Basty bet
Бала Тәрбиесі балабақшадан басталады
Мектепке дейінгі білім беру. Ол ұлт болашағы үшін маңызды қадамдардың бірі. Саналы ұрпақ тәрбиелеу ана құрсағынан кейін, балабақшада жалғасатыны анық. Жас ұрпақ болашақ тәрбиенің бастауын балабақшадан үйретіп, үлкен өмірге қадам басады. Ондағы балабақша тәрбиешілері, айналадағы достары, ортасы жас жеткіншектің тілінің дұрыс шығуына, физиологиялық дұрыс өсіп-жетілуіне жәрдемдеседі. Болашақ ұрпақтың тәрбиесі ең маңызды мәселе.
Осы орайда, ауыл халқына өзіндік көмегін, кәсібін ұсынып атқарған ісіне жауапкершілікпен қарап жүрген жанашыр азаматтың бірі – Әсет Есенаманов. Ол Көлбастау ауылының тумасы. Ол ауыл тұрғындарының қалауын жүзеге асырған жан. Тұрғындардың көптен бергі өз ауылымыздан балаларымызды апаратын балабақша ашылса екен деген тілектері бүгінде жүзеге асып отыр. Балабақша әзірге 50 балаға арналған.
Ол бүгінде осындай бастамасымен көпшіліктің ризашылығын алуда. Алдағы уақытта бала санын да арттыру жоспарлануда. Бастапқыда көпбалалы әке ретінде өз балаларын әртүрлі балабақшаға апара жүріп, неге өзіміз тұратын ауылда балабақша ашпасқа? Өзім секілді көпбалалы отбасыларына тиісті жағдай неге жасамасқа?- деген сұрақтардың жауабын іздей жүріп, өзіне мақсат қоя білді. Кейін бастамасы қолдау тауып, талапқа сай қажеттіліктермен қамтамасыз етілді.
«Кәсіп – түбі береке» деген нақыл сөз текке айтылмаса керек. Жұмысын жақсы көрген адам күнделікті қуанышты көңіл-күймен оянып, жұмысына асығады. Кәсіп адамның өмірлік мақсаттары мен іс-әрекеттерін нақтылай түседі. Қоғамда кәсіптің түрлері өте көп. Әрбір адам кем дегенде бір кәсіптің көзін тауып жүргізсе елдің, өзі тұратын өңірдің алға жылжуына себепші де болады.
Осылайша көптен күткен балабақша 2018 жылдан бастап елдің игілігіне, жас бүлдіршіндердің қажеттілігіне жарап келеді. «ASEM DOSTAR» ЖШС деп аталатын балабақшада бүгінде 12 маман еңбек етіп, бүлдіршіндерді тәрбиелеуде. Балабақша меңгерушісі Әсем Теміржанқызы, бухгалтер Әсел Жанатбекқызы, төрт тәрбиеші, екі аспаз, екі тәрбиешінің көмекшісі, бір бағбан, бір қарауыл балабақша жұмысының ілгерілеуіне атсалысуда. Бұл ғимаратты өз қаражатымен ашқан кәсіпкер азаматтың болашақта атқарамын деген жоспарлары өте көп.
Ауыл тұрғындарының қалауымен санаса отырып, бой көтерген балабақша екі қабатты ғимаратта орналасқан. Онда балаларға қажетті асхана, гимнастика залы, таэквандо, бассейн залдарын іске қосуды қолға алуда. Балабақшаға келуші жас бүлдіршіндерді үйіне апарып, әкелу мәселесі де оң шешілген. Бұл мекемеде аудан балабақшалары арасында жабдықтылығы, мамандардың біліктілігі жөнінде ІІ орын иеленген.
Өзінің балалық шағынан бері ауыл халқының жанына қажетті деген дүниені жасап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген ауыл азаматының бұл бастамасы көпке үлгі. Оның көптеген мақсаттары бүгінде орындалып отыр. Ол үшін адамға жақсы ниет, берік мақсат болуы тиіс деп есептейді кәсіпкер азамат.
Өз еліне ет жүрегі елжіреп, ақылымен немесе қабілетімен көмек көрсете алатын азаматтар қатары көп болсын!