Basty bet

Оңалту орталығы ерекше балалардың қоғамға бейімделуіне жол ашады

Қоғамның өркениеттілігі мен адамгершілік деңгейі оның әрбір азаматына жасаған қамқорлығымен өлшенеді. Әсіресе, өмірлік мүмкіндіктері шектеулі жандардың қоғамнан тыс қалмай, өз ортасында еркін өмір сүруіне, білім алып, қабілетін дамытуына жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Өйткені әр баланың бақытты балалық шаққа, қамқорлыққа және өз болашағына сеніммен қарауға құқығы бар.
Тағдырдың түрлі сынағына қарамастан, өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, алға ұмтылып келе жатқан балалардың қайсарлығы көпке үлгі. Олардың бойындағы талпыныс пен шынайы қуаныш адамға өмірдің қадірін тереңірек түсіндіреді. Сондықтан ерекше білім беру мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға жан-жақты жағдай жасау – тек белгілі бір мекеменің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Осы тұрғыдан алғанда, ауданымызда ерекше балаларды қолдау, олардың қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызы зор. Соның бірі – «Жуалы» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы. Бұл мекеме балаларға әлеуметтік қызмет көрсетіп қана қоймай, олардың бойындағы қабілеттерін ашуға, өзіне деген сенімін нығайтуға және айналасындағы адамдармен қарым-қатынас орнатуына ықпал етіп келеді.
Орталық 2019 жылы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және бөлімімен бірлескен әріптестік аясында қоғамдық бірлестік ретінде ашылған. Содан бері мекеме ерекше күтім мен қолдауды қажет ететін балаларға қызмет көрсетіп, олардың күнделікті өмірге бейімделуіне жағдай жасап келеді.
Бүгінде мұнда 1,5 пен 18 жас аралығындағы 20 бала тегін әлеуметтік қызмет алады. Тәрбиеленушілердің ерекшеліктеріне қарай жұмыс ұйымдастырылып, олардың әрқайсысына жеке көзқарас қалыптастырылған. Орталықта ақыл-ой дамуында ерекшелігі бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар тәрбиеленеді.
Мекеменің негізгі мақсаты – балаларды қоғамға бейімдеу, олардың күнделікті тұрмыста өздігінен әрекет ету дағдыларын қалыптастыру, қарым-қатынас жасау қабілетін дамыту және мүмкіндігінше дербес өмір сүруіне көмектесу.
– Бұл орталықты ашудағы негізгі мақсат – ерекше балаларды қоғамға бейімдеу, оларды жан-жақты оңалту және өмірге икемдеу. Мұндай балалармен жұмыс істеу үшін ең алдымен оларды түсіне білетін, мейірімді әрі жауапкершілігі жоғары мамандар қажет. Сондықтан қызметкерлерді іріктеу кезінде кәсіби біліктілікпен қатар адамгершілік қасиеттеріне де ерекше көңіл бөлінді, – дейді орталық меңгерушісі Дамира Жолшанқызы.
Оның айтуынша, орталыққа келген балалар ең алдымен өз-өзіне қызмет көрсетуді үйренеді. Киіну, тамақтану, тазалық сақтау секілді күнделікті әрекеттерді меңгерумен қатар, ортаға бейімделіп, қатарластарымен тіл табысуға, бір-бірін сыйлауға дағдыланады. Осындай қарапайым көрінетін әрекеттердің өзі балалардың дербестігін арттырып, өзіне деген сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Орталықтың жұмыс тәртібі балалардың күнделікті қажеттіліктері мен денсаулық жағдайына сәйкес ұйымдастырылған. Мекеме таңғы сағат 08:00-де жұмысын бастап, кешкі 18:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Аудан орталығынан және шалғай ауылдардан келетін балалар арнайы инватакси арқылы тасымалданады. Бұл ата-аналарға қолдау көрсетіп қана қоймай, балалардың оңалту шараларына тұрақты қатысуына мүмкіндік береді.
