Basty bet

“Алтын тұмар» жинағына шығармалары енді

Талантты тағдыр береді десек, суретшілік те адамның бойына атаның қанымен дарып, еңбектену арқылы жетілетін ұлы өнер. Қылқаламды жанына серік етіп, өнер туындыларын жазып жатқан суретшілер арамызда онша көп емес. Ауданда суретшілік өнер бағытында жемісті еңбектеніп жүргендердің бірі – Қойшыбай Төремұратов.
Жалпы Қойшекеңді өнерді сүйетін, шығармашылықты қадірлейтін қауымға таныстырып жатудың өзі артық. Ол бірнеше жылдан бері қылқаламды жанына серік етіп, бірқатар өнер туындыларын жарыққа шығарып жүр. Қойшыбай Тәжімұратұлының суретшілікпен қатар, ақындығы, жалпы өнердің әр саласына жақындығы бар.
Маусым айының басында Ақтөбе қаласында облыстық білім басқармасының қолдауымен кәсіпқой суретшілер, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері мен қосымша білім беру падагогтарының шығармашылық жұмыстарының қорытындысына арналған «Алтын тұмар-3» жинағының тұсаукесері болды. Оған Қазақстанның әр өңірінен суретшілер және ұстаздық жолда тер төгіп жүрген азаматтар шықарылды. Оның ішінде, Жуалы ауданынан суретші, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты мәдениет үйінің қоюшы суретшісі Қойшыбай Төремұратов және №1 Балалар өнер мектебінің директоры, кәсіпқой суретші Қанат Мұратаев та бар.
Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған өнер және мәдениет жиынына арнайы барып қатысып келген суретші Қойшыбай Төремұратовтың айтуынша, іс-шара екі күнге жоспарланып, қатысушылар алғашқы күні қаланың көрікті жерлеріне танымдық саяхат жасап, ондағы Қобыланды батырдың музейін және «Әлия-Мәншүк» меориалдық музей-кешенін, т.б. көрнекті тарихи-мәдени орындарды аралауға мүмкіндік алады. Ал екінші күні «Алтын тұмар-3» жинағының тұсаукесері ұйымдастырлып, онда арнайы шақырылған қонақтарға марапаттаулар тапсырылды. Мәдени жиынға ауданнан Ақтөбе қаласына ат терлетіп барған Қойшыбай Төремұратовқа арнайы Алғысхат және алдағы күзде «Сарыағаш» курортына демалуға жолдама қоса беріліп отыр.
Айта кету керек, «Алтын тұмар-3» жинағына суретші Қ.Төремұратовтың майлы бояумен кенепке салынған «Ақ басқұр», «Әке» және «Автопортрет» туындалары енсе, ал Қанат Мұратаевтың «Арыстан», «Ару» және «Атилла мен Аэций» аталатын өнер туындылары еніп отыр.
Өнердің өріне бірге өрлеп келе жатқан жерлес қос суретшінің шығармашылығына толайым табыстар тілейміз. Жазарлары көбейсін!

Мейірім БАЙДІЛДА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
журналистика мамандығының
3-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close