Basty bet
Мылтықсыз майданның қайталанбас қаһарманы
Шындықты ақтарыла айту – қиынның қиыны.
Шерхан Мұртаза
Ұлт өмірі мен тарихында орны айрықша, мына жарық дүниеге екі туып, екі келмейтін тұлғалар болады. Ондай тұлғаларға дана халқымыз ұлттың ұлы перзенті деп айдар тағып, баға берген.
Шерағаң қашанда мылтықсыз майданда күн кешкен қаһарман. Ұлттың келешегі, қазақ тілінің талайлы тағдыры, ұлан-байтақтың болашағы үшін күрескен тау тұлға. Қаламгерлік ғұмыры таусылмайтын айқас, күрес майданына айналған абыз.
Әрбір азамат елімнің туын көтерсем, ел үмітін ақтасам, егемен елдің бір кірпіші боп қалансам дейді. Сол мақсатқа жету жолында кедергілер мен қиыншылықтар көп болады. Ал алдынан шыққан қиындықтарға қасқайып қарсы тұрып, діттеген мақсатына қол жеткізу бәріне бірдей бұйыра бермейді. Тіпті, арман-мақсатына қол жеткізе алмай қалатындар да болады. Шерағаң туралы айтсақ, ол – алдына қойған мақсатына жеткен азамат.
Қазақтың біртуар ұлы, белгілі қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы әңгіме-естеліктер мен эссе-новеллалар көп жазылған. Қазақ әдебиетімен қоса журналистикасында өшпес із қалдырған, тілі шұрайлы, ойы құнарлы жазушының ел есінде қалған қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Алтын бар жерде әзәзіл бар.
***
Шындық – ащы һәм ажарсыз.
***
Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды.
***
Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл.
***
Тура келген ажалға амал жоқ. Ал тежей тұруға болатын сәтте көпе-көрнеу қол ұшын бермеу – нағыз тасқұдайлық.
***
Рухани азып-тозу – өліммен тең.
***
Тәуелсіздіктің жолы – қатты, дәмі – тәтті.
***
Әскерге мылтықтан бұрын, тәртіп пен иман үйрету керек.
***
Айтса, дуалы ауыз айтсын.
***
Шындықты ақтарыла айту – қиынның қиыны.
***
Мәдениеттің мәйегі – кітап.
***
Заң дегеніміз – ноқта.
***
Ауыл кетсе, ұлттың ұйытқысы кетеді.
***
Көркем әдебиет – ауыр артиллерия болса, публицистика – жеңіл кавалерия.
***
Ақиқат адал айтыстан туады.
***
Бір адамның рухсыз болуы – сор, ал тұтас ұлттың рухынан айырылуы – қасірет!
***
Мойныңа қарыз қарғыбауын тағып алғаннан артық ауыр нәрсе жоқ.
***
Пейілі жаманды құдай табады.
С.Рамазанова,
Қазақстан Республикасының
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің
(Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы қызмет)
Астана қаласы бойынша департаменті