Тәрбиеленушілерге күніне бес мезгіл тамақ беріледі. Ас мәзірін әзірлеу барысында әр баланың денсаулық жағдайы, тағамға сезімталдығы және жеке қажеттіліктері ескеріледі. Себебі кейбір балалардың белгілі бір тағам түрлеріне аллергиясы болуы немесе денсаулығына байланысты шектеулер сақтауы мүмкін. Сондықтан олардың тамақтану ерекшеліктері мұқият назарға алынып, қажеттілігіне қарай ас мәзіріне өзгерістер енгізіледі.
Балалардың денсаулығын сақтау үшін тазалық мәселесіне де ерекше мән беріледі. Әр тәрбиеленушінің жеке киімі мен гигиеналық құралдары өзіне ғана пайдаланылады. Бөлмелердің тазалығы тұрақты бақылауда ұсталып, балалардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін факторларды азайтуға басымдық беріледі. Өйткені кейбір тәрбиеленушілер шаңға, гүл тозаңына, әтір иісіне немесе күн сәулесіне сезімтал болуы мүмкін.
Орталықта балалардың еркін қозғалуына, демалуына және түрлі сабақтарға қатысуына қолайлы жағдай жасалған. Артық заттардан арылған, қауіпсіздік талаптарына сай ұйымдастырылған орта олардың өзін жайлы сезінуіне ықпал етеді. Мұндағы әрбір шараның түпкі мақсаты – баланың денсаулығын қорғап, оңалту үдерісінің нәтижелі болуына мүмкіндік жасау.
Ерекше балалармен жұмыс істеу үлкен шыдамдылықты, кәсіби шеберлікті және шынайы жанашырлықты талап етеді. Әр баланың мінезі, қабылдау қабілеті мен даму қарқыны әртүрлі болғандықтан, мамандар жұмысты жеке ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырады.
Орталықтағы арнайы мамандар бекітілген кестеге сәйкес әр баламен жеке жұмыс жүргізеді. Бір тәрбиеленушіге шамамен 40 минут уақыт бөлінеді. Сабақтың бір бөлігі ойын түрінде өткізілсе, қалған уақыт түзету-дамыту жұмыстарына арналады. Ойын арқылы балалардың ойлау қабілетін, зейінін, есте сақтауын және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға көңіл бөлінеді.
Балалар үшін жылы сөз бен қолдаудың орны ерекше. Олардың әрбір кішкентай жетістігі назардан тыс қалмайды. Бірі жаңа сөз үйренсе, екіншісі өздігінен әрекет етуге талпынады, ал енді бірі қатарласымен еркін қарым-қатынас жасауға дағдыланады. Осындай шағын қадамдардың өзі ұзақ әрі жүйелі еңбектің нәтижесі саналады.
Мамандардың айтуынша, ерекше балалардың көңіліне қаяу түсірмей, олардың жеке тұлға ретіндегі қадір-қасиетін құрметтеу өте маңызды. Олар мақтауды, назар аударуды және өз жетістіктерінің бағаланғанын жақсы қабылдайды. Сондықтан балаларға жылы қарым-қатынас танытып, олардың әр талпынысын қолдау жұмыстың ажырамас бөлігіне айналған.
Кейде бала бүгін үйренген дағдысын ертең қайталап орындай алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда мамандар сабыр сақтап, жұмысты қайта жалғастырады. Себебі оңалту – бір күнде нәтиже беретін үдеріс емес. Ол тұрақты еңбекті, үздіксіз қайталауды және баланың мүмкіндігіне сенуді қажет етеді.
Балалардың мерекелік іс-шараларға қатысып, концерттерде өнер көрсетуі, сыйлық алған сәттегі шынайы қуанышы да орталық ұжымы үшін ерекше мәнге ие. Әрбір жағымды әсер баланың ортаға араласуына, эмоциясын білдіруіне және айналасындағы адамдармен байланыс орнатуына септігін тигізеді. Одан бөлек орталық мамандары балаларға «Біздің ерекше әлем» атты іс-шара ұйымдастырып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, сыйлықтар табыстаған. Сонымен қатар, мамандар жаз мезгілінде орталықтағы балаларды таза ауаға серуенге шығарып, саябаққа қыдыртып тұрады екен.
