне дейін көтерілді.
Қан майданда жүріп қазақ батырларына тән батылдық пен өжеттілік, алғырлық пен тапқырлық, қырағылық сияқты барлық қасиеттердің бойында бар екенін көрсете білді. 1943 жылы Украина майданында батальон командирі майор А.Евсеев екеуі орман ішінде үш неміс барлаушысымен бетпе-бет келіп, автоматтан оқ жаудырып, екеуін жер жастандырып, ал біреyін тірідей қолға түсірген. Осылайша біздің әскер командирлерінен «тіл» әкетпек болған жау барлаушыларының өздерін қапы қалдырып, қақпанға түсіргендері үшін әкеміз М.Қожаназаров Ұлы Отан соғысының II дәрежелі орденімен марапатталған.
Жоғары Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің бұйрығы бойынша Витьевск қаласын азат еткендері үшін «Алғыс хатын» 1944 жылы шілдеде бөлім командирі, майoр Блиндер өзі қол қойып, әкемізге табыс еткен. Бұл әкеміздің соғыстағы ерліктерінің бір-екеуі ғана. Сұрапыл соғыс кезінде үш рет ауыр, екі рет жеңіл жарақат алып, 1945 жылы өзінің туған еліне үлкен қошеметпен оралды.
Әкеміз ақ құба өңді келбетті, етжеңді ірі денелі кісі болатын. Домбыра, сырнай тартып, мылтық атып, салт аттың үстінде атойлап шабатын кездері аз емес еді. Ол кіcінің майдандағы ерлігі туралы Жуалы aудандық «Жаңа өмір», Жамбыл облыстық «Ақ жол» (бұрынғы «Еңбек туы») газеттерінде көптеген мақалалар жарияланды. Жамбыл облыстық теледидарынан бірнеше мәрте арнайы хабарлар берілді. Бұрынғы Казанка, қазіргі Кәріқорған aуылының орта мектебінде 1985 жылға дейін ұстаздық қызметті абыроймен атқарып, зейнетке шықты. Сол жылғы наурыздың 11-ші жұлдызы күні I дәрежелі Отан соғысы орденімен екінші мәрте марапатталды.
Әкеміз Мейман бейнеттің зейнетін бір жыл ғана көріп, 1986 өмірден өтті. Өмірдегі өз парызын өтеп кеткен әкемізді ұрпақтары, ел-жұрты ұмытпайды. Кәріқорған aуылының орталық көшеcіне ол кісінің есімі беріліп, жыл сайын облыс, ауданаралык М.Қожаназаров атындағы бокстан өткізілетін турнир соның дәлелі. Жамбыл облысының орталық мұражайында деректер жинақталып, Тараз қаласындағы Ұлы Отан соғысы аллеясында ол кісінің есімі мәрмәр тасқа қашап жазылған.
Сол кезенде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен ауданның әкімі, мәслихаттың хатшысы қызметтерін атқарған азамат Естемес Аманбеков, біршама жыл аудан көлемінде ұстаз болған, ауданның Құрметті азаматы Рақымжан Сатаев әкеміздің сауатты, үлкен жүректі, елге сыйлы ұлағатты ұстаз болғанын үнемі айтады.
«Орнында бар оңалар» демекші, Мейман әкемізден тараған ұрпақтары әке салған сара сара жолмен жүріп келеді. Ұлағатты ұстаз, үлгілі отбасының отағасы болған әкеміз Мейман мен анамыз Анар төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жандар болатын. Ол кісінің жолын ұлы Шарханбек, келіндері Құрбанкүл, Бағдат, Шамкүл, Умиягүл, немерелері Аян, Клара қазіргі таңда ұстаздық қызметті абыроймен атқаруда.
Біздің үйде әкемізден мұра болып қалған, әрі сұрапыл соғыстың куәсі болғандай Ұлы Отан соғысының І, II дәрежелі ордендері, 12 медаль және де ең құндысы Ұлы Отан соғысы кезіндегі даңқты қолбасшы, төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры, Германиядағы кеңестік әскери әкімшілігінің басшысы, әрі сондағы кеңестік әскерлердің бас қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы, Г.К.Жуков пен әскери Одақтың мүшесі, генерал-лейтенант К.Ф.Телегиннің 1945 жылы 17 қазан күні әкемізге берілген «Алғыс хаты», 1948-1950 жылдары Жуалы ауданында қызметте болған, даңқты партизан, Ұлы Отан соғысының батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтың визиткасын (есім хат) бойтұмардай сақтап келеміз.
