Basty bet

Тіл – достықтың алтын көпірі

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі. Бұл – еліміздегі көпұлтты қоғамның бірлігін, тілдік әралуандылықты және мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындайтын ерекше күн. Тіл – халықтың баға жетпес байлығы. Ол ұлттар арасындағы татулық пен өзара түсіністікті нығайтып, адамдарды бірлікке үндейді. Ана тілі – ұрпақ тәрбиесінің негізі, ұлттық болмыстың өзегі әрі адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынастың алтын арқауы.
Қазақстан халқының тілдері күні – еліміздегі азаматтар достығының, өзара құрмет пен ынтымақтастықтың жарқын белгісі. Ал халықтар достығы, өзара түсіністік пен татулық – мемлекетіміздің тұрақты дамуының басты тірегі.
Осыған орай, аудандық орталық кітапханада Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Тіл – достықтың алтын көпірі» атты танымдық сағат өтті.
Шараға Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің оқушылары Қ.Манат, О.Манат, А.Ғали, Б.Ғали, №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның оқушылары І.Нышанбек, А.Аманғали, кітапханашылар және этнос өкілдері қатысты.
Танымдық сағат барысында оқырмандар тіл туралы өлең жолдарын оқып, ән шырқады. Сондай-ақ, этнос өкілдерінің қатысуымен түрлі танымдық ойындар ұйымдастырылып, қатысушылардың білімдері мен тапқырлықтары сыналды.
Шарада кітапханашы А.Тәліпбек «Тіл – ұлттың жаны, әр халықтың байлығы» атты кітап көрмесін таныстырып, көрмеге қойылған әдебиеттерге шолу жасады.
Шараны аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қайсар Асылбеков қорытындылап, белсенділік танытқан оқырмандарға алғыс білдіріп, сыйлықтар табыстады.
Жанерке Өмірбекова,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері

Таңдаулы материалдар

Close