Basty bet

Уақыт – баға жетпес байлық!

Ұлы ақын, хакім Абайдың:
«Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек – ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек», – дегені бар. Адамзат баласына шектеулі ғұмыр берілген, сол үшін де өмірдегі әр сәтіңді тиімді пайдалана білген жөн.
Сіздің өмірді өзгертетін 86 400 сәт бар. Бұл уақыт ә дегенде тым көп секілді көрінері хақ. Ал біз ше, сәл болмашыға сол алтын уақытты сарп етеміз. Бақсақ, өкінерлік жәйт.
Қалтафонды алып, әлеуметтік желідегі жаңалықтарды қарай бастайсыз, айналасы бес минут қана қараған секілдісіз, шынтуайтында, бір сағат уақытыңызды жоғалтып алғаныңызды аңғармай да қаласыз.
«Парасаты жеңсе адам – періштеден де жоғары, нәпсісі жеңсе – хайуаннан да төмен дәрежеге түседі» деген имани сөзге терең үңілсек, адам боп дүниеге келген соң, адамша ғұмыр кешпек ләзім. Әр сәтін тиімді пайдалана білген жан ғана парасат иесіне айналады.
Уақытты тиімді пайдалану жөнінде бір мысал келтіре кетсем, артық болмас. Қытай қазағы Бейжің медицина академиясын тамамдап, жапон елінің астанасы Токио қаласына өз саласының магистратурасына оқуға барады. Қытай тілін білген білімді азамат жапон тілін де игереді. Бірге оқитын жапон жігіті екеуі достасады. Жаңа дос қазақты үйіне қонаққа шақырып, тіпті бір күні тойға да ертіп барады.
Той дәл белгіленген уақыттан бір минут та кешікпей басталады. Тойға бары 60 кісі жиналып, қуаныш небәрі 40 минутта тамамдалады. Дастарқандағы мәзір ішіп-желінеді, сөз сөйленіп, ән шырқалып, би биленеді. Бірақ бәрі де шектеулі, үйлену тойы межелі уақытында толық тамамдалып, екі дос көңілқош жағдайда үйге оралады. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп дана халқымыз бекер айтпаған.
Саққұлақ бидің: «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қолдаушысы – мінез, сынаушысы халық болсын», – дегені бар. Баға жетпес уақыттың қадіріне жете бермейміз.
Кездесуге, не қонаққа барғанда, қанша уақыт болатыныңызды алдын ала ескертіп қойған жөн. Мысалы: «Сізбен кездесуге 30 минут қана уақытым бар, сондықтан сағат 17-00-де кездесуімізді аяқтауға мәжбүр боламыз» деген сияқты алдын ала ескертсеңіз, кездесетін кісі де дәл уақытында кешікпей келеді. Әрі жоспарлы уақыттан асырмас үшін бірден нақты мәселеге көшетін болады.
«Мейлі, кейін істермін…», «Бұны жасағым келмей тұр, басқа жолы істерміз» деген ой Сізді шыға алмайтын ұйыққа тартып әкетіп, одан қайтып шығу қиынға түседі. «Бүгінгі істі ертеңге қалдырғаның – жалқаулыққа аяқты шалдырғаның»-ның кері болады.
Әр атар таңыңды мұқият жоспарла. Не істейсің, қашан істейсің, қанша уақыт алатынын есепте. Бір күннің шағын жоспарын дәлдікпен жоспарласаң, қолда бар уақытты ысырапсыз жұмсауға септеседі. «Болады-ау!» деген нәтижеден артық табысқа жетесің.
Алла Сізге берген теңдессіз сый – уақытыңды толыққанды дұрыс жолға жұмса. Өміріңде сәл де болса сәтті ететін, бұрын істемеген, ерекше бірнәрсе жаса, батыл қадам жаса. Өзіңе керек болса да, жасауға қорқып келген дүниені жаса. Ескі арманды жүзеге асыруға тырыс. Кім біледі, ертең ештеңе істей алмайтын күн туады. Алла жаратқан пенденің уақыты шектеулі, уақытыңды, өміріңді қадірле.
«Ұйқы – мырза, ерте жатып, кеш тұрсаң, болады ырза» деген қанатты сөз бар. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық». Сондықтан ісінің игілігін көргендерді ғана табысқа жетті деуіміз керек. Ұзақ өмір мұрат емес, мәңгі өмір сүру – мұрат.
Жер бетіндегі адамның уақыты шектеулі. Мұны мойындау оңай емес, десе де бұл – шындық. Осыны дұрыс түсінген жан ғана өмірді, уақытты қадірлей біледі. Сондықтан да өмірдегі бір сәтіңді де зая кетірмеуге тырысу керек. Өміріңнің мәні бар, мақсаты бар. Толық әлеуетіңді ашу үшін қолға түсер мүмкіндіктің бәрін пайдаланған дұрыс.
Өмір деген аққан дария сияқты, бір орнында тұрмақ емес. Cондықтан да тағы да сол ұлы хакім Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деген ұлағатын өмірлік кредомыз ретінде ұстансақ игі.
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз сақинасына: «Бәрі өткінші, бұл өмір де өтеді» деген қанатты сөз жазылған. Ал журналистика мен әдебиеттің білгірі, ғұлама ғалым Зейнолла Қабдолов: «Жан біткен жер үстінде жалғыз дүркін тіршілік етпек; ал осынау бір-ақ рет берілер өмірде адам бола білуден асқан бақыт бар ма?!» деп жазады.
«Денсаулығың, хал-ахуалың бар кезінде Тәңірді танып, қиыншылыққа тап болған кезіңде, оған жалбарынып жүр, ол да сені таниды» деген хадис бар. «Денсаулық – зор байлық» деген сөз де осыған байланысты айтылса керек. Алтыннан да қымбат уақытты бағалайық!
Айлин ҚАЙЫПБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
журналистика мамандығының
3-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close