Әкем марқұм «Ешкімнің шуда жібін үзбе, ешкімнің шынжырына көнбе» деген мақалды жақсы көруші еді. Тәрбие-тағылымы да солай болды. Еңбек ет, оқы, еңбек ет! «Еңбек еткеннің мерейі биік, кер жалкаудың көргені күйік» дегенді аузынан тастамаушы еді. Балалары айтқандарын екі етпеуге үйрендік. Кішкене кезімізден қолымыздан келгенді атқарып, берген тапсырманы орындап, тырбанып бақтық. Елдің алды болмасақ та, көштен қалған жоқпыз. Қазір заман басқа. «Нарық дәуірі» дегенге етіміз үйреніп, соның ыкпалына мойынұсына бастадық. Әйтеуip, әрекет істеген адамның aузы ақтан арылмайды екен. Бүгінгі ғылым адамның санасынан тыс бір күш бар екенін мойындап отыр. Ал, біздің бабаларымыз, ол күшті Тәңірге, Құдайга, Аллаға балаған. Әруақ дегеннің бар екендігіне, оның бізді желеп-жебеп жүретініне күмәнсізбін. Өйтені, қатты қиналған, торыкқан сәттерімде немесе бір жақсылыққа бөленер алдында ата-анам түсіме кіреді. Мұны аталарымыз «аян берді» деп те жатады. Ертесіне таңертеңгі аста шелпек пісіртіп, Құран оқимын. Содан соң көңілім саябыр тауып, сабасына түсіп, бір түрлі орныққандай күй кешемін.
Бір сөзбен айтқанда, әкеміз бен анамыздың ұлағаты ұмытылмайды.
Шарханбек ҚОЖАНАЗАРОВ,
майдангердің ортаншы ұлы.
Жетітөбе ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы
Мейман Қожаназаровтың госпитальда жатқанда өз қолымен жазған өлеңі
(үзінді)
Жылында 43-інші августің үші,
Қарасаң ғажайыптар құдырет күші.
Аспаннан бомбы тастап әлек етпек,
Байқасаң бұл заманның қылған ісі.
Қараңғы аспан жерді қылды жарык,
Жүгірген солдаттарды көріп алып.
Әр жерден гүрс-гүрс бомба жарылғанда,
Жалындық, Жаратқанға жата қалып.
Кейбірі осколкамен жараланып,
Секілді болып жатыр өлген балық.
Кеудесін кейбірінін жұлып кетті,
Біреулер аяқ-қолдан болды кәріп.
Біреулер ажал жеткен өліп жатыр,
Азапты неше түрлі көріп жатыр.
Айрылып, аяқтан, қолдан,
Қалтайып қарақшыдай тұрып жатыр.
Талайды бомба шіркін кетті көміп,
Жақын тұр ажал оты бізге төніп,
Соқыр, пұшық, шұнақтар тіптенде көп,
Шыққандай жерастынан жаңа өніп.
Көбісін тізесінен ақсақ қылды.
Сол бомба талкандады ой мен қырды.
Айрылтып төрт мүшеден неше жанды,
Ішіне айран құйған шалап қылды.
Немісте неше түрлі құралдар кеп,
Барады атқан сайын мазаңды жеп.
Дегенмен сол немісті жеңдік ақыр,
Кетпеді бекер босқа өштескен кек.
Машинамен госпиталға келді алып,
Көтеріп носилкеге мені салып.
Жүгірген қызмет етіп сестыралар,
Ет кесіп осколканы алды жарып.
Вагонмен отправке етпек болды,
Тез күнде бұл арадан кетпек болды.
Егерде осы лекпен кетпесек біз,
Немістер бомбылайды оң мен солды.
Болғанда алты сөтке бір күн кетті,
Қараймыз, шаршамайды сондай күшті.
Аралап неше түрлі ормандарды,
Бесінде Калининге келіп түсті.
Паравоз тұрды біраз демін алып,
Түсірді Калининге бізді апарып.
Шамасы екі жүздей жаралыны
Бөлді де станцияда қалды алып.
Тізбелеп спискеге алып жатыр,
Кетеріп носилкеге салып жатыр.
Окылып спискеде аты шыққан,
Жағалап тырамбайға барып жатыр.
Шақырды бір мезгілде мені тағы,
Ашылар күн болама ердін бағы.
Он орыс, бір өзбек, он екі боп
Сонымен госпитальға келдік тағы.
Кейбірінің иегін жұлып кетті,
Бұл соғыс барша жанға қиын етті.
Соғысып неше күндей аш жүрген жан,
Жеді ғой сасып кеткен арам етті.
Аспанды жарық алып аралады,
Адамға жақсы-жаман қарамады.
Аспаннан мина мен бомба түскен кезде,
Талайды әр жерінен жаралады.
Әскердің қатарында пұшықта жүр,
Бәтеңке аяқтарын қысыпта жүр.
Дауыс қосып өлгенге қосыла алмай,
Наряд ап түніменен постыда тұр.
Әскердің қатарында қазақта жүр,
Біле алмай орыс тілін азапта жүр.
Көп қазақ қиналады сөйлей алмай,
Жолдас деп сволыштар мазақтап тұр.
Соғысып Калининді араладым,
Өлім бар деп алдымда қарамадым.
23 август күн сәске түсте,
Бомбыдан екі қолдан жараландым.
Бұл соғыста мен әуелі он күн жүрдім,
Әр жерден оқ атылса құлақ түрдім.
Бас пен қол, аяқ, кеуде жолда жатыр.
Болғанын ақыр заман сонда білдім.
Жаралы болғанан соң жаттым сұлап,
Сүйектерім қақсайды тұрман жылап.
Ағайын қате болса, айып етпе,
Өлең жаздым көргенді сөз етіп құрап.
Ескертпе: Бұл өлеңнің қолмен жазылған түпнұсқасы майдангердің ұрпақтарының қолында сақтаулы.