Орталықта балалардың дене қимылын жетілдіруге, тынығуына және күнделікті белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар да жүргізіледі. Ойын залында түрлі дамытушы ойындар ұйымдастырылса, жатын бөлмеде балалардың тынығуы қадағаланады. Белгіленген кестеге сәйкес массаж жасалып, емдік дене шынықтыру жаттығулары өткізіледі. Сонымен қатар арнайы тренажерлармен жұмыс жүргізіліп, әр баланың денсаулық жағдайына қарай оңалту шаралары ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда орталықта психолог, логопед, дефектолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, массажист, медициналық мейіргер, тәрбиеші, әлеуметтік қызметкер, санитар және басқа да мамандар еңбек етеді. Олар өзара бірлесе отырып, тәрбиеленушілерге кешенді әлеуметтік және оңалту қызметтерін көрсетеді.
Мамандардың жұмысы тек белгілі бір дағдыны қалыптастырумен шектелмейді. Баланың өз ойын жеткізуіне, айналасындағы адамдарды түсінуіне, қарапайым тапсырмаларды орындауына және күнделікті өмірде мүмкіндігінше дербес болуына да басымдық беріледі. Әрбір тәрбиеленушінің жеке даму қарқыны ескеріліп, оның қолынан келетін әрекеттерді өздігінен орындауына жағдай жасалады.
Орталықта осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде балалардың қарым-қатынас жасау дағдыларында оң өзгерістер байқалып, әлеуметтік ортаға бейімделуіне мүмкіндік туған. Олардың өзіне деген сенімін арттыру, өздігінен шешім қабылдауына қолдау көрсету және өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді.
Әрине, әр баланың даму ерекшелігіне қарай нәтиже де әртүрлі болады. Бірі белгілі бір дағдыны жылдам меңгерсе, енді біріне көбірек уақыт пен қолдау қажет. Сондықтан жетістікті тек үлкен өзгерістермен өлшеуге болмайды. Баланың бұрын орындай алмаған әрекетін өздігінен жасауы, жаңа ортаға үйренуі немесе өз қажеттілігін білдіруге талпынуы да – назар аударуға тұрарлық нәтиже.
Орталық меңгерушісі Дамира Жолшанқызы да балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілетінін атап өтті.
– Балалардың ортаға бейімделгенін көру – біздің ең үлкен жетістігіміз. Орталықтың барлық бөлмелері тұрақты түрде кварцталып, ауасы залалсыздандырылып тұрады. Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі – басты назарда,- дейді ол.
Орталық қызметкерлері кәсіби біліктіліктерін де үнемі жетілдіріп отырады. Олар түрлі семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарына қатысып, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруде. Бұл өз кезегінде балалармен жұмыс істеудің тиімді жолдарын іздеуге, қызмет сапасын арттыруға және оңалту жұмыстарын заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Ерекше баланы тәрбиелеу ата-анадан үлкен төзімділікті, уақыт пен күш-жігерді талап етеді. Күнделікті күтім, емдік шаралар, баланың дамуына жағдай жасау және оның болашағына алаңдау – отбасы мүшелеріне оңай соқпайтын міндеттер. Сондықтан мұндай отбасыларға қоғам тарапынан түсіністік пен қолдау көрсетілуі керек.
Оңалту орталығының жұмысы ата-аналардың жауапкершілігін алмастыру емес, керісінше, олардың жүгін жеңілдетіп, бала дамуына қажетті қосымша мүмкіндіктер ұсынуымен құнды. Мамандар мен ата-аналар арасындағы өзара байланыс, ортақ мақсат пен сенім баланың жетістігіне оң әсер ететіні анық…

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close