Basty bet

«Ой түбіне жете алмай титықтасам, Қолыма қайшы алып, ою оям…»

Батыр Баукеңнің қолынан шыққан қолөнер туындылары хақында

Ерлігімен аты аңызға айналып, әскери жазушылық қырымен, әсерлі шығармаларымен артында өшпес мол мұра қалдырған тарихтағы ұлы тұлғаларымыздың бірі даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы екені дау тудырмайды. Батырдың даналық дарынымен, Ұлы Отан соғысында қайтпас қайсар қасиетімен қалың қолды бастап, жаудың бетін қайтарған батырлығынан бөлек, он саусағынан өнер тамған сан қырлы талантты өнер иесі екендігін бүгінде біреу білсе, біреу білмес.
Бүгінде халқымыздың мәдениетті мекені мен тәу етер киелі кешеніне айналған Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейі қазақтың бағына біткен айбарлы жүрек иесі Бауыржан Батырдың тарихи тұлғасы мен өнегелі ерлігін, мәдениетке қатысты ерекшеліктерін зерттеп, оны сақтап өскелең ұрпаққа жеткізу жолында жұмыстар атқарып келеді. Бабадан қалған мол мұраға теңелген, көненің көзі болған асылдың сынығындай тарих қойнауынан жеткен жәдігерлермен бірге, батырдың шебер қолынан шыққан төл туындылары музей төрінен орын алып, баға жетпес асыл құндылықтарымызға айналып отыр.
Үш жасында анасынан жетім қалған Бауыржан есейіп ер жеткенше ата-әжесінен анасы Рәзия апамыз жайында түрлі қыз балаға тән болмыс-бітімді, мінсіз мінезді, нәрлі сөзді, терең ой секілді қадір тұтқан қасиеттеріне құлақ құрышын қандырғаны белгілі. Әсіресе, әжесінің әсерлі сипаттаған сөздерімен таң атырып, кеш батырып қаныға зейін қойып, анасының кең пейілді жүрегімен қатар, жанашырлық жан шуағын елестетіп ақ дидарын аңсап жүрді. Сонымен қоса, бала Бауыржан зергерлік бұйымдар жасау арқылы елге танылған әкесінің өнегелі өнерімен сусындап, қаннан дарыған қасиетпен 13 жасында ата-әжесінен сұрай отырып, анасының қиялдағы бет-бейнесін қаламмен қағаз бетіне түсірген, тіпті өзін айнадан қарап отырып салған суреттері де бар.
Бауыржанның қылқаламмен кескіндеген туындыларын кәсіби суретшілерден кем түспейтін, асқан ыждаһаттылықпен, риясыз сүйіспеншілікпен, толғаныстан шыққан құнды дүниелер деуге болады. Суретке назар салсаңыз, асыл ананы ардақтай білген батыр, балалық ақ көңілмен сезімнің жалынды сырын ұштастырып, ананың аялы алақанын сезінуге асық болғанын анық аңғаруға болады. Ана ажарын келістіріп кескіндеген балада қандай арман бар дейсің?!
Тұғырлы тұлға Батыр Баукеңнің сегіз қырлылығының тағы бір дәлелі, табиғи құбылыстарды байланыстыратын, көк пен жерді жалғайтын, адамға ой салатын, түрлі ойлы ою-өрнектерді ойған ептілік өнері десек, қателесе қоймаспыз. Музейдің көз тартар құнды жәдігеріне айналып үлгерген бұл оюлар келушілер тарапынан да аса бір қызығушылыққа ие болып отыр. Қыр асқан қиялымен шексіз шебер болған Баукең өз шығармасында:
«Өткенді еске алып, ойға толам,
Сұрыптап тезге салып, көп ойланам.
Ой түбіне жете алмай титықтасам,
Қолыма қайшы алып, ою оям»,- деп толғана отырып айтқан.
Сонда терең ойға шомып, ой түбіне жете алмай қиялы қыр кезген уақытта, сол ойды тоқтату үшін қолына қайшы алып немересі Ержанға темекінің жылтыр қағаздарынан түрлі оюлар ойып береді екен, тіпті оны қолына біз алып кестелеп те шыққан.
Баукең дүниеден озған соң, осындай қайталанбас ою-өрнектерді келіні Зейнеп Ахметова ою танитын жандарға көрсеткен кезде, ерекше өнерді байқағандар оған жеті қат жер астында жатқан тіршіліктің тарихын баяндайтын таптырмас туынды деп баға берген көрінеді.
Баукеңнің қолынан шыққан оюлар- бір-біріне ұқсамайтын өзіндік қыр-сыры қалыптасқан қолөнер туындылары. Жетпіске жуық оюдың әрқайсысында айы мен күні жазылған, Батырдың өз қолының іздері тұр. Осындай өнер биігінде түрлі қасиетке ие болған Бауыржанның жолын Жаратқанның өзі жарық еткен.
«Жорытқан жолбарыстай отты күннен, артымда өшпейтұғын қалды ізім» деп жырлаған Батырдың жалпы өмір тарихында, ерлік жолынан бөлек, әлі де ашылмаған мәлім де беймәлім сырлары бізге аманат болып қала бермек…

Нұрлыхан НҰРЖАУБЕКОВ,
Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері.
Қайрат ауылы

Таңдаулы материалдар